Үш мектептің шатыры қайта жабылмақ
Жаз – білім мекемелерінде жөндеу жұмыстарының қызатын шағы. Өскемен қаласының мектептері де жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын қарқынды
бастап кетті. Биыл қаланың 40 орта білім беретін мекемесіне ағымдағы жөндеу жұмысы жүрзіліп, үш мектептің төбесі қайта жабылмақ.
Өскемен қалалық білім беру бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Гүлнар Қыстаубекованың айтуынша, облыс орталығында апатты жағдайда тұрған мектеп жоқ. Жөндеу жұмыстары болса уақтылы жүргізіліп, ойдағыдай атқарылып жатыр. Ағымдағы жылы № 42, 26 және 35 мектептердің шатырын ауыстыруға қаржы бөлінген. Аталмыш үш білім ордасында да жөндеу жұмыстары басталып, мердігер компаниялар жаңа оқу жылына дейін мектеп төбелерін жаңалауды аяқтамақ.
Ескі ғимараттардың негізгі мәселесі – шатыр. Бұл мәселе облыс орталығындағы мектептерде жыл сайын шешімін тауып келеді. Өткен жылы да бірнеше білім ордасының төбесі толықтай ауыстырылған болатын. Келесі жылы да төрт мектептің шатырын күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар.
Мектептерді ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге биыл жергілікті бюджеттен 232417,119 мың теңге, облыстық бюджеттен 258401,0 мың теңге қаражат бөлінді, оның 29486,061 мың теңгесі игерілді.
Күленов кентінде орналасқан №42 мектепте шатырды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қызу жүріп жатыр.
– Мектептің үш блогының шатырында демонтаждау жұмыстары аяқталып, енді бетон кұю ісіне кірістік. Жұмысшылар кешкі жеті-сегізге дейін жұмыс істейді. Өйткені, жұмыс көлемі үлкен. Нысанды тамыздың 20-сына дейін тапсыруды көздеп отырмыз дейді,-дейді мердігер Қайрат Ахбутин.
№42 мектеп – Күленов кентіндегі жалғыз орта білім мекемесі. Мұнда кент оқушыларынан басқа, Самсоновка, Жыланды ауылдарының шәкірттері, сондай-ақ, балалар үйінің тәрбиеленушілері білім алады. Мектеп үлкен болғанымен, ауласы өте тар. Айналасына жекеменшік үйлер салынып, жүк мәшинелерін былай қойғанда, жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникасының жақындап келуі қиямет-қайым. Мектеп директорының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары С.Кривобоктың айтуынша, бір кезде мектептің атшаптырым ауласы болған, тіпті, оқушылар өз қолдарымен көшеттер егіп, ол баққа айналып келе жатқан. Алайда, бас-аяғы бір жылдың ішінде сол баққа зәулім үй тұрғызылып, мектепке көлікпен кіріп-шығу қиындап кетті. Бұл мәселе ата-аналар мен мектеп ұжымы тарапынан сан мәрте көтерілгенімен, шешімін таппаған көрінеді.
– Мектепте жыл сайын өз күшімізбен, білім бөлімінің қолдауымен ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып тұрады. Ескі терезелер ішінара пластик терезелерге алмастырылды. Шатырға бұрын-соңды күрделі жөндеу жасалмаған, дегенмен, төбеден су ағызбаудың алдын алып отырғанбыз,-дейді С.Кривобок.
Лаура Тілеубайқызы