Қоғам

Шабақтарды көлге жіберді

Күршімдегі уылдырық шашу-балық өсіру шаруашылығында қауырт кезең басталды. Шаруашылық ұжымы жұдырықтай жұмылып, уылдырықтан өсірген, жаз бойы аялап, баптаған шабақтарын Зайсан көліне жіберуге кірісуде.

Оған осы шаруашылықтың қызметкерлері мен жұмысшылары, аудандық балық қорғау инспекциясының өкілдері тегіс атсалысуда. Бұл жауапты науқанға басшылық етіп, бақылау жасау үшін Өскеменнен «Облысаралық Зайсан-Ертіс балық шаруашылығы инспекциясындағы» балық шаруашылығы бөлімінің басшысы  Фархат Байбазаров пен «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Алтай бөлімшесінің кешенді балық шаруашылығы зертханасының» меңгерушісі Айбек Қасымханов арнайы келген болатын.

Бұл жұмыс бұрын араласпаған адамға шынымен тосындау екен. Әйтпесе, ұсақ шабақты мал санағандай етіп түгендеп, бойы мен салмағын өлшегенді тұңғыш көруіміз. Айбек Махамбетұлы күні бұрын тоғандардан сүзіп әкеліп, арнайы торға «қамап» қойған шабақтарды бір-бірлеп сызғышпен бойын өлшеп, таразыға салып, салмағын шығара бастады. Мемлекеттік тапсырыс бойынша көлге жіберілетін шабақтардың орташа салмағы 20 грамнан кем болмауы тиіс екен. Шабақтардың арасында ондайлары да, тіпті 96 грамға дейін тартатын  ірілері де бар болып шықты. Бұдан кейін мамандар шелекті толтыра жеткізілген шабақтарды бір-бірлеп санап, олардың жалпы санын есептеуге кірісті.

– Биылғы тендерді Сымбат Әнуарбеков басқаратын Мальковое ауылындағы шаруашылық ұтып алып, осы мақсатқа деп әдейі бөлінген 15 млн. теңгені иеленген болатын, – деп түсіндірді бүгінгі шараны Ф.Байбазаров. – Енді, міне, олар көлге балық шабақтарын жіберуді өз мойындарына алып, сол жұмысқа күш салып жатыр. Шаруашылық Зайсан көліне 500 мың шабақ жіберіп, жоспарды толығымен орындамақ. Мына тірі балық тасуға арналып, жабдықталған «Камаз» көлігі бір барғанда 100 мың шабақ жеткізуге тиіс. Осы сазанның шабақтары Зайсан көлінің Жолнұсқау ауылы маңындағы арнайы даярланған шығанаққа жіберілетін болады. Карп балығы қолдан өсіріліп, жаңадан шығарылған тұқым болғандықтан, оның өз бетінше тіршілік жасауға қабілеті шамалы. Ал сазан табиғаттың төл перзенті ретінде төзімді әрі өсімтал және ол көл суына тез бейімделіп, шапшаң жетіліп кетеді. Бүгінгі жіберіп жатқан шабақтарымыздың барлығы көктемде Алакөлден әдейілеп сатып әкелініп, уылдырығын осындағы тоғандарға шашқан сазан балығының тұқымдары. Мамырды орталап барып шашылған уылдырықтан өрбіген шабақтарды осы жазғы шабақ, орыс тілінде «сеголетка» деп атайды. Алты ай ішінде  тоғандарда күтімде болып, жемделіп, кәдімгі балыққа айналған шабақтардың көл суына тез бейімделіп, шапшаң өсіп кететініне сенімдіміз.

Осыдан соң рұқсат етілген шамада тірі шабақтар тиелген «Камаз» көлігі Жолнұсқауды бетке алып, жүріп кетті. Олар аман-есен жетіп, шабақтарды Зайсан көлінің айдынына асықпай төгіп, олардың өз беттерімен жүзіп кеткендеріне көз жеткізіп қайтты. Балық саласының мамандары алдағы төрт-бес күннің ішінде жоспарды ойдағыдай орындап, тоғанда өсірілген сазанның шабақтарын «сәт сапар» деп шалқар айдынға шығынсыз аттандыруды межелеп отыр.

Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button