Қоғам

ШҚО: дәрі-дәрмек неше күнге жетеді?

Кеше облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен тікелей эфир өтті. Онда аймақ басшысы коронавирус індетіне байланысты өңірдегі қазіргі жағдай туралы баяндап, қауіпті дерттің таралуын тежеу, карантиндік және шектеу шараларын сақтау жөнінде айтты. Сонымен қатар келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

– Сіздер мен біздің алдымызда тұрған басты міндет – инфекцияның таралуын тежеу, халықтың вирусты жаппай жұқтыруына жол бермеу. Төтенше жағдай кезінде енгізілген қатаң шектеу шаралары бізге оның мүмкін екенін дәлелдеді. Үш ай көлемінде ел ішіндегі адамдар ең аз ауырған облыстың бірі болдық. Біз бұл жағдайдың ең күрделі сценарийіне дайындықты бастаған едік. Бірсыпыра қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Науқастар саны күрт өскен кезде қажет болатын инфекциялық және провизорлық төсек-орындарды дайындадық. Қазір инфекциялық орындарды 100-ден 1770-ке, провизорлық орындарды 411-ден 1896-ға, карантиндік орындарды 500-ден 2590-ға дейін, ал реанимациялық орындарды 34-тен 227-ге дейін арттырдық, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, облыста маусым айында коронавируспен ауырғандар саны 135-тен 2313-ке (6-шілдедегі жағдай), яғни 17 есеге өскен. Станиционардан 505, амбулаторлық емдеуден 617 науқас жазылып шыққан. Қазіргі уақытта стационарларда 537 адам ем алып жатыр, тағы 654 азамат амбулаторлық ем-домға жүгінген. Инфекцияның 639 ошағы мен 2134 байланыста болған адам қатаң бақылауға алынған. Бұл ретте, емдеу мекемелеріндегі төсек-орындардың 30 пайызы ғана толғанын атап өткен орынды. Себебі, жұрт арасында ауруханада төсек-орын тапшы екен деген қауесет таралуда.

– Эпидемия басталғалы бері облыста коронавирустық инфекция мен пневмониядан 82 адам қайтыс болды. Оның ішінде 51-і пневмониядан, 22-сі коронавирустан, тоғызы ілеспе аурулардан. Әрине, бұл қайғылы жағдай. Мен жақындарынан айырылған отбасыларға көңіл айтамын, – деді облыс әкімі.

Шілденің 5-інен бастап Өскемен мен Семейде адамдар мен көліктердің қозғалысына арналған тақ және жұп күндер бойынша рұқсаттама жүйесі қайта енгізілді. Қызмет көрсететін нысандар, сауда-көңіл көтеру орталықтары, жабық базарлардың жұмысы уақытша шектелді. Сенбі-жексенбіде және мереке күндері «тыныштық режимі» енгізілді. Көліктердің қозғалысына, тұрғын үйлер жанындағы дүкендер мен дәріханалардан басқа сауда орындарының жұмысына шектеу енгізілді, саябақтар мен скверлерде, жағалауларда серуендеу де шектеледі.

Өкінішке қарай, соңғы кездері Семей, Өскемен қалаларынан бөлек, Аягөз, Жарма аудандарында да вирус жұқтырғандар көбейіп, инфекцияның таралу аумағы кеңейді. Аягөз қаласында 120 адам ауырса, жалпы ауданда 179 науқас тіркелген. Ал Жарма ауданында 123 адам вирус жұқтырған. Олардың 68-і – Қалбатауда тұрады. Осыған орай, аталған аудандарда да шектеу шаралары күшейтіліп отыр.

– Аймақта шектеу шараларын қайта бастадық, өйткені тек қатаң шектеулер мен оқшаулау ғана нәтиже бермек. Семейде енгізілген шектеулер арқасында вирус жұқтырғандар саны азайып келеді. Сондықтан әлеуметтік қашықтықты, бетперде режимін сақтап, санитарлық талаптарды орындауды сұраймын.

Айта кетейін, кәсіпорындар, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, банктер, ХҚО-лар (қысқартылған кесте бойынша) жұмысын жалғастырады. Бизнестің жұмыс істеп, тұрғындардың жалақы алуы үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз, – деген аймақ басшысы Даниал Ахметов Семейдегі карантиндік режимді күшейтуден кейінгі жағдайдың жақсаруын мысалға келтірді.

Айталық, маусым айының басында облыстағы коронавируспен ауырған адамдардың 68 пайызы Семейде болған. 19 маусымда карантин режимі күшейтілді. Нәтижесінде 28 маусымда Семейде вирус жұқтырудың 22, 29 маусымда 11 жағдайы тіркелді. Соңғы аптада Семейде аурушаңдық 1,5 есеге төмендеді. Облыс орталығында да шілденің ортасына қарай осындай нәтиже болуы керек.

Қауесетке сеніп, дүрлігудің қажеті жоқ

Облыс әкімі Даниал Ахметов «медицина мекемелерінде дәрі жоқ» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, нақты цифрлармен шынайы жағдайдың қандай екенін түсіндірді. Қазір өңірдің инфекциялық, провизорлық ауруханаларында 155 мың ыстық түсіретін, 35 мың вирусқа қарсы препарат, 314 мың антибиотик бар. Бұл дәрілер стационарларда бос орын қалмаған кездің өзінде бір айға жетеді.

Сонымен қатар, дәріханаларда рейдтер жүргізетін мониторингтік топтар құрылған. Препараттарды қымбатқа сатумен айналысатын алыпсатарлар анықталып, жауапқа тартылуда. Денсаулық сақтау министрімен қосымша дәрілерді жедел жеткізу туралы келісілді. Қысқа мерзімде жаңа партиялар жеткізілмек.

– Бүгінде облыста 57 мобильді рентген-аппарат, 196 өкпені жасанды желдету аппараты бар, қосымша тағы 50 өкпені жасанды желдету аппараты, 10 рентген-аппарат сатып алынады. Облыста 15 компьютерлік томограф жұмыс істеп тұр, бұл нормадан екі есеге көп. Бұдан басқа, пандемияға байланысты әр томограф аппараты белгілі бір ауданға бекітілген. Қазір медициналық техника жеткілікті, қосымша төсек жанындағы мониторларды, балаларға арналған өкпені жасанды желдету аппараттарын, басқа да құралдар сатып алу көзделген. Барлық дәрігерлер жеке қорғаныш құралдарымен жүз пайыз қамтылған. Сонымен қатар, тамыз айында 100 заманауи жедел жәрдем машинасын сатып алуды жоспарлап отырмыз, – деді аймақ басшысы.

Бүгінде барлық медициналық қызметкерлер жеке қорғаныш құралдарымен 1,5 айға жетерлік көлемде қамтылған. Олар үшін 54 мың бірреттік костюм, 193 мың бетперде, 22 мың медициналық көзілдірік, 100 мың экспресс-тест сатып алынған. Наурыз айынан бері өңірде тәулігіне 100 мың дана бетперде тігетін өндіріс ұйымдастырылған болатын. Енді медициналық еңбеккерлерге арналған қорғаныш костюмдерін тігу қолға алынбақ.

Төтенше жағдай кезінде 470 мың адам көпреттік бетперделермен тегін қамтылды. Олардың басым бөлігі зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, аз қамтылған азаматтар, мүгедектер мен жетім балалар болды. 7 шілдеден бастап бетперде тарату ісі қайта жанданды.

Бүгінгі таңда облыс стационарларына 148 дәрігер, 212 медбике тартылған. Резервте 141 дәрігер мен 197 орта медициналық буын маманы тұр. Індетпен күреске барлығы 533 дәрігер, 1483 медбике жұмылдырылды. Бүкіл қалалық, аудандық ауруханаларда қарқынды терапия палаталары, диагностика мен зерттеулердің бірыңғай алгоритмі әзірленген. Қала-аудан әкімдері мен медициналық мекемелердің бас дәрігерлері, дәрігерлердің өз арасындағы іс-қимыл жүйесі жолға қойылған.

Қазір облыстағы зертханалық зерттеулердің тиімділігі де арттырылып отыр. Өңірдегі жеті зертхана ПТР-тестілеуді жүргізеді. Індет басталған кезден бері облыста барлығы 170 мың адам тексеруден өткен, бұл – облыс халқының 12 пайызы.

Тұрақты түрде аудан-қала әкімдерімен, тиісті орган басшыларымен, ауруханалардың бас дәрігерлерімен онлайн жиындар өткізілуде. Әр ауруханадағы жағдай мұқият қадағалауға алынған.

Алпыс мыңдай адамға көмек көрсетіледі

Облыс әкімі жақын арада өңірге Татарстаннан жергілікті дәрігерлерге кеңес беретін мамандар келетінін жеткізді.

– Татарстан президенті Рустам Миннихановпен келіссөздер жүргіздім. Таяуда 20-дан астам тәжірибелі маман біздің дәрігерлерге бірқатар бағыттар бойынша кеңес беру үшін Шығыс Қазақстанға келеді, – деді Даниал Ахметов.

Сауалдарға жауап берген аймақ басшысы жақында Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің сауығып, жұмысқа қайта оралғанын айтты. Өкінішке қарай, Алтай ауданының әкімі Қалиқан Байғонысов пен Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың және облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаевтың да вирус жұқтырғанын жеткізді.

– Бұл олардың тәртіпті сақтамағанына байланысты емес. Олар жұмыс істеуі тиіс, кабинетте қамалып отыра алмайды. Олардың тез сауығуын тілеймін! – деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ, облыс әкімі шектеу шараларына байланысты 60 мыңдай мүгедек адамды, зейнеткер мен көпбалалы ананы азық-түлікпен қамтамасыз етуге қаражат бөлу қарастырылып отырғанын айтты. Бұл мәселе бойынша нақты шешім бір апта ішінде қабылданады.

– Маусым айы бойы ешкім бетперде таққан жоқ. Тұрғындар әлеуметтік қашықтықты ұстануды ұмытып кетті. Кейбір жерлестеріміз той-томалақ, басқа да түрлі іс-шаралар өткізді. Бізде барлық мүмкіндіктер бар, бірақ тәртіп қажет. Қазіргі алдымызда тұрған аса жауапты міндеттің маңызын терең ұғынып, түсіністік танытуларыңызды сұраймын! Вируспен күрестің тиімділігі, оның таралу аумағын азайту тек сіз бен біздің бірлескен әрекетіміздің арқасында ғана мүмкін. Өзіңіздің, отбасыңыз бен жақындарыңыздың өмірі үшін жоғары жауапкершілік танытуларыңызды сұрамын, – деп түйіндеді өз сөзін аймақ басшысы.

Ержан Әбіш

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button