Қоғам

Үш жылда барлық жолдар қалыпқа келеді

Үш жылда барлық жолдар қалыпқа келеді

Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен облыс әкімдігінің мәжілісі өтті. Сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту шараларын әрі қарай жетілдіруге, облыстағы жолаушы қатынасы мен автомобиль жолдарының жағдайы мен келешегіне қатысты мәселелер қаралған жайында, сондай-ақ, тиісті сала басшылары балабақшамен қамту, онкологиялық көмекті дамыту бойынша ақпарат берді.
Сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту шаралары жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асуат Насыров баяндады. Оның айтуынша, өңірдегі жұмыс істеп тұрған 56 тауарлы-сүт фермасында 17,5 мың бас сауын сиыр бар. Соңғы жарты жыл көлемінде аталған фермалардың қуатын арттырып, жаңаларын құру бойынша тындырылған шаралардың арқасында сүт өндірісінің көлемі 13,5 пайызға өскен. Бүгінде тауарлы-сүт фермаларын құрудың арнайы бағдарламасына енген 17 шаруа қожалығына тиісті инфрақұрылым тарту қажеттігі туындап отыр. «Востокагропромроект» ЖШС ферма құруға қажет дайын типтік жобаларды ұсынып отыр. Сүт өндірушілер қатарын толықтыруы тиіс 37 ферманың 32-сі қажет технологиялық қондырғыларды орнату жөнінде «Deleval», «Аграл», «Весталь» сынды шетелдік компаниялармен келісімге отырған.
Облыс басшысы тарапынан ферманы құрмас бұрын оның жемшөп қорын анықтап алу қажетігі жөнінде берілген тапсырмалар да тиянақты орындалуда. Осы мақсатта Семей және Риддер қалаларында, Ұлан және Үржар аудандарында жаңадан ферма құрушыларға жалпы көлемі 4262 гектарды құрайтын қосымша алқаптар бөлініп отыр. Аталған 37 ферманың 15-і жемшөп қорын суармалы алқаптар есебінен шешуді ұйғаруда. Бұл мақсатта Бородулиха, Бесқарағай, Көкпекті, Катонқарағай аудандарында тоғыз қожалыққа қосымша 2175 га жер берілген.
– Бұл істе негізгі екі мәселеге көңіл бөлу керектігін айтқанмын. Қабылдау пункттері қойылған елді мекендердегі сауын сиырларының санын анықтап алу керек еді. Сол санға сәйкес қай жерге пункт ашу тиімсіз екенін оңай анықтауға болады. Ал сіз маған әр аудан бойынша нақты ақпарат ұсына алмай отырсыз. Екінші тапсырма сүт өткізуге арналған ыдыстарды стандарттауға қатысты болатын. Бұл мәселе бойынша қай ауданның тапсырманы орындап, қай ауданның салғырт қарағанын айта алмадыңыз. Жап-жақсы басталған істі сұйылтып жібермейік десеңіздер, ниетпен жұмыс істеу керек, – деген облыс басшысы орынбасары Дүйсенғазы Мусин бастаған сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Бұдан былай құрылуы тиіс 37 фермадағы жұмыс барлық аудан әкімдерінің тікелей бақылауында болуы тиіс. Жоспарланған 34 сүт қабылдау пунктттерін тездетіп ашып, маусым айына қарай сүт өңдеуші кәсіпорындарға 1,8 млрд. теңге мемлекеттік тапсырыс берілуі қажет. Облыс әкімінің қабылдауында болып, тауарлы-сүт фермаларын құруға ниет білдірген егінші шаруаларға атқарушы билік тарапынан қолдау көрсету керек. Ал 400 және 600 басқа арналған ферма салушыларға министрлік бюджетінен құрылыс шығынының 20 пайызын өтеуге субсидия бөлінеді. Ол үшін тиісті жобалар мемлекеттік сараптаманың мақұлдануынан өтуі қажет.
Сүт өңдеуші кәсіпорындарды мемлекеттік тапсырыс негізінде қолдау бойынша жасалып жатқан жұмыстардағы кемшіліктерді тізген аймақ басшысы білім беру мемекемелері мен өндіруші кәсіпорындар арасындағы алдын ала келісімшарттардың бірізділігін қадағалауды жүктеді.

Осинов асуы туристік нысанға айналуы мүмкін

Бұдан кейін жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мира Нұрпейісова көлік қатынасының жай-күйіне тоқталды. Республика бойынша ең ұзын жолдар желісіне ие біздің өңірде республикалық маңыздағы жолдарды жөндеп, сақтау үшін 12,8 млрд теңге қарастырылған. Облыстық маңыздағы жолдар бойынша Күршім, Глубокое, Бородулиха аудандарында шалғай жолдарды қайта жарақтау жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, Бородулиха ауданында Жезкент шекаралық бекетінің жолын, Глубокое ауданында Өскемен-Северное тасжолын, Күршім ауданында Теректі-Төсқайың, Ақжайлау-Ұранхай аввтожолдарын жаңғырту қажет.
Халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында Курчатов арқылы Семей мен Астананың арасын, Первомайка арқылы Өскемен мен Шемонайханың арасын жалғайтын бағыттар ашылып, Семей-Теректі, Семей-Үлгілімалшы бағыттары қайта жанданған.
Облыс әкімі облыс аумағында салынып жатқан жолдардың құрылысына 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінгенін, алайда мемлекеттік кіріс департаменті мен экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының сол қаржыдан түсетін салықты облыс бюджетіне түсіру бойынша мардымды жұмыс атқармағанын ескертті.
-Облыс аумағындағы қомақты қаржы бөлінген жобалардың көбін өзге облыстан келген компаниялар жүзеге асыруда. Олардың салық төлеуші ретінде біздің облысқа тіркелгені қажет. Әзірге бұл мәселе бойынша қандай да бір жұмыстар атқарылып жатқанын көріп отырған жоқпын. Экономика және бюджетті жсопарлау басқармасы, мемлекеттік кірістер департаменті 10 күннің ішінде республика бюджетінен бөлінген 20 млрд. теңгеден біздің қоржынға қанша салық түсуі керектігін, қазіргі түскен салық көлемінің соған сәйкестігін зерделесін,- деді аймақ басшысы.
Аймақ басшысы «Облшығысжол» КМК жұмысына байланысты да ескертулер жасады.
-Аталған мекеме облыс меншігіндегі жолдарды ұстап, сақтау үшін миллиардтан астам мемлекеттік тапсырыс алған да, жыл бойында 490 млн. теңгенің жұмысын істеген. Үш бірдей асфальт зауыты бола тұра, жолдардың сапасын жақсартып жатқаны шамалы. Бұлай болмауы қажет. Орынбасарым Димитрий Гариков, тиісті басқарма басшысы мен аудан әкімдері аталмыш кәсіпорынның жұмысына ай сайын талдау жасап отырсын. Ал «Облшығысжол» КМК басшылығы облыс бюджетіне ұсыныс енгізбес бұрын барлық жобаларды аудан әкімдеріне мақұлдатуы қажет. Бұл істе «тасадан басқарушы» деген болмауы керек, – деді аймақ басшысы.
Жолдарды жөндеу мәселесінде күрделі жөндеуден гөрі орташа жөндеуге басымдық беріліп отырғанын құптаған облыс басшысы келер жылы да осы тенденция сақталу керектігін ескертті. Ал туризм және сыртқы байланыстар басқармасына Катонқарағай бағытындағы әуе қатынастарын жандандыру бойынша нақты ұсыныс дайындауды тапсырылды.
Облыстағы барлық жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстары үш жылдың ішінде атқарылуы тиіс. Соның ішінде Өскемен-Риддер, Өскемен-Шемонайха, Өскемен-Семей, Өскемен-Алматы жолдарындағы құрылыс және жөндеу жұмыстарына үлкен көңіл бөлінбек. Ал Өскемен мен Зырянның арасын Осинов асуын айналып өтетін жол арқылы жалғау жобасын әлі зерделеу қажет. Егер аталмыш жоба тиімді деп танылса, «Серпантин» аталып кеткен асуды туристік нысанға айналуы мүкін. Бірнеше жылдан бері қолзғалып келе жатқан Рахман қайнарына апаратын тас жол құрылысы облыс жолдарын қалыпқа келтіру жұмыстарының төртінші кезеңіне шегерілді.

Балабақша кезегін қысқарту жолдары қарастырылды

Облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев балабақшалар құрылысы, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ғимараттарын мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Қазіргі уақытта облыстың мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 830 мекеме бар, оның 240-сы – балабақша. Аталмыш мекемелерде 37 мыңнан астам бүлдіршін тәрбие алады. Балабақшалардың 56-сы жеке меншікте.
Жалпы, үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту облыста 98,4 пайызды құрайды. Бұл жағынан Шығыс Қазақстан облысы елімізде төртінші орында келеді. Дей тұрғанмен, бүгінгі таңда облысымызда мектепке дейінгі ұйымдардың кезегін күткен 28 660 бала бар екен.
Осы ұзын-сонар кезекті қысқарту мақсатында соңғы төрт жыл ішінде жаңадан үш мың орындық 15 балабақша салынып, іске қосылған. Бұл өз кезегінде кезекте тұрғандар санын айтарлықтай азайтуға септігін тигізді.
Қазір аймақта 1260 баланы қамтитын алты балабақшаның құрылысы жүруде. Олардың бесеуі, атап айтсақ, Шемонайха, Зырян, Аягөз, Риддер қалаларындағы және Абай ауданының Қарауыл ауылындағы нысандар өткен жылдардан салына бастаған.
Ұлттық қордың қаржысы есебінен осы жылы Риддерде 280 орындық мектепке дейінгі мекеменің құрылысы бастау алды. Алдағы екі жылдың ішінде жергілікті бюджеттен Курчатов қаласындағы және Ұлан ауданының Қайсенов кентіндегі балабақшалар жаңартылады. Семейдің Суықбастау кентінде 230 орындық балабақша салынады.
Балабақша мәселесін шешудің бірден-бір жолы – жекеменшік балабақшаларды ашу. 2010 жылдан бері Шығыс Қазақстанда 4200-дей баланы қамтитын 50 жекеменшік балабақша пайдалануға берілген. Тек осы жылдың алғашқы төрт айында ғана облыста алты жекеменшік балабақша ашылып, 505 баланы қабылдапты. Жыл соңына дейін тағы 19 балабақша іске қосылмақ. Олар екі мыңға жуық бүлдіршінге білім мен тәрбие береді. Жекеменшік балабақша ашу ісі облыстың Бородулиха, Катонқарағай және Күршім аудандарында сылбыр жүргізілуде.
Бұрын балабақша болған ғимараттарды қайтадан мемлекет меншігіне қайтару аталмыш мәселеден шығудың тағы бір оңтайлы жолы болып табылады. Мәселен, 2010 жылдан бастап облыста 24 ғимарат қайтарылыпты, олар қазір балабақша қызметін атқарып, 3800-ден астам балаға тәрбие беріп отыр.
– Міне, бұрындары мектепке дейінгі білім беру мекемелері болған 22 ғимаратты бірінші кезекте өздерінің бастапқы бейіндеріне қайтару қажет, яғни, олар қайтадан балабақша ретінде ашылып, қызмет етулері тиіс. Бұл істі, әсіресе Өскемен және Семей сынды ірі қалаларда күш сала атқарған жөн. Мен аудандар мен қалалардың әкімдеріне және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бір ай уақыт беремін, осы мерзім ішінде мемлекеттік мекемелер көшірілетін орындарды анықтап, ары қарай нақты іске кірісу қажет. Мысалы, Өскемен қаласында жартылай бос тұрған ғимараттар жетерлік, сол орынжайларды оңтайлы пайдаланған абзал, – деді осы ретте облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.

2012-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасының облыста іске асырылу барысы туралы жиналғандарды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников хабардар етті.
Қатерлі ісік дерті жөнінен Шығыс Қазақстан елімізде үшінші орын алады. 100 мың тұрғынға шаққанда науқастар саны 299 адамды құрайды. Десек те, ауруды ерте анықтау көрсеткіші соңғы төрт-бес жыл көлемінде жақсара түскен. Айталық, скрининг жүргізудің арқасында ауруларды анықтау үлесі сегіз пайызға артыпты.
Аты жаман аурудың алдын алу мақсатында аталмыш бағдарлама аясында үш негізгі бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның бірі – скрининг бағдарламасын енгізу. Жыл сайын облыста 155 мыңдай адам осы скринингтің алты түрінен өтеді. Екіншісі – диагностиканың және емдеудің жаңа әдіс-тәсілдерін қолдану. Қазірдің өзінде облыс дәрігерлері сұйықтықты цитология, сәулемен емдеу, мамандандырылған хирургия әдістерін кеңінен қолдануда, ал Семей онкологиялық диспансерінде референс-орталық құрылған. Аталмыш орталық науқасқа дербес ем қолдану мақсатында түбегейлі диагностика жүргізеді. Үшінші бағыт емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуды көздейді. Бұл салада да атқарылған жұмыстар аз емес. Тек соңғы үш-төрт жылда 33 онкологиялық, 29 маммологиялық кабинет, 88 бақылау бөлмесі ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
– Жалпы денсаулық басқармасының осы және өзге де бағыттардағы жұмыстары қарқынды жүруде. Айталық, дәрігерлерге Интернет немесе Колл-орталық арқылы жазылу біртіндеп реттеліп келеді. Қызмет көрсетудің осындай заманауи әдіс-тәсілдерін қолдану тұрғындарға да, дәрігерлерге де ыңғайлы. Ал, қатерлі ісік мәселесіне келер болсақ, ең алдымен дәрігерлердің сапасына көңіл аудару қажет деп санаймын. Құрылғылар да, қаражат та жеткілікті бөлінуде. Бірақ біліктілікті арттыру курстарынан бір жылда 10-15 маманның өтуі жағдайды жақсартпайды. Жылына кем дегенде 200-300 дәрігер өз білімдері мен біліктілігін жақын және алыс шетелдерде жоғарылатуы тиіс, ал оқу мерзімі үш айға дейін созылуы керек. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Мен басқармаға дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, – деді аймақ басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы,
Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button