
Катонқарағай ауданында малдың қысқы азығын дайындау жұмыстары қызу жүргізілуде.
Ауыл-аймақ халқының жаз мезгіліндегі басты міндеттерінің бірі – малдың қысқы жемшөбін дайындау екені бесенеден белгілі. Катонқарағайлық шаруалар үшін алдағы қыс маусымында 185 мыңнан астам бас ірі қараны, қой мен ешкіні, жылқыны, марал мен 74,2 мың құсты қыстан аман-есен алып шығу мақсаты тұр. Ал қыстаманы ойдағыдай өткізу үшін шаруашылықтарға 166,5 мың тонна шөп, 7 мың тонна пішендеме, 33,3 мың тонна сабан, 10,6 мың тонна сүрлем және 31,5 мың концентратталған жем дайындау қажет.
Бүгінгі күні ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарында былтырғы қыстақтан қалған ауыспалы қордың мөлшері 310 тонна шөп. Сондай-ақ биыл Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Большенарым орман шаруашылығының жерлерінен 175 жеке тұлғаға 253,6 гектар шабындық және 160 жеке тұлғаға 15,2 мың гектар жайылымдық жер бөлінген.
Қазіргі уақытта ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары шөп және пішендеме дайындау жұмыстарына кірісіп кетті.