Қоғам

Үш ұпай Петерборға кетті

Үш ұпай Петерборға кетті


Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының кезекті турында Өскемендегі Б.Александров атындағы Спорт сарайында петерборлық «Динамомен» кездескен «Торпедо» 1:2 есебімен қарсыласқа есе жіберіп қойды.

Айта кетейік, торпедолықтардың бұл жолғы қарсыласы осал емес еді. Бұған дейінгі 20 ойында қарсыластар қақпасына 74 шайба (біріншілікке қатысатын ұжымдар арасындағы ең үздік көрсеткіш) соғып, 52 ұпаймен көш бастаған петерборлықтарға қазір Жоғары хоккей лигасында төтеп бере алатын команда кемде-кем дейді мамандар.

Дегенмен «Торпедо» хоккейшілері бұл ойында жеңіске жету үшін барын салды. Тіптен, ойынның 24-ші минутында шабуылшы Алексей Шантыканың көмегімен есепте алға шығып кетті. Алайда өскемендіктердің қуанышы көпке созылмады, Спорт сарайына жиналған үш жарым мың жанкүйер голды тойлап, орындарына отырып үлгергенше қонақтар таразы басын теңестіріп жіберді. Нәтижелі соққының авторы – Артем Нечаев.

Ал соңғы жиырмаминуттықта сәттілік динамолықтарға жолдас болды. Алма-кезек ұйымдастырылған шабуылдардың бірінде қонақ команданың шабуылшысы Артур Чувиляев жеңіс шайбасын соқты. Қорытынды есеп 2:1.

Тағы бір айта кетер жайт, соңғы рет «Торпедо» мен «Динамо» былтырғы чемпионаттың плей-офф кезеңінде (ширек финал) кездесіп, сол жолы өскемендік команда серияда 4:3 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Дәл қазір 32 ұпаймен турнир кестесінің 13-ші сатысына тұрақтаған Алексей Ждахин шәкірттері бүгін Нева өзенінің жағасынан келген тағы бір команда – «СКА-Невамен» кездеседі. Бұл матч кешкі сағат 18.30-да басталады.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button