Шабындыққа шалғы түсті
Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы.
Шілденің ашық та құрғақ күндері мал азығын дайындауға аса қолайлы болып тұр. Соған орай аудан көлеміндегі шаруа атаулы осы мезгілді тиімді пайдаланып, пішенді барынша мол жинап алуға ұмтылыс жасауда.
Әзірше екпе шөп пен жоңышқа әзірлеуге күш салған қауым бұл шаруаны ыңғайлап та қалған сыңайлы. Олар табиғи шабындықтарға шалғы салуға тамыз айының басын ала кірісуді межелеп отыр.
– Біздің ауданға облыс беріп отырған жоспардың көлемі айтарлықтай, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Қарағызов. – Бұл жоспарға сай біз биыл 198,6 мың тонна пішен, 6000 тонна сабан, 5000 тонна көлемінде құнарлы азық даярлауға міндеттіміз. Өткен жылы шөптің шығымы нашарлау болса да, жоспар толық орындалған болатын. Ал биыл шөп бойлап өсіп, бабында тұр, көп ұзамай жаппай шалғы сала бастаймыз.
Қуанған Сәйпішұлының айтуынша, 2022 жылы аудандағы екпе шөптің көлемі 21 886 гектарды құрап отырған көрінеді. Оның ішінде біржылдық екпе шөп көлемі – 7926 гектар. Өткен жылғы екпе шөп көлемі 12 992 гектарды құраған болса, биыл оған қосымша 968 гектар жерге екпе шөп тұқымы себілді. 2022-2023 жылдардағы мал қыстату науқанына жемшөп әзірлеу үшін өткен жылы себілген көпжылдық екпе шөбі бар шаруалар бұл жауапты шараға белсенділікпен кірісіп, екпе шөп пен жоңышқа алқаптарынан 29 мың тонна мал азығын дайындап үлгерді. Шөп шабу науқанының негізгі бөлігі алда, оған ауыл жұрты көп ұзамай бел шеше кіріскелі отыр.
– Нақтылы болжамдарға жүгінер болсақ, биылғы жылы шөптен тапшылық көре қоймайтын сияқтымыз, – дейді осы науқанға жауапты саланың басшысы.