Үш жылдық бюджет әлеуметтік саланың әлеуетін арттырады
Кеше облыстық мәслихаттың кезекті бесінші сессиясы болып, оның күн тәртібінде 2013-2015 жылдарға арналған облыстық бюджет, өңір тұрғындарына жоғары технологиялы медициналық көмек түрлерін көрсетудің жағдайы мен даму перспективалары туралы мәселелер қаралып, Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламаның өңірде іске асырылуының барысы жайында ақпарат тыңдалды.
Бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинская алдағы жылдарға арналған облыс бюджетіне кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, алдағы жылдарға жоспарланып отырған облыстық бюджеттің шығыс бөлігі негізінен тұрғындарды жұмыспен, қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге, аймақтық дамуға, адам капиталының сапалы өсіміне, халықтың әл-ауқатының артуына, индустриялды-инновациялық дамуға, әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындауға бағытталмақ. Сонымен бірге қорғаныс мүмкіндігін, құқық қорғауды нығайтуға, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға қаржы қарастыруға баса мән берілмек.
Баяндамашының келтірген мәліметтеріне сүйенер болсақ, 2013 жылы меншікті кіріс 2012 жылмен салыстырғанда 1,5 млрд. теңге өсіммен 23,7 млрд. теңге көлемінде болады деп жоспарлануда. 2014 жылы кірістер 24,3 млрд., 2015 жылы 25,5 млрд. теңгеге жетпек. Бекітілген нормативтерге сәйкес, төлем көздерінен алынатын жеке кіріс салығы 10,4 млрд., әлеуметтік салық 8,4 млрд. теңгені құрамақ. Республикалық бюджеттен 89,3 млрд. теңге субвенция қарастырылған.
Ал бюджеттің шығыс бөлігі 2013 жылы 114,6 млрд. теңге (2012 жылмен салыстырғанда 5,1 млрд. теңге өсіммен), 2014 жылы 116,3 млрд., 2015 жылы 114,6 млрд. теңге болады деп жоспарлануда.
2013 жылға облыстық бюджеттің қаражатынан шығындардың орнын толтыру үшін 991 млн. теңге бағытталған. Оның ішінде ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің филиалдарының есептік тіркеуден алынуына байланысты Бородулиха, Глубокое, Шемонайха аудандарының және қаладағы бюджет құраушы кәсіпорындардан түсетін түсімдердің айтарлықтай азаюына орай Курчатов қаласының бюджеттерінде осындай өзгерістер орын алған.
Облыстық бюджеттің ағымдағы шығындары 101,6 млрд. теңге көлемінде анықталған. Оның ішінде еңбекақы, коммуналдық қызмет, әлеуметтік төлемдер толық көлемде қамтамасыз етілген. Айта кетерлігі, әлеуметтік шығындардың үлесі келер жылдың бюджетінде жалпы шығындардың 41 пайызын құрап отыр. Мұнымен қоса, әлеуметтік сала нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуге 1473,6 млн. теңге бөлінген. Мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 418,9 млн. теңге бағытталған. Осы аталған салалардағы жаңадан іске қосылған нысандарды ұстап тұруға да қомақты қаражат көзі қарастырылған екен. Азаматтардың кейбір категорияларына әлеуметтік көмек ретінде 1,3 млрд. теңге қаржы бөлінген.
Облыстық бюджеттің құрамындағы даму бюджеті 12,6 млрд. теңге көлемінде анықталса, оның ішінде ауыспалы нысандар 4,6 млрд. теңге, 2013 жылдан іске асырыла бастайтын жаңа инвестициялық жобалар қатары 2,7 млрд. теңге, республикалық бюджет қаржысынан іске асырылатын нысандарды ортақ қаржыландыру 4,6 млрд. теңге, жарғылық капиталдың артуы 1,1 млрд. теңгені құраған.
Баяндамашы осылардың барлығын рет-ретімен баяндаумен қатар, облыстағы әр салаға бағытталған бюджет қаржысына жеке-жеке тоқталып өтті.
Депутат, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ректоры Нұрлан Темірбеков талқыланып отырған бұл бюджетте депутаттар тарапынан жасалған ұсыныстардың барлығы дерлік қарастырылғанын, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы айқын көрініс тапқанын, көптеген жобалардың қаржылай қолдау көргенін, олардың барлығы баяндамашының баяндамасында қамтылғанын атай келе, әріптестерін аталған бюджеттің жобасын қолдауға үндеді.
Сессияда облыс тұрғындарына жоғары технологиялы медициналық көмек түрлерін көрсетудің жағдайы мен даму перспективалары туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Сергей Попов баяндама жасады.
Біздің облыста жоғары технологиялы медициналық көмек түрлерін алты медициналық ұйым көрсетеді. Олардың бәрі де Өскемен мен Семей қалаларында орналасқан негізгі медициналық мекемелер. Аталған медициналық көмек облыстық ауруханалардың ортопедиялық профильді бөлімшелерінде, тамыр жүйесінің хирургиясында, кардиохирургиялық, проктологиялық және басқа да профильдерде көрсетіледі. Мәселен, Семей мемлекеттік медициналық университетінің медициналық орталығымен осындай 68 ота жасалған. 2011 жылдан балалар хирургиясына, нейрохирургия және ангиохирургия салаларына инновациялық технологиялар енгізілген. Облыс бойынша 2012 жылдың 10 айында жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету бойынша 1684 жағдайға төлемақы ұсынылған. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде 851 жағдайға аталған медициналық көмек көрсетіліп, толық емделуге қол жеткізілген. 2011 жылы Израильден келген мамандармен 19 маман оқытудан өтіп, жүрекке 14 ота жасалған. Биыл 12 маман кардиохирургия бойынша білімдерін жетілдіріп, 24 ота жасалған.
Баяндамашының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын жоғары мамандандырылған медициналық көмекке республикалық бюджет тарапынан берілер қаржы көлемі артып келеді. Аталған қаражат 2010 жылмен салыстырғанда бүгінгі күнге дейін 7,8 есе ұлғайған. Ал облыстық ауруханаға бөлінген қаражат көлемі 9,3 есе артқан.
Өз ойын ортаға салған депутат, облыстық «Ана мен бала» орталығының директоры Рая Рахимова жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетуге бөлініп жатқан бюджеттік қаржының өңір тұрғындарының денсаулығын түзетуде ерекше маңызға ие екендігін дәрігер маман ретінде тұщымды дәйектемелермен айта келе, әріптестеріне әсіресе, оны біздің дәрігерлерге үйретіп жатқан израильдік және басқа да шетелдік білікті мамандардың еңбегі үшін төленетін қаржыны бекітуге қолдау білдіруге шақырды.
Депутаттар облыс Әкімі аппараты құқық қорғау органдарымен жұмыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Мұхтар Құмаровтың «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламаның» облысымызда іске асу барысы туралы ақпаратын тыңдады.
Баяндамашының айтуы бойынша, облыстың мемлекеттік органдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы және сыбайлас жемқорлықпен күрес бағдарламасын орындауға бағытталған шараларды жоспарлы түрде іске асыруда. Облыс Әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның қызметі де жоспарға сәйкес жүргізіліп, оның отырысы тоқсан сайын ұйымдастырылып келеді. Осындай комиссиялар қалалық және аудандық әкімдіктерде де жұмыс істейді.
Облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету бағытындағы өз жұмыстары жайында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жиі мағлұмат таратып отыр. Бұл өз кезегінде мемлекеттік құрылымдар іс-әрекетінің айшықтығын қамтамасыз етуде.
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының облыстық филиалы мемлекеттік мекемелермен, оқу орындарымен және қоғамдық құрылымдармен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа ымырасыздықты қалыптастыру жолында семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, кездесулер және басқа да іс-шаралар өткізіп отырады. Барлық облыстық басқармалардың, қала және аудан әкімдіктерінің сайттарында жемқорлыққа қарсы тақырыптардағы айдарлар әзірленген.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында сыбайлас жемқорлық фактілерін төмендету, сапаны жоғарылату, мемлекеттік қызметтерді уақытында және тиімді көрсету үшін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қызметтер көрсетуді электрондық нұсқаға алмастыру саласында бірқатар шаралар атқарылды.
– Ағымдағы жылы коррупциямен күрес жұмыстары облыс Әкімі бекіткен жоспар бойынша жүргізілді. Аталмыш іске құқық қорғау органдары, қоғамдық бірлестіктер белсенді түрде атсалысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы халыққа кеңінен түсіндіруге байланысты кешенді іс-шаралар атқарылған. Баспасөз беттерінде сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарға қаржы төленетіні жайында да жан-жақты ақпарат берілді, – деді баяндамашы.
Қоғам дамуын ақпараттық қолдау қорының мәліметтеріне қарасақ та Шығыс Қазақстанда коррупцияға қарсы күрес өте қарқынды жүргізіліп жатқанын байқаймыз. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, статистика органдарының ақпараты бойынша 2012 жылдың 10 айында мемлекеттік қызметшілердің үстінен сыбайлас жемқорлыққа байланысты 67 қылмыстық іс қозғалған, салыстырар болсақ, 2010 жылғы осы кезең ішінде 120, былтыр 113 іс қозғалған-ды.
Селекторлық режимде өткен сессияның жұмысына облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев қатысты. Сессияда облыстық мәслихаттың 2013 жылға арналған жұмыс жоспары туралы және өзге де шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ «Шығыс Қазақстанның Құрметті азаматы» атағын Семей мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры Михаил Панинге, Семей мемлекеттік медициналық университетінің профессоры Төлеген Райысовқа, «Қазгипроцветмет» ЖШС директоры Тоқан Шайжүнісовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының профессоры Тоқтархан Нұрахметовке, «Имстальком» зауытының директоры Михаил Лабуковқа беру туралы ұсынысы қаралып, бірауыздан мақұлданды.
Ержан Әбіш