Қоғам

«Шаңырақтың» шапағаты

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» «Нұрлы жер» бағдарламасы бағыттарының бірі – «Шаңырақ» жобасы басталды.

        «Шаңырақ»  жобасы аясында 1986 жылдан 2017 жылға дейін есепте тұрған отбасылар жеңілдетілген несиеге үміткер бола алады. Банк клиентіне  10%  бастапқы жарна қажет. Бүгінгі таңда 45 өтінім тіркелген, оның ішінде екі пәтер осы бағдарлама бойынша берілген.

– Негізгі шарттардың бірі ең алдымен бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алу керек. Қазір Қарағайлы ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын төрт нысан келісілуде. Нысан қараша-желтоқсан айларында іске қосылады. 1 шаршы метрдің құны – 140 мың теңге. Сондай-ақ негізгі шарт – клиент төлем қабілетін растауы керек. Ол міндетті түрде жұмыс істейтін адам болуы тиіс, – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»  клиенттермен жұмыс жүргізу бөлімі басшысының орынбасары Алуа Төлеумұхаметова.

Сондай-ақ толық емес және көпбалалы отбасылар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына  бағытталған «Бақытты отбасы»  бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында 20 көпбалалы отбасы, 53 толық емес отбасы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 22 отбасы пәтер алыпты.

– Бағдарламаның шарттары өте тиімді: жылдық 2%, бастапқы жарна 10% және мерзімі 20 жылға дейін. Осы бағдарлама аясында мұқтаж отбасыларға пәтер беру жұмыстары келер жылы да жалғасады, – деп атап өтті банк қызметкері Аяжан Маратова.

Айта кету керек, Қарағайлы ауданы осыдан небәрі үш-төрт жыл бұрын ғана қолға алынып, бос жатқан жерде жаңадан үйлер тұрғызыла бастады. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің ұсынысымен  құрылыс жұмыстары қызу басталып, бүгінде бұл ауданға тұрғындар көптеп қоныстанып жатыр. Мұндағы басты мақсат – Семейдегі  тұрғын үй кезегін азайтып, өңір тұрғындарының баспаналы болуына мүмкіндік жасау.

2016 жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 120 орындық жатақханасы бар Назарбаев зияткерлік мектебі мен 320 орындық балабақша қолданысқа берілді. Ал 2019 жылы Қарағайлыда мәдени-спорттық бірегей кешен ашылды. Онда әлемдік деңгейдегі спорттық және ойын-сауықтық шараларды өткізуге болады. Мәдени-спорттық кешен үш блоктан тұрады. Мұндағы ең үлкен арена көрермен залы екенін айта кеткен орынды. Сондай-ақ аталмыш кешенде бірнеше бассейн мен кроссфитке арналған зал бар. Сонымен қатар балаларға арналған ойын алаңдары да қарастырылған. Мұнда келушілердің көңілінен шығатын субұрқақ та салынған.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінде жоба бойынша тапсырыс берушілер де, болашақ тұрғын үй сатып алушылар да жеткілікті. Айтпақшы, бұған дейін салынған сегіз үйде 486 пәтер бар, олардың көпшілігі екі және үш бөлмелі. Семейліктер қазірдің өзінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісі бойынша жаңа  пәтерлерді сатып алуға дайын екен.

Қала әкімінің орынбасары Айдар Садырбаевтың айтуынша, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» арнайы бағдарламалары арқылы көптеген отбасы қоныс тойын тойлауда.  Мәселен, алдағы уақытта  125 көпбалалы отбасы пәтерге қол жеткізбек.

Бұл 125 пәтер Қарағайлы шағын ауданындағы сатып алуға жатпайтын төрт жалдамалы ғимаратта үлестіріледі. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар жөніндегі қалалық қоғамдық комиссия мүшелерімен кездесуінде қала әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев осы мәселені нақты айтып, пәтер кезегінде жүргендерді  қуантты.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 11 мыңнан астам отбасы тұр, оның 563-і көпбалалы. Өткен жылы 112 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар  көпбалалы және толық емес отбасыларына, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына 20 тұрғын үй сертификаты берілді.

– Биыл көпбалалы отбасыларына мемлекеттік қордан және «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 22 пәтер берілді. Тағы 125 пәтер Қарағайлы шағын ауданындағы сатып алуға жатпайтын төрт жалдамалы ғимаратта үлестіріледі. Сондай-ақ биыл көпбалалы және толық емес отбасыларына және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша төлем қабілеттілігін растау үшін 250 жолдама берілді. Оның ішінде жалпы сомасы 884 млн. теңгенің 95 өтінімі мақұлданды, – деді Айдар Садырбаев.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында Семейде көпбалалы және аз қамтылған отбасылар бойынша қалалық қоғамдық комиссия құрылған. Оны қала әкімі Ермак Сәлімов басқарды. Жыл басынан бері комиссия АӘК алушылардан құжат жинауды ұйымдастырды. Бүгінгі күні АӘК 2590 отбасына бекітілген. Сондай-ақ азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия түріндегі кепілдендірілген әлеуметтік пакетті тарату ұйымдастырылған. Бүгінгі күні 1980 отбасы осындай әлеуметтік  пакеттерді алды.

2020 жылы Қарағайлыда жеті тұрғын үйдің құрылысын бастау туралы келісімшартқа қол қойылды.  2025 жылға дейін 133 көпқабатты тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарлануда. Бұдан бөлек осы шағын ауданда үш мектеп пен алты балабақша салынады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ауданда су және жылумен қамтамасыз ету магистральдары, су тарту, телекоммуникация және электрмен жабдықтау жұмыстары толық жүргізілген. Бүгінде Семей қаласының Қарағайлы  шағын ауданы тіршілігі қызған шағын қалашыққа айналды. Семей қаласын дамытудың кешенді жоспарының басты міндеті – қала тұрғындарының өмір сапасын жақсарту болып табылады.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button