Шабандоз қыз
Жанель Мирасқызы Сауменова – шабандоз қыз. Ол кедергілерден атпен қарғып өтеді(конкур), жерден еңкейіп теңге іледі және ат үстіне түрегеп тұрып шаба береді…
– Мен төртінші сыныпта оқимын. Атқа төрт жасымнан бастап өздігіммен мінемін. Мамам бір жасымнан бастап атқа жақын ұстаған. Бірнеше трюк істей аламын. Бәйгелер мен конкурларда көптеген жүлде алдым. Енді биыл жамбы атуды үйренбекшімін, – дейді ол.
Жанель бұл спортқа қалай келгенін айтып берді.
– Кәсіби гимнастикамен айналыстым. Бірақ ат спорты қатты ұнады. Атқа жаным жақын екен. Өйткені менің мамам осы спортпен айналысады. Өзінің «Ден» деп аталатын ат клубы бар. Осы Өскеменде орналасқан. Ол өзі менің жаттықтырушым, – дейді Жанель.
Шабандоз қыз жуықта ғана белгілі циркші Мұрат Мұтырғанов ұйымдастырған онлайн байқауда екінші орын алды. Мұрат Мұтырғанов алдағы уақытта финалдық кезеңді Алматыда ұйымдастырмақшы, соған шықырып отыр.
– Маған цирк өте ұнады. Өнер көрсетіп көрдім. Болашақта көшпенді каскадерлер қатарына қосылып, фильмдерге түскім келеді. Атпен бірге ең қиын трюктерді істеймін, – дейді талантты жас.
Біз оның жаттықтырушысы әрі анасынан ат спорты балаға қаншалықты пайдалы екенін сұрадық.
– Атқа қызығатын адамдар көп. Балаларын бір жасынан бастап маған алып келеді. Ат адамның денсаулығына өте пайдалы. Бұл деген – иппотерапия. Мен атқа мінгізген балалардың денсаулығында ешқашан проблема болып көрген емес. Балалардың омыртқасы ауырмайды, бойын қашан да түзу ұстайды, – дейді Александра Ден.
Біз газетімізде «Ел ішіндегі ерекше бала» атты жаңа айдар бастаймыз. Онда бойындағы ерекшелігімен жұртты таңғалдырған жерлестерімізді халыққа кеңінен таныстыруды мақсат еттік. «Сегіз қырлы, бір сырлы» танысыңыз болса, WhatsApp номерімізге жазыңыз: 8-778-341-09-66.
Тасқын Болатұлы