ТОП

Шәмшінің әндерін қосыла шырқады

 Катонқарағай және Үлкен Нарын ауылдарының Мәдениет үйінде облыстық жастар театрының әртістері қазақ вальсінің королі, аты аңызға айналған композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Өмір-өзен» атты музыкалық қойылымын қойып, көрермендерге естен кетпес кеш сыйлады.

Музыкалық қойылым Шәмшінің балалық  кезін сахналаудан басталады. Мұнда болашақ композитор атақты Ақан серінің рухымен қауышып, әйгілі бабасының ақ батасын алады. Бұдан кейінгі эпизодтарда Шәмшінің бозбала шағы, алғашқы ғашығы Нәзипаның ауруға шалдығып, өмірден қайтуы, әскерге аттануы, Ташкенттегі музыкалық училищеге түсуі, атақты әнші Жамал Омаровамен таныстығы, композитор ретінде елге танылуы, Алматыдағы зиялы қауым ортасымен танысуы, халыққа сүйікті болған әндерінің жазылуы сияқты өмірінің жарқын сәттері көрерменге көрсетілді. Шәмшіні ойнаған театр актері Жантай Тұрысбеков әйгілі композитордың сахналық бейнесін әдемі сомдап шықты.

Шәмші ағамыздың  “Қайықта”, “Ақ бантик”, “Ақмаңдайлым”, “Менің Қазақстаным”, ” Сыған серенадасы” ,”Ана туралы жыр”, “Өмір-өзен”  секілді халық жүрегінен орын тапқан сүйікті әндерін көрермен қауым әртістермен қосыла шырқады.

– Репертуарымда азды-көпті 30 шақты рөлім бар. Бірақ  бұл Шәмші атамыздың рөлі мен үшін шоқтығы биік, – дейді актер Жантай Тұрысбеков.

Қойылым аяқталған соң аудан басшылығы мен тұрғындары атынан театр ұжымына аудан әкімінің орынбасары Динара Қожанова ризашылығын айтып, алдағы шығармашылық жолдарына толайым табыс тілеп, аудан әкімі Ділдар Қалиқанның алғыс хаты мен естелік сыйлығын тарту етті.

– Шәмші Қалдаяқов атамыз туралы бұл қойылымды шығармастан бұрын біз мұражай мен кітапханалардан, архивтерден көп ақпарат іздеп тауып, композитордың көзі тірісінде берген сұхбаттарын көріп,  басқа да  ақпарат көздерінен мағлұмат жинадық. Барған жеріміздің барлығында да  көрермендер бізді жақсы қабылдап жатыр.

Алдағы уақытта «АЛЖИР» деген тарихи драмалық қойылымды шығарғалы отырмыз. Ол сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған зиялы қауым өкілдерінің әйелдерінің трагедиялық өміріне арналмақ, – дейді облыстық жастар театрының қоюшы режиссері, актер  Абай Дәулетұлы.

Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button