Экономика

Үш жүз елуден астам бордақылау алаңы бар

Соңғы үш жылда Тарбағатай ауданындағы мал бордақылау алаңдарының саны 20 есеге көбейді.

Аталмыш кәсіптің тиімділігін түсінген тарбағатайлықтар жаппай ірі қара мал шаруашылығымен айналысуда. Солардың бірі – Қайрат Наушабаев. Бүгінде 16 бас ірі қара малды бордақылап отырған байтоғастық кәсіпкердің айтуынша, арнайы күтімде тұрған мал күніне 1-1,5 келі салмақ қосады.

– Апта сайын қалада өтіп тұратын жәрмеңкеге қатысып тұрамын. Тіпті, кейбір сатып алушылар алдын ала тапсырыс беріп қояды. Қазіргі күні бірнеше ауылдасымды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын, – дейді Қайрат Наушабаев.

Бүгінде Тарбағатай ауданында 350-ден астам мал бордақылау алаңы бар. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың айтуынша, қазір аудандағы бордақылау алаңында тұрған жеті мыңнан астам ірі қара малы бар.

– Біздің кәсіпкерлер тұтынушыларға экологиялық таза, қоспасы жоқ ет өнімдерін ұсынып қана қоймай, ауылдастарын жұмыспен де қамтамасыз етіп отыр, – дейді Ділдәбек Оразбаев.

Ажар САҒАТБЕКОВА
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button