Экономика

Үш жүз шақырымнан астам жол жөнделеді

Үш жүз шақырымнан астам жол жөнделеді

Биыл өңірде көліктер көп қатынайтын жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге ерекше көңіл бөлінетін болады. Аймақтағы жол жөндеу жұмыстарының бүгінгі жай-күйімен танысқан жиында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ осылай деді.
Биыл өңірдегі республикалық маңыздағы 97 және облыстық маңыздағы 228 шақырым асфальт жолға жөндеу жүргізу жоспарланған. «Қарағанды-Аягөз-Боғас» бағытындағы трассаның Аягөз қаласынан Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылына дейінгі бөлігіндегі ұзындығы 70 шақырымды құрайтын жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Бұл өз кезегінде Алматы трассасы бойындағы Тарбағатай мен Зайсан аудандары аралығындағы жолды әжептәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Өскемен-Семей» бағытындағы жолдың үш бөлігінде ұзындығы 27 шақырымды құрайтын жаңа асфальт пайда болады. Олар: Таврия ауылынан Семейге қарай бағыт алатын жолдың 18, Шүлбі бұрылысына дейінгі жолдың алты және Гранитный ауданы аумағындағы жолдың үш шақырымы.
Көлік өткізу қабілетін арттыру және халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында биыл Ресеймен шекарадағы «Ауыл» және «Уба» өткізу бекеттеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Облыстық маңыздағы жолдарға келер болсақ, жоғарыда айтылған 228 шақырым жолды жөндеуге 3,7 млрд. теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. Орташа жөндеу жұмыстары «Өскемен-Тарғын-Самар» (80 шақырым), Сібе көліне апарар жол (54 шақырым), «Мақаншы-Жалаңашкөл» (42 шақырым), «Күршім-Қалжыр» (16 шақырым) бағыты мен Дмитриевка-Бородулиха-Шемонайха трассасында (20 шақырым) жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Серебрянка қаласына кіреберіс жол мен «Өскемен-Бобровка» бағытында орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жұмыстар барлық учаскелерде басталып, бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сондай-ақ, облыстық және республикалық маңыздағы трассалардағы тесіктерді жамау жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстар маусым айының соңында аяқталады.
«Қазақавтожол» АҚ облыстық филиалының директоры Серік Ақтанов пен облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Берік Бейсекеновтің есебін тыңдаған аймақ басшысы жұмыстардың кестеден кешіктірілмеуін тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button