Үш мың тұрғыны бар ауылға нан пісіреді
Үржар ауданында 27 ауылдық округ болса, соның ең шалғайдағысы – Қарақол ауылы. Мұнда үш мыңға тарта адам тұрады. Алматы облысымен шектесіп жатқан бұл ауылдағылар наубайхана нанының дәмін Кеңес одағы ыдырамай тұрып татқан-ды. Одақ тарасымен наубайхана наны да көрген түстей болып арманға айналған еді. Биыл осы олқылықтың орны толды.
Осыдан үш-төрт ай бұрын ғана Айман Шәріпқанқызы төрт бала өсіріп отырған жұмыссыз ана болатын. Жолдасы Ерлан да әртүрлі кәсіп істеп, нәпақасын айырып жүрген-ді. Заманның ағымына сай қимыл жасауға бекінген жас ана үлкен ауыл халқына ас атасы – нанның қажет екенін түсініп, мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен 1,5 миллион теңге несие алып, өз кәсібін бастап кетеді. Қаладан нан пісіретін, нан илейтін арнайы құрылғыларды сатып алды. Рас, әуелде мұндай қыруар ақшаны игере алмайтындай жүрексінді. Алайда, «көз қорқақ, қол батыр» демекші, үлкен-үлкен кедергілерді жеңіп, өз ісін дөңгелетіп әкетті. Бүгінде Айманның қол астында бірнеше адам жұмыс істеп, өз отбасыларын асырап отыр. Ол алдымен ауылда қаңырап тұрған екі қабатты, бұрын тұрғын үй, мектеп интернаты болған үлкен ғимаратты жөндеп іске қосты. Қазір ғимараттың астыңғы қабатында нан өнімдерін пісіріп шығаратын цех, нан сататын дүкен келушілерге мүлтіксіз қызмет етуде. Күніне 200 дана нан, тапсырыспен тоқаш, батон, қалаш пісіреді. Мұнда 600 грамм нан 60 теңге тұрады. Алмагүл Бөлегенова, Шолпан Жұмағалиева сынды наубайшылардың қолдарынан шығатын нан өнімдеріне Қарақол жұрты дән риза.
-Мемлекетіміз шағын кәсіпкерлікті дамытуды бүгінде шындап қолға алып жатыр, – дейді Айман Химадиева. – Несие алуға ауыл әкімі Айбек Лебаевтың көп көмегі тиді. Өзімнің атам Серғали Химадиев та қолынан келген жәрдемін, ақылын аяп қалмады. Анамыз Нұрлыхан Дүйсекова екеуі осы істі бастауға ақыл-кеңес беріп, мұрындық болды. Шынын айту керек, атамның байырғы механизатор, электрмен дәнекерлеуші болғандығының көп жәрдемі тиді.
Дүкен ішінен сондай-ақ, «Әлеуметтік бұрыш» та ашылған. Ол жерден тізім бойынша ауылдың тұрмысы төмен жандары келіп, арзан бағамен сауда жасай алады.
Біз келгенде Айман, Алмагүл, Шолпан есімді наубайшылар буы бұрқыраған ыстық нан, тоқаш, батонды пештен жаңа шығарып, дүкен сөрелеріне қойып жатыр екен. Дүкен ішін нанның мұрын жарар хош иісі жаулаған. Наубайшы қыздардың да жүздері жарқын.
-Алла қаласа, астыңғы қабаттың тең жарымын өзінің кәсібін ашамын, дамытамын деген етікші, шаштараз, фотостудия, әртүрлі шеберханаларға жөндеп, жалға берсек пе деген ойдамыз. Тіпті, үстіңгі қабаты да бос тұрмайды. Ол жерден де тігін цехын ашам деген жандар бар. Құдайға шүкір, барлық жерлердегідей біздің ауылымызда да өзінің жеке кәсібімен жан бағып, жанұясын асырап отырған жандардың саны артып келеді. Жалпы, осы іске ұйытқы болған аудан басшыларына алғыс айтамын,-дейді байырғы механизатор, электрші Серғали ақсақал.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.