Ұшақ билеттері 5 пайызға арзандады
«Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалы компаниясы ішкі рейстерінің эконом класты билеттері 5 пайызға арзандады. Бұл туралы хабарды компанияның баспасөз қызметі таратып отыр.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, эконом класты билеттердің арзандауына Қазақстандағы керосин отынының соңғы үш айда шамамен 20 пайызға арзандауы себеп болған. Ал әлемдік нарықтағы аталмыш отын 10 пайыз көлемінде арзандаған. Билет құны көлікке жұмсалатын шығынмен байланысты екендігі баршаға аян. Бұдан былай қазақстандықтар «Эйр Астана» әуе тасымалының қызметтерін пайдалана отырып, ішкі бағыттарда, яғни, Қазақстан әуе кеңістігінде бұрынғы бағадан 5 пайызға арзан әуе билетін сатып ала алады.
«Air Astana» – қазақстандық ұлттық мемлекеттік «Самұрық-Қазына» қоры мен ағылшындық BAE Systems компаниясының бірлескен кәсіпорны (акциялары сәйкесінше 51% және 49%). Әуе компаниясы 30-дан аса халықаралық және 20 ішкі маршрут бойынша қызмет көрсетеді.