Өнегелі өмір

Шәуел апаның жаңа кітабы

Өткен аптада О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада қазыналы қарт, екі ғасырдың тірі куәгері, ақын Шәуел Шұғанқызының «Өмір-өлең» атты кітабының тұсауы кесілді. Алаштың асыл өнері саналатын айтысқа жасынан араласып, талай тарланмен сөз қағыстырған ақын апамыз өзінің өмір жолынан сыр шертіп, естелік айтты.

Шәуел Шұғанқызы 1942 жылы 23 желтоқсанда Қытайдың  Шыңжаң өлкесі, Алтай аймағы, Шіңгіл ауданына қарасты Шағанғол ауылында дүниеге келіпті. Балалық, жастық шағында  жетімдік пен жоқшылықты көп көреді. Қиындықпен жағаласып жүріп, жеті кластық мектепті бітіріп, жұмыс істейді. Кейін әлдекімдердің теперішінен одан шығып қалыпты.

Жастайынан ел ішіндегі жиын-тойларда өлең айтып, айтысып жүрген Шәуел Шұғанқызы 1983 жылы Үшкөл жайлауында өткен аудандық айтыста көзге түсіп, жүлделі орын алып, ел алқауына бөленеді. Одан кейін Көкебұлақ жайлауында өткен аймақтық жыр аламанында топ жарып, жүлделі үшінші орын иеленеді. Сөйтіп, айтыс сахнасындағы өз орнын алады.

Кейін атажұртқа оралып, Жарма ауданының Жаңаөзен ауылына қоныс тебеді. Өмірін өнерімен өрнектеген ана бұл күнде сексеннің сеңгіріне шығып, ауылдың ұйытқысы мен берекесіне айналып отыр.  Алтын алқа иегері, ардақты әже. 2019 жылы Алланың қалауымен қажылыққа барып келді.

Кітаптың тұсаукесерінде айтыскер ақын, облыстық, республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Қуаныш Еркінұлы:

«Шәуел апа тойыңыз құтты болсын!

Сексенде де жүрегінен жыр кетпеген.

Өлеңменен өрнектеп сәлем бердім,

Құрметті апамызға құрметпенен.

Елім деп ет жүрегі елеңдеген

Қаламы қара өлеңге бөгелмеген,

Шәуел апа кітабыңыз құтты болсын,

Ақындық өлшенбейді көлемменен…» – деп жырдан шашу шашты.

Кітаптың бірінші бөліміне автордың айтыстары енсе, екінші бөлімі өлеңдеріне арналыпты.

«Айтыс, өлеңдерімді еске түсіріп отырып өзім де қаншама адамды ойыма алдым. Қазақстанға келгелі туған елдегі жастайымыздан бірге жүрген дос-құрбы, жақындарымды сағынып, сарғайдым. Олар да бізді ойлаумен жүрген болар. Осы кітапшам солардың қолына түссе, олар да бір сарығын басар дүние болар, кім біледі…

Тағы да қайталап айта кетейін, айтыс, өлеңдерімнің біразы ұмыт болыпты. Жадымда барының өзінің кейбір жерлері бұлыңғыр тартыпты. Сондай жерлерін ретіне қарай кішкене «жамап-жасқап» бас-аяғын тұжырған болдым» деп жазады Шәуел апа өзінің кітабында.

Залда жиылған қауымға Шәуел апа құдай қолдап, 90 жасқа толғанда тағы бір кітабын шығаруға уәде берді.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button