Қоғам

Шаңғы тебу бұқаралық сипат алып келеді

    Соңғы жылдары облыста шаңғы тебу, салауатты өмір салтын ұстану бұқаралық сипат алып келеді.  Туризм басқармасы да қысқы туризмді дамыту үшін ең алдымен жергілікті халық арасында  насихат жұмыстарының жүргізілуіне мән берген көрінеді. Соңғы жылдары өңірде ең алдымен туризм саласындағы  менеджментке деген көзқарастың өзгергені байқалды.

Мәселен, облыстық басқарманың мұрындық болуымен жыл сайын қысқы туризмнің ашылуына  орай ұйымдастырылған акция аясында тұрғындарды демалыс базаларына жеткізу үшін тегін  автобустар шығып жүр, екі мыңдай адам бір күнде тау шаңғы тебуге мүмкіндік алып, кейіннен тұрақты келушілер қатарын толықтырған.

Облыста қысқы туризмді дамыту үшін ең алдымен жергілікті халық арасында лайықты насихаттық жұмыс жүргізілуі керек екен. Бұдан кейін ғана өңірге шетелдіктерді тарту жөнінде сөз қозғауға болады дейді туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов.
– Біздің облыста он шақты тау шаңғы базасы бар. Жыл сайын мұнда қызмет көрсету сапасы мемлекеттік қолдаудың арқасында жақсарып келеді. Қазір еліміздің көптеген демалыс орындарымен бәсекелесе алатындай дәрежеде. Облыс туризм саласына ерекше басымдық беріліп отырған еліміздегі алты өңірдің бірі саналады. Шығыс өңіріндегі Глубокое, Зырян аудандары мен Риддердің тау шаңғы кешендерінің Қазақстанның туризмді дамытуға тартымды топ-50 нысандары қатарына енуі облыста тау шаңғы кластерін дамытуға мүмкіндік ашып отыр. Еліміздің туристік картасына енген осы нысандар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылады,-дейді ол.

Бұл бағытты  Риддер, Глубокое және Зырян аудандарында да дамыту көзделген. Әсіресе бұл Зырян ауданы үшін тиімді болмақ, онда жағажай демалысымен қатар, қысқы демалысты да дамытуға болады дейді туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы.

Мәселен, Алматының іргесіндегі Шымбұлаққа бір күнде 10 мыңға жуық адам барып қайтады екен. Біздің облыс әзірге мұндай көрсеткіштермен мақтана алмайды. Дегенмен өткен жылдармен салыстырғанда алға жылжушылық бар. Өткен жылы  67 145 адам Шығыстағы шаңғы базаларының қызығын көрген. Бұл бағытты дамытуға арналған шаралар нәтижесінде келушілер саны екі есеге дейін артты деуге толық негіз бар. Өйткені 2017 жылы олардың саны 32 мыңнан сәл асқан.

– Бізде тау шаңғысы туризмінің көрігін қыздыруға мүмкіндік көп. Ол мүмкіндікті біз пайдаланбасақ әбестік болар еді. Неге десеңіз, біздің облыста басқа өңірлермен салыстырғанда әлі де игерілмей жатқан тау бөктері көп. Оның үстіне, Шығыс Қазақстан облысы – Ресеймен де, Қытаймен де шектесетін еліміздегі жалғыз аймақ. Егер дұрыс баға саясатын жүргізе білсек, бізге келушілердің саны еселеп артады. Бұл облыс экономикасы үшін де, туризм саласында қызмет көрсететін ұйымдар үшін де тиімді болары сөзсіз, – деген басқарма басшысы қысқы туризмнің әлеуеті жағынан республикада Шығыс Қазақстанмен теңесетін облыс жоқ екенін жасырмады.

                             Шетелдік сарапшыларды тартпақ

Өткен жылы «Алтай Альпісі» тау шаңғы базасына дейінгі жолдың асфльты жаңаланған болатын. Сондай-ақ Риддер өңіріндегі Батыс Алтай қорығына дейін 730 миллион теңгеге электр желісі тартылуда. Нәтижесінде алты демалыс базасы жарықпен қамтамасыз етіледі.

Бүгінгі таңда аталмыш ауданда екі тау шаңғысы курорты бар, олар – Таулы Үлбі ауылындағы «Алтай Альпісі» және Бобровка ауылындағы «Нұртау» демалыс орындары. Өткен қысқы маусымда осы аумақтарда 67 мыңнан астам адам демалған, ол 2017 жылмен салыстырғанда 75 пайызға артық. Өткен жылы аталған нысандардан бюджетке түскен салықтың мөлшері артып, 61 миллион теңгені құрады.

Биылғы  тоғыз айдың өзінде 46 миллион теңгенің салығы түскен. Осы жылы туризмді дамытуға 485 миллион теңге инвестиция құйылып отыр, бұл былтырмен салыстырғанда үш  есеге көп. Атап айтсақ, қаражатты «Бипек Авто» кәсіпорны «Нұртау» базасында бес үй салып, оларға су, электр желісін тарту, жолдарын жөндеуге бағыттапты.

Айта кетсек “Нұртау” және “Алтай Альпісінде” шаңғы спортына қызығатын туристерге арналған жол, бұдан бөлек, екі ілмек көтергіш, шана (стьюб) жолдары және бар. Қысқы демалысқа арналған жабдықтарды жалға алуға болады.

“Алтай Альпісінде” жеке  төрт арқанжол (канатная дорога) бар. Бұдан бөлек шаңғы тебуді жаңадан үйренген туристерге арналған 600 метрлік бөлек төбе бар. Биыл курортта тағы екі арқанжолдың  құрылысы басталды.

Марат Қабақовтың айтуынша, өңірде қысқы туризмді дамыту үшін шетелдік сарапшыларды тарту бағытында да бірқатар жобалар қолға алынған. Азиялық даму банкі шеңберіндегі жоба аясында халықаралық тәжірибені зерттеу, өңірдің артықшылықтарын ескере отырып, бұл саланы дамытудың негізгі бағыттарын анықтау сынды жоба қолға алынбақ. Осы жылдың басында Азиялық даму банкінің өкілдері мен өңір арасында алдын ала келісім жасалды. Жоба жүзеге асырылса, Шығыстағы шаңғы туризміне  шетелдік тәжірибе енгізілмек.

Қазір шетелдік қонақтардан  гөрі, өзіміздің қазақстандық туристерді  тартуға да басымдық беріліп отыр. Осы бағытта «Қазақтуризм» ұлттық компаниясымен  ақпараттық  тур ұйымдастырылып, еліміздің 30-дан астам туроператорларымен келісімшарт жасалған.

Оның бұл сөзімен келіспеуге болмайды. Себебі облыста Алматымен салыстырғанда қыс ұзақ әрі қар да қалың. Бұған қоса, облыстың Риддер қаласы, Глубокое ауданы сияқты бірқатар өңірінде отандастарымызды қойып, кез келген шетелдік туристі, экстремалды спорт түрімен айналысатын жанды қызықтыратын тұмса табиғат пен игерілмеген маршруттар жетерлік. Облыста қар кешкіш техникамен саяхаттағанды жөн көретіндерге де мүмкіндік көп. Әлемде фрирайдпен (тау шаңғысы мен сноуборд тебу) айналысушылар саны жыл санап артып келеді. Алайда  көптеген елде қауіптілігіне байланысты фрирайдқа заң жүзінде тыйым салынған. Оның үстіне сноуборд пен тау шаңғысын тебуге жарайтын жерлердің көбі жекеменшікке өтіп кеткен. Есесіне, еліміздің Шығысында фрирайдшылар үшін таптырмас мүмкіндік көп.

-Біз үшін бұл – жаңа бағыт.  Риддерде жергілікті кәсіпкерлердің бірі қар кешкіш техникамен жүрудің қыр-сырын үйрететін мектеп ашты. Ниет білдіргендер қысқа мерзімді курстардан өткеннен кейін Иванов жотасының бөктерінде білген-түйгенін іс жүзінде қолданып көруге мүмкіндік алады. Қазірдің өзінде бұл ұсынысқа қызығушылық танытып отырғандар саны мол екенін айтуымыз керек. Әсіресе көршілес Ресейден келетін туристердің үлесі басым, – дейді басқарма басшысы.

Лаура Тілеубайқызы  

Осы айдарда

Back to top button