Шабындыққа жаппай шалғы түсті
Биыл жаз жаңбырлы. Сондықтан қыстың қамын жазда ойлайтын малшы қауым әрбір ашық күнді мейлінше тиімді пайдалануды ойлап жүр. Ал шалабайлықтар шөптің қалың шыққанын ескеріп, малдың қыстық азығын артығымен алуға бекініпті.
Жалпы, облыс бойынша биылғы қыстамаға 2059 мың тонна шөп, 81 мың тонна пішендеме, 217 мың тонна сүрлем дайындау қажет. Оған биыл шөп өнімі мүмкіндік беріп тұр. Тек уақытты тиімді пайдаланса болғаны.
-Шөп шабу науқаны облысымызда 15 шілдеден басталған. Бүгінде жоспарланған шөптің 25 пайызы үйілген. Сондай-ақ, 51,7 мың тонна пішендеме алынған. Жауын-шашының молдығы науқанға өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Облыс шаруалары орта есеппен аптасына 215 мың тонна шөп, 9,3 мың тонна пішендеме жинауда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков.
Қазақтың ақбас сиырына құт мекен болған Шалабай жерінің халқы да қысқа дайындықты ертеден бастап кетіпті. Бір ғана «Шалабай» ЖШС-нің меншігінде бүгінде үш мыңға жуық ірі қара бар. Ақбас сиырдың саны бойынша Қазақстан көлемінде көшбасшы саналатын шаруашылық кейінгі уақытта герефорд, ангус нәсіліне де бет бұрған. Серіктестік директорының мал шаруашылығын дамыту жөніндегі орынбасары Олжас Ибрагимов шетелдік нәсілдерді негізінен мал тұқымын түрлендіру үшін тәжірибелік мақсатта алғандарын айтады.
Атағы жер жарған мақтаулы ангусты қазақтың асыл тұқымды сиырымен іштей салыстырып жүреді малшылар. Күтімі жарасса тоннадан астам салмақ жинайтын мәрмәр етті шетелдік нәсіл өз бетімен тіршілік етуге барынша икемсіз екен. Қыстың көзі қырауда қараусыз қалдырсаң, ангусыңыз мөңіреп белгі берместен аштан қатуы ғажап емес дейді. Еуропалық фермерлер мал күткен осы екен деп жануарды табиғи инстинктің бәрінен айырып тастаса керек, бұзаулаған ангус өз төлін жалап аяқтандырмақ түгілі, пысқырып та қарамайтын күйге жеткен. Ал қазақи ақбас сиырды жарты күн аш қалдырып көріңіз, әуелі маңайды басына көтеріп азынасын. Одан болмаса есікті қиратып шықсын да, өз бетімен азық іздеп кетсін. Текті жануардың ұрпақ өрбітуге деген құштарлығы да ересен. Жанында бақташы жүргеннің өзінде табын болып төлдерді қаумалай жайылады. Шүйгінді алқапқа түсіп, шабыты ашыла жайылғанның өзінде ересектері өзара кезектесіп төлдерді қарауылдайтыны тіптен ғажап. Қыстың қытымырына төзімді ақбас сиырдың бұл ерекшеліктері бәрінен де бақташыларға ыңғайлы-ақ. Мөртастың қорымды даласын кесіп өтіп кезекті табынның үстінен түскенімізде бақташысын таппай қалдық. Мұнда мал жаюдың өзіне ғылыми негізде көңіл бөлінген. Жайылымда орта есеппен әр басқа 7-8 гектар жайылым алқап қажет екен. Осы мөлшерлеменің негізінде 2795 бас ірі қара бірнеше табынға бөлініп бағылады. Біз жолыққан табынның бақташысы малға чип тағушыларға көмектесуге кетіпті. «Шалабай» ЖШС аталмыш инновацияны меңгергелі де көп бола қоймаған. Арнайы шприцтің көмегімен ет пен терінің арасына жасырылатын иненің жасуындай ғана зат қолданыстағы сырғалардың қызметін асыра орындайды деуге болады. Чипі бар малдың жонынан арнайы құрылғымен сүйкеп қалсаңыз болғаны, оның жасынан бастап түсіне дейінгі барлық ақпаратты түзіп шығады. Бұл жоғалған малдың түсін түстеуге де, көлеңкелі айырбастың жолын кесуге өте қолайлы тәсіл екенін айтады Олжас Ибрагимов. Осы процесті тиімді ұйымдастыру үшін арнайы кешен-қаша сатып алынған екен. Кешеннің арқасында 4-5 адам бір табын сиырға екі сағаттың ішінде чип орнатып үлгереді.
Мұнша малдың қысқы азығын қамтамасыз ету үшін қожалық жұмысшылары 2000 тоннадан астам шөп дайындауы қажет. Оның сыртында дәл осындай мөлшерде қатқыл жем де әзірлеу жоспарланған. Биыл шалабайлықтар қатқыл жемнің түр-түріне тәжірибе жасап көрмекші. Ондағы мақсат – еттің сапасын арттыру. Бүгінгі таңда әлем бойынша мәрмәр ет брендке айналғандықтан дәстүрлі жемдеу әдісіне түзету енгізу қажеттігі туындап отыр. Осы мақсатта серіктестік 114 гектар алқапқа тритикале көктігін, 40 гектарға арпа көктігін, 115 гектарға судан көктігін, 160 гектарға жүгері, 115 гектарға рапс егіпті.
Күн шығысымен өзіне де, астындағы техникаға да маза бермей, жемдік дақылды көктей орып жүрген Острековка алқабындағы шөпшілермен сөйлесудің сәті түсті. Күніне 20-25 гектар алқаптың шөбін оратын «Дон» комбайнының тізгінін ұстаған Олег Кузнецов, орылған жемді комбайннан қотарып алып қоймаға таситын КамАЗ жүргізушілері Серікбай Жамантаев пен Виктор Мартынов, үйілген жемді сүрлемге баттаушы тракторшылар Ерболат Құсманов пен Арман Айтбаев өз міндеттерін мүлтіксіз орындап жүр. Виктор Мартынов бұл өлкеге Екібастұз жерінен осыдан жеті жыл бұрын көшіп келген екен. Техниканың тілін бір адамдай білгенімен, бірнеше қожалықтың басын шалғанымен, ешбірінде тұрақтап қала алмапты.
-«Шалабайға» кіргелі тұрмысым да тұрақтанды. Қожалық басыма баспана берді. Айына 690 мың теңге айлық төлейді. Жұмыс күндері үш уақыт тегін тамақ беріледі. Бір сөзбен айтқанда, жұмысым өзіме жайлы, – дейді ол. Әріптесінің сөзін растаған өзге жұмысшылар серіктестік қызметкерлеріне шөп пен көмір жарты бағамен берілетінін айтады.
Шөпшілердің бір жасағы теміржолдың бойында білек сыбанып іске кіріскен екен. Нұрболат Құсманов басқаратын жасақта Талғат Қыстаубаев, Дәулет Уәлиев, Саябек Қасенов бастаған топ еңбек етуде.
Осы еңбекшілердің арасынан «Шалабай» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихат депутаты Қуаныш Сүлейменовтің өз ұлдарын кездестіріп сүйіндік. Бірі малға чип орнатушыларға көмектессе, бірі қораның маңындағы қоқысты үйіп жүр. Үлкен ұлы Төлеуберген еліміздің кез келген оқу орнын таңдауына мүмкіндігі бола тұрып, аграрлық салаға бет бұрыпты.
-Әкемнің шаруасына бір жағынан демеу болу үшін осы салада жоғары білім алу қажет деп таптым. Биыл бірінші курсты тмамдадым. Оқу орнында алған білімімді осында тәжірибемен ұштастырып жүрмін. Жалпы, әкеміз бізді бала кезімізден еңбекке араластырып, жұмысшылармен бірге жұмсап үйреткен. Сондықтан жұмысшылардың еңбегін, бүгінгі бақуатты тірліктің қадірін жете түсінеміз, – дейді ол.
Шаруасы шалқыған Шалабайдың қысқа дайындығы осылай жүріп жатыр. Шөптің басы піскенімен, әзірге өңір шаруаларының көсіліп еңбектенуіне ауа райы мұрсат берер емес. Олар үшін жаздың әрбір ашық күні қыстың бірнеше күніне кепіл болмақ.
Есімжан Нақтыбайұлы
Жарма ауданы