COVID-19 

Шұғыл шаралар қолға алынды

Семейде қоғамдық көліктердегі жолаушылардың маска тағуы міндеттеліп отыр. Осыған орай полиция, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерлері тексерулер жүргізуде. Бұл – облыс бас санитарлық дәрігерінің қаулысынан кейін қолға алынған шұғыл шаралар.

Семейдегі қоғамдық көліктерде жолаушылар лық толып отырады. Жолаушылардан бұрын кондукторлардың өздері маска тақпайды немесе ауыз-мұрындарын ашып, иек астына таға салады деген сын айтылуда. Міне, осы сындардан кейін бас санитарлық дәрігер қаулысына орай санитарлық-эпидемиологиялық нормалар күн сайын тексерілуде. Қалалықтардың маскалық режимді сақтау қажеттігі тұрақты түсіндіріліп жатыр. Масканы иыққа, білекке, қолға ілмей,  қалтада сақтамай, міндетті түрде киіп жүру қажет. Бұл тәртіпті бұзушылар бірден түсініктеме жазады. Одан кейін түсініктемелері мен ұсталған фактілер қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына (ТҚСҚБ) беріліп, маска тақпаған адам 80 мың теңге айыппұл төлейді.

Дегенмен, кей жағдайда кондукторлар мен жолаушылар автобуста тығыз тұрып қалады. Ал облыс бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сай автобустарда адамдар тығыз жиналмауы қажет. Қоғамдық көліктер аталған нормаға сай жүрмейді. Күнделікті автобустарда, әсіресе қарбалас сәттерде бос орын тұрмақ, жай орын болмайды. Жолаушылардың бұған кінәсі жоқ.

– Арнайы норма талаптарына сәйкес автобустарда адамдар иін тіресіп тұрмауы қажет. Арақашықтық міндетті түрде сақталуы жөн. Бірақ көпшілік автобусқа лық толып алады. Біреу жөтеледі, біреу түшкіреді. Инфекция автобусқа таралады. Бұған кінәлі–автопарк жетекшілері. Біз парк жетекшілеріне жолаушыларды қашық отырғызу қажеттігі жөнінде хаттар жолдаудамыз. Автобустарда жолаушылардың маскамен жүруін тексереміз. Бүгін автобуста маскасыз жүрген азаматшаны жауапкершілікке шақырдық. Бұл Н. есімді азаматшаның маскасы бар, алайда оны қалтасына салып алған. Аталған азаматшадан түсініктеме алдық. Материал ТҚСҚБ-ға жолданады. Қазіргі жағдайда ескертумен шектеле алмаймыз. Семейліктерді қоғамдық орындарда маскамен жүруге шақырамыз. Соңғы уақытта маскалық режимді бұзғаны үшін Семейде 100-ге жуық айыппұл рәсімделді. Рейд жалғасады, – деді Семей қалалық ТҚСҚБ басқармасының жетекші маманы Мұрат Ченемесов.

– Облыста күніне инфекция жұқтырғандар еселеп артып отыр,– деді облыстық татар қоғамдық орталығының жетекшісі Камилия Рашитқызы. – Сондықтан облыс басшылығының және бас санитарлық дәрігердің шектеу шараларын күшейтуі дұрыс. Қоғамда шектеу шараларына наразылар да бар. Мен кірістерін жоғалтатын кәсіпкерлерге мұндай шешімге келу қиын екенін білемін. Бірақ бұл – мәжбүрлі шара, денсаулық бәрінен жоғары.

Облыс басшылығы халық денсаулығын сақтау үшін қолдан келген амалдың бәрін жасауда. Жақында облыс әкімі қала-аудан басшыларының есептерін тыңдады. Енді аудандық және қалалық ауруханалардың бас дәрігерлері Даниал Ахметовке эпидемиологиялық жағдай туралы жеке баяндайтын болады. Онлайн-кездесу барысында аймақ басшысы денсаулық сақтау басқармасының аурухана жабдықтары мен медициналық препараттарды жеткізу жөніндегі ақпаратын тексерді.

– Әкімдер мен топтарға науқастарды анықтаған кезде күн ішінде дереу жұқтырғандармен байланыста болғандарды анықтап, олардың таралуын болдырмауды тапсырамын. Бұл жұмыстар күн сайын жүргізілуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Семейде пандемия кезінде кәсіпкерлік нысандары бойынша санитарлық нормаларды сақтауға арналған рейдтер тоқтаған жоқ. Заң бұзушылыққа кәсіпкерлер ғана емес, тексерушілердің өздері де барған. Мәселен, Семей қаласындағы №2 соттың мамандары хабарлағандай, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау басқармасының бас маманы қызмет бабын бірнеше рет қолданған.

– Мәселен, дүкендерге жалған тексерулер жүргізген, – дейді №2 соттың баспасөз хатшысы. – Яғни, дүкендерде санитарлық нормалардың бұзылғаны анықталған жағдайда жұмысына немқұрайлы қараған. Анықталған бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттама толтырмауы үшін 32 мың теңге сыйақы алған.  Кінәліге 320 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Тұрғындардың маска кимеуі денсаулықтарымен қатар, әлеуметтік-мәдени өмірлеріне кедергі келтіріп жатыр.

– Жақында ел кинотеатрлары жұмысын қайта бастады. Алайда тек «жасыл» аймаққа кіретін өңірлерде ғана рұқсат берілген. Біздің облыста, Семейде кинотеатрлар жұмысына тыйым салынған, өйткені облыс эпидемиологиялық ахуалы нашарлаған «сары» аймақта орналасқан. Немерелерім киноға апарыңызшы дейді. Эпидемиялық ахуалға орай, оларды шығара алмаймын. Кинотеатрлардың нақты ашылу күні жоқ екенін түсінеміз, мәселе эпидемиологиялық жағдайға байланысты болатынын білеміз, – дейді қала тұрғыны Сәуле Айтқожақызы.

Бүгінде Семей көшелерінде полиция және ұлттық ұлан қызметкерлері патрульдік рейд жүргізуде. Тәртіп сақшылары тұрғындарға маскалық режимді сақтау маңызын түсіндірумен қатар, маскасыз жүргендердің температураларын да тексеріп жүр. Жоғары температура айқындалса, жедел жәрдем шақырады.

Соңғы екі аптада рейдтік тексеру топтары кәсіпкерлік орындарында болып, 90-нан астам карантиндік талаптарды бұзу фактілерін анықтады. Талап бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көбінесе карантин режимін қызмет көрсетулеріне 22-ден таңғы 7-ге дейін тыйым салынған кафелер, мейрамханалар, сауналар, дүкендер, компьютерлік клубтар бұзуда. Тыйымға қарамастан олардың басым бөлігі түнде де жұмысты жалғастырады.

– Қазір топталып жиналуға болмайды, бір отбасындағы адамдарды есептемегенде, үш адамнан артық жиналмауды ескертеміз, – дейді Семей қалалық ПБ ЖПҚ бастығының орынбасары, полиция майоры Бауыржан Садақбаев, – Семей қаласы 202 учаскеге бөлінген, әр учаскеде полиция және ұлттық ұлан қызметкерлері жүр. Рейдтік топ қоғамдық орындарда, автобустарда, кәсіпкерлік субъектілерінде болады. Тоғыз жұмылдыру тобы бизнес саласындағы карантиндік талаптардың сақталуын анықтайды.

Рейдтік іс-шаралар көрсеткендей, азаматтар көбінесе маска тағу ережесін орындамайды және әлеуметтік арақашықтықты сақтамайды. Жүргізіліп жатқан профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар тұрғындар арасында ауру деңгейін төмендетуге ықпал ететінін ұмытпаған жөн.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button