Шаһарда жаңа өндірістер шоғыры көбеймек
Алдағы қыркүйек айында Өскеменде өңірде туризмді дамытуға арналған халықаралық инвестициялық форум өткізу жоспарланып отыр. Бұл шараның аймаққа инвестор тартуға тигізер ықпалы айрықша. 2015-2020 жылдарға арналған туризмді дамытудың жол картасы аясында облыс орталығында 12 ірі жоба жүзеге асырылмақ. Олардың ішінде Шоқан Уәлиханов атындағы кемемен Ертіс бойында саяхаттау, « Диамант» қонақ үй кешенін салу, ойын-сауық орталықтары, қонақ үй, мейрамханалар желісін салу жобалары бар. Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев өткізген баспасөз мәслихатында мәлім болғандай облыс орталығында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салу да жоспарланып отыр.
Өткен сәуір айында қала әкімдігі қытайлық компаниямен қалдық өңдеу зауытын салу туралы тағы бір келісімге отырған. Зауыт шетелдік компания қаржысына салынбақ. Тағы бір келісім деуіміздің себебі Өскеменде қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салу туралы жоба осыдан бес-алты жыл бұрын қолға алынған болатын. 2011 жылы қала әкімдігі мен өскемендік «УК МОЗ» ЖШС арасында бірнеше шетелдік құрылтайшылармен бірлесе отырып қалдық өңдеу зауытын салу туралы меморандум қабылданып, зауыт салуға жер телімі де бөлініп берілген еді. Қағаз жүзінде қалған ол келісім -шарт қазір бұзылып жатыр. Шаһардың бір шетіндегі қоқыс полигоны болса бүгінде лық толып тұр.
Экологиялық ахуалы ауыр, ауасы лас Өскеменде қаланың қоғамдық көліктерін газға көшіру мәселесі де өзектілігін жойған жоқ әлі. Ерлан Аймұқашев қала ауасын жақсарту мақсатында келер жылдың бюджетінде газбен қамту стансаларын салуға қаржы қарастырылатынын айтты. Қала көліктерін газға көшіруге кедергі келтіріп тұрған жәйттің бірі дәл осы стансалардың жоқтығында болып тұр. Қазіргі күні екі компания газбен қамту стансасын салуға ниет білдіріп, оларға жер бөлініп берілген.
Биыл қала көшелерінің 95 шақырым жолына орташа және ағымдық жөндеу жүргізілмек. Көктемнен бері 76 дан астам жол бөліктері жөнделіп бітіп, Ертіс өзені арқылы өтетін көпір қалпына келтіріліп, жаңартылып жатыр. Қаланы абаттандыру аясында Славский ауданынан Мыза көшесіне дейін, Комендантка өзені ауданы, Сәтбаев даңғылы бойындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, Молдағұлова және Энтузиастов көшесі, Лихарев көшесі, Металлургтер мәдениет сарайы, Тәуелсіздік даңғылы бойындағы аллеялар қалпына келтіріліп, жаттығу құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған алты балалар ойыны алаңы, алты спорт алаңы ашылады.
Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобын қолдауға арналған «Өрлеу» қанатқақты жобасы облыс орталығында сәтті жүзеге асырылып жатыр деуге негіз бар. Отбасының табысын арттырып, жағдайын жақсартуды көздейтін бұл жобаға қала көлемінде 200 отбасы қатысып жатыр. Осыншама шаңырақ отбасылық күнкөріс себетінің көлемін көбейтіп, тұрмысын түзеуге мүмкіндік алып отыр.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген басты міндеттердің бірі-денсаулық сақтау қызметінің сапасын арттыру. Облыс орталығындағы медициналық мекемелердің материалдық жағдайы оңалып жатқанымен маман проблемасы жойылған жоқ. Өскеменге 63 дәрігер қажет. Облыс орталығының басшысы қалада 70 пәтерлік қызметтік жатақхана құрылысы басталғанын, пәтер жалдап жүрген дәрігерлердің біразы жыл соңына дейін баспаналы болатынын жеткізді.
Елімізде жүргізіліп жатқан индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша биыл және келесі жылдары облыс орталығында оннан астам жоба жүзеге асырылып, қалада жаңа өндірістер шоғыры көбейе түспек.
-Ұлт жоспарының үшінші реформасында көзделгендей индустрияландыруды жүргізу және экономикалық өсімді қамтамасыз ету қадамдары бойынша Өскеменде 2015-2019 жылдары алты серпінді жоба жүзеге асырылады. «Азия-Авто Казахстан» АҚ ның «Толық циклді автозавод құрылысы», «ӨТМК» АҚ ның «ПА-1343» кеуекті титан қабатын нығыздау өндірісін қайта жарақтандыру», «Мелисса» ЖШС нің «ОSB» плиталарын өндіру заводы», «Өскемен технологиялық жабдықтар» ЖШС нің «Өндіріске энергия үнемдейтін жаңа құрал-жабдықтар орнату», «Өскемен конденсатор зауыты»АҚ ның «Жоғары қуаттағы конденсаторлар өндіру», «Валум Каз Сервис» ЖШС нің «тау-кен машиналары мен жабдықтары өндірісі зауытының құрылысы» жобалары мемлекеттік индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады, -деді Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев.- Сонымен қатар биылғы 2016 жылы аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында 7,5 млрд. теңгенің бес жобасы бекітіліп, индустрияландыру картасына : «Қазцинк» ЖШС, «KazWoodGroup», «Таг-Тин», «Вертекс Восток», «Mayralift» серіктестіктерінің жобалары енгізіліп отыр. Төрт мыңнан астам жұмыс орыны ашылатын бұл өнеркәсіп нысандарындағы жаңа өндірістерді ашу мен қайта жарақтандыруға 126,1 млрд. теңге қаржы жұмсалмақ. Жобалардың жүзеге асырылуы қала бюджетінің қоржынын молайтып, ол қаражат ең бірінші кезекте әлеуметтік салаға, денсаулық сақтау нысандарының құрылысына, білім беру мен мәдениет, спорт саласын дамытуға бөлінбек.
Жер алып, жеке тұрғын үй салуға, құрылыстар жүргізуге ниет білдірген қалалықтар үшін қаладағы жеті ықшам ауданнан 6 184 жер үлескісі қарастырылған көрінеді. Өскеменнің бас жоспары мен бөлшектеп жоспарлау жобаларында егжей-тегжейлі көрсетіліп, сызылған бұл жер телімдерінің 3 695 –і резервтік қорда тұр. Олар Ново-Явленко, Самсоновка ауылдарының маңында және 25-ші тұрғын ауданда орналасқан үлескілер. Қазір қалада жер алу үшін кезек күткендердің саны 2 145 адамға жеткен.
Жыл сайын қанатын жайып келе жатқан шаһарға көшіп келушілердің біразы Ахмер ауылының маңындағы ықшам ауданға қоныстануда. Қала басшысы Ахмер ауылын энергиямен қамтамасыз ету, 18-ші ықшам ауданда жылумен қамту желілерін салу жұмыстары жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті. 20 –21-ші тұрғын үй аудандарын электр энергиясымен қамту, осы аудандарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар салу және Ахмер ауылында сумен жабдықтау желісін салудың екінші кезегін жүргізудің жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
Мүлік пен ақшаны жария ету кезеңі аяқталып келеді. 1 маусымға қарағанда қала көлемінде мүлікті жария етуге байланысты 1265 өтінім қабылданып, 3,5 млрд. теңгенің 851 нысаны заңдастырылып отыр. Насихаттау, түсіндіру, ақпараттандыру шараларының ықпалы мүлікті жария етуге ғана емес қала жастарын қоғамдық жұмысқа, шаһар шаруашылығына тартуға да тиюде. «Жасыл Ел» бағдарламасы аясында биыл 300 жас қаланы көгалдандыру, көріктендіруге атсалысып, жаз бойы еңбек етпек.
Қала әкімімен бірге брифингке қатысқан Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Абакумов өскемендіктер үшін шешілмейтін мәселе жоқ екенін, қалалық мәслихатта отырған халық қалаулыларының проблемаларды дер кезінде анықтап, шешуіне жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерінің тигізіп отырған көмегі көп екенін ерекше айтты.
Жанаргүл Көкенай