Шаһар экономикасын шұғыл түрде әртараптандыру қажет
Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен Зырян қаласында ауданның даму келешегі жөнінде кеңес өтті.
Зырян ауданының аумағында облыстағы төрт моноқаланың екеуі орналасқан. Сол себепті де кеңес барысында шағын қалаларды дамыту-дың тың жолдары, ондағы экономиканы әртараптандыру сынды мәселелер баса айтылды. Әуелі облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтов шағын қала-лардың экономикасын әртараптандыру және индустриялық дамыту, шағын шаһарларда шағын және орта бизнесті дамыту, серіктестік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша тындырылған шаруалар жөнінде ақпар берді. Жылдың 10 айында Зырян ауданы бойынша 29234 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімі алынып, өсім 3,8 пайызға артқан. Әсіресе, тау-кен өндірісінің өнім көлемі 27 пайызға өскен. Ауданның Индустрияландыру картасына жалпы құны 288 млн. теңгені құрайтын үш инвестициялық жоба енгізілгенін айтқан басқарма басшысы «Фаворит» және «Мелада» ЖШС ұсынған жобалар жүзеге асып үлгерсе, «Шығыс Екі Дос» ЖШС қолға алған жобаны 2014 жылы аяқтау жоспарланғанын мәлім етті. Бизнес нысандарының белсенділігі бойынша аймақтың шағын қалалары арасында Риддер көш бастап тұр. Мұндағы өсім 11 пайызға тең болса, Зырян ауданында бұл көрсеткіш 5,6 пайызға тең. Соның есебінен салық түсімінің көлемі 34 пайызға артқан.
Шәкәрім Бұқтұғұтов Зырян қаласына қарасты Малеев және Грехов кен орындарындағы пайдалы қазбаның қоры бүгінгі өндіріс қарқынымен 20 жылға жететінін айтты. Сондықтан да қала маңынан жаңа көздерді ашу мәселесі туындап келе жатса керек. Ал Серебрянка қаласында химия өнеркәсібі жақсы дамыған. Мұндағы ең ірі кәсіпорын саналатын бейорганикалық өндіріс зауытын банкрот деп танып, орнына шағын өндірістерді дамытудың ерек-ше жоспары қарастырылуда. Тыныс алу органдарын қорғайтын құрылғылар мен рулонды-сүзгіш материалдарды, респираторлар мен газдан қорғану перделерін, ауа сүзгілері мен пластмасса өнімдерін шығарып келген бұл зауыттың тынысы Үкімет назарында екенін ескертті басқарма басшысы.
Қос шаһар тарапынан да үдемелі индустриялық-инновациялық бағ-дарламасы аясында ешқандай жоба немесе ұсыныс түспегені де айтылды. Серебрянка қаласының экономикасын әртараптандыру бағытында қолға алынған жалғыз тірек жобаның болашағы іске асырушы кәсіпорынның «БТА» банк алдындағы қарызының кесірінен бұлыңғыр күйде қалуда. Ал Зырян қаласында үш бірдей тірек жоба жоспарланған. «Алтын мен күміс өндіретін техногендік шикізаттарды қайта өңдеу фабрикасын салу», «Су-энергетикалық кешен құрылысы», «Спорттық-сауықтыру кешенін салу» жобаларының әрқайсысы жүзден астам жұмыс орнының ашылуына себепкер болмақ.
Моноқала дәрежесіне ие болған қос шаһарда барлық мемлекеттік бағдарламалардың қай деңгейде жүзеге асып жатқанына егжей-тегжейлі тоқталған Шәкәрім Бұқтұғұтов қаланы абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстар көңілге қонымды екенін атады. Оның сөзінен қос қаланың дамуына әр сала бойынша қомақты қаржылар бөлінгені белігілі болды.
Мәселен, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 163,5 млн. теңге, абаттандыруға 131,4 млн. теңге, кәсіпкерлікті қолдауға 439,7 млн. теңге, кәсіпкерлікке бет бұрушылардың бизнес жоспарларын субсидиялауға 189 млн. теңге қарастырылған. Осынша қаржы бөлінгенімен, қос қала тарапынан ұсыныс аз түскеніне қынжылыс білдірген басқарма басшысы аудан активін бөлінген қаржыны жылдам игеруге шақырды.
Бұдан кейін сөз алған «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі вице-президенті Андрей Лазарев кәсіпорынның Зырян ауданындағы даму келешегі жөнінде баяндады. Ол өз сөзінде ойға қонымды жобалар болса, кәсіпорын тарапынан қолдау мен қаржыландыру болатынын айтты. «Қазцинк» ЖШС аймақтағы, соның ішінде, Зырян ауданының аумағындағы кенге бай жерлерді барлау ісін қаржыландыруды арттыра түскен. Ол сондай-ақ, аудан әкімдігімен келісілген меморандум аясында әлеуметтік жобаларға да қолдау көрсету жалғаса беретінін мәлімдеді.
Аудандағы минералдық-шикізат базасын игеру және оны барлау барысы жөнінде айтылған мәліметтерді «Востказнедра» өңір-аралық департамент басшысының орынбасары Серік Келеманов толықтырды. Департамент тарапынан жүргізілген барлаулардың ең ірісі Мамонтов-Щебнюшин, Ермилов-Петроворечин және Игнашин телімдерінде іске асқан. Соның арқасында бір ғана Ермилов-Петроворечин телімінде мыстың – 106,2 мың, мырыштың – 35,7 мың, қорғасынның – 35,5 мың тонна қоры болжанып отыр. Жергілікті ардагер кеншілер тарапынан кенді барлау ісін жолға жақын, өндіріске қолайлы жерлерден бастау туралы ұсыныс айтылып, қолдау тапты.
Кеңес соңында қос қаланың әкімі моно-қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша атқарылған шаруалардың есебін баяндады. Әкімдердің айтуынша бұл қалалардың түкпір-де тұйықталып жатуы ең үлкен кедергі болып отырған көрінеді. Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев атқарылған жұмыстың көбі қаланы абаттандыру сынды жанама жобаларға бағытталуын сынға алды.
– Үкімет тарапынан шағын шаһарлардың басшылары бұл бағдарламаның мәнін түсін-бей жатқаны жайында айтылған сын орынды екенін бүгін көріп отырмыз. Сіздер қаланың экономикасын әртараптандырып, бір ғана кәсіпорынға тәуелділіктен құтқаруға бөлінген қаржыны «әйтеуір игеру керек» деп, әлеумет-тік мәндегі жобаларға бағыттап жібересіздер. Тірек жобаларыңыздың іске асуы да баяу. Көріп отырғанымыздай, халық тарапынан бизнес жобалар, кәсіпкерлік ұысыныстар өте аз түскен. Серебрянка сынды қалада ауыз толтырып айтуға тұрарлық жобаның болмауы ойлантатын жайт. Мұның бәрі халықтың бұл қалаларда кәсіпкерлікпен айналысудың болашағы жоқ деп білетінін көрсетеді. Демек ақпараттандыру мәселесін қолға алу қажет. Ел ішінде сенім ұялату үшін сүйекті жобаларды бетке ұстар етіп көрсете білудің маңызы зор, – деген Ермек Көшербаев қос қалада да туризм мен ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың мүмкіндіктері зор екенін еске салды. Ол үшін облыс есебінен субсидияланатын Өскемен – Зырян бағытындағы теміржол қатынасын тиімді пайдалану, кеп-тірілген көкөніс өндірісін жолға қою турасында бірқатар тапсырмалар берілді.
– Қалаларыңыздың тұйықта орналасуы салдарынан өнімдеріңізді нарыққа шығара алмай отырғандарыңызды білеміз. Осы бағытта «Kaznex» жобасын пайдалану тиімді. Бұл жоба өніміңізді сыртқы нарыққа жарнамалау шараларын субсидиялауға бағытталған. Осы тұрғыда қала әкімдеріне белсенді жұмыс атқару қажет, – деп түйіндеді ол.
Есімжан Нақтыбайұлы