Шәкіртақы + 25%

Бүгін Медициналық білім алып жатқан студенттерді бір қуантайық деп шештік. Онсыз да жылдар бойы білім алатын болашақ мамандық иелері бар жақсыға лайық. Не дегенмен адам өмірін өлімнен арашалап қалатын осы бүгінгі студенттер. Солай емес пе? Ендеше, медицина мамандығында оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы өседі.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Медицина қызметкерлерінің біліктілігін халықаралық стандарттарға сәйкес деңгейге жеткізу үшін келесі іс-шаралар жоспарланған: білім беру қызметтерінің құнын қалыптастырудың жаңа әдістемесін енгізу, мемлекеттік білім беру гранттарын 40 пайызға ұлғайту, медициналық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушы құрамының біліктілігін арттыру, медицина ЖОО-лары студенттерінің шәкіртақысын 25 пайызға көтеру», – деді Алексей Цой Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Сонымен қатар министр PhD докторларын дайындаудың жаңа бағдарламасын әзірлеп, енгізу, мейірбике қызметі қызметкерлерін мамандандыру қолға алынатындығын айтты.
«Отандық ғылымды дамыту үшін Open Access биомедициналық зерттеулер тізімін іске қосуды және «бірыңғай терезе» арқылы клиникалық зерттеулер жөніндегі үйлестіру орталығын құруды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Балауса Мэлсқызы
Сурет: ашықдереккөздерден