Үш ірі кәсіпорын берешектерін төледі
Облыс прокуратурасы «Жалақы – уақытында» акциясын жалғастыруда. Өскемен қалалық прокуратурасы қабылдаған іс-шаралар нәтижесінде үш ірі кәсіпорын жалақы бойынша берешектерін толық өтеді.
Нақтырақ тарқатып айтар болсақ, жиыны 1056 жұмысшының алдында жалпы қарыз 77,5 млн. теңгені құраған болатын. Ірі кәсіпорын – борышкерлер арасында «Востокмашзавод» ЖШС (42,5 млн. теңге), «Өскемен қалалық трамвай паркі» ЖШС (20 млн. теңге), «Земстрой» ЖШС (12 млн. теңге) сынды мекемелер болған. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған қарыздар толық өтелген.
Конституцияның 24-бабы, 2-бөлігіне сәйкес, әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
Естеріңізде болса, 2016 жылы облыс прокуратурасы қабылдаған іс-шаралар нәтижесінде өңірде 13 859 тұрғынға 1 млрд. 17 млн. теңге сомасында берешек төленген болатын.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ