Қоғам

Үш көпқабатты үй пайдалануға беріліп, балабақша ашылды

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ қала күнінде Өскемендегі бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатына қатысып, бірнеше отбасыға пәтер кілттерін табыс етіп, облыс орталығында өткен іс-шараларды тамашалады.

160 пәтердің кілті тапсырылды

Үш көпқабатты үй пайдалануға беріліп, балабақша ашылды

Ертістің сол жағалауында салынып жатқан салтанатты 19-шағын аудан күн санап көркейіп, ұлғайып келе жатқаны баршаға аян. Келешекте ең сәнді, ең заманауи қалашыққа айналатын бұл маңда құрылыс бір сәтке де толастаған емес. Тұрғын үйлер, жаңа мектеп пен түрлі орталықтар қаз қатар бой көтеріп келеді.
Облыс әкімі қала күнінде аталған ықшам ауданда «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы бойынша бой көтерген үш көпқабатты үйдің кілттерін салтанатты түрде табыстады. Осыдан бір екі жыл бұрын ғана қаланың сырты болып саналған иен дала қазыр сәнді көшелері бар әдемі қалашыққа айналған. Құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген 5 қабатты үй, шынымен, де кірсе-шыққысыз әдемі. Әр үйдің ауласында асфальт төселген, аумағы атшаптырым автотұрақ. Бөлмелері кең және жарық. Бұрынғы «хрущевка» деп аталған ескі пәтерлердей емес, бүгінгінің баспанасы ерекше жайлы. Қонақжай, жатын бөлмелердегі жайлылық адамға арналып жасалғаны көрініп тұр.
Аймақ басшысы пәтер кілттерін тапсырған қуанышты сәтте жас отбасылар үшін ең бастысы баспана екендігін тағы бір мәрте атап өтті.
-Жастарға ең алдымен баспана керек. Баспана болса, бәрі де болады. Елбасымыз бүгінде Қазақстан азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отыр. Осы мақсатта көптеген бағдарламалар іске асырылып жатыр. Өткен жылы көлемі 300 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, биыл бұл көрсеткішті 320 мыңға ұлғайтып отырмыз. Бүгінгі күні Өскемен қаласында 33 тұрғын үйдің қабырғалары көтеріліп жатыр. Сіздер баспаналы болған ауданның аумағы келешекте үлкейе береді. Мұнда қазіргі уақытта мектеп пен балабақша нысандары салыну үстінде. Құрылыс нысандары уақытымен өткізіліп жатыр, осы ретте мердігер компанияларға, құрылысшыларға үлкен алғыс айтқым келеді. Барлықтарыңызды қала күні мерекесімен құттықтаймын. Бүгін көптен күткен пәтер кілтін алып жатқан жанұялардың шаңырағына бақыт пен жайлылық тілеймін, үйлеріңіздің іші жанға толсын, – деді облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде.
Естеріңізге сала кетейік, қала күнінің құрметіне Өскеменде 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 160 пәтердің кілті иелеріне табысталды. Алдағы уақытта «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша тағы 22 көпқабатты тұрғын үйдің ленталары қиылады. Жаңа пәтерлер мемлекеттік қызметкерлер мен 29 жасқа дейінгі жас отбасыларға берілетін болады.

Көптен күткен көз орталығы іске қосылды

Үш көпқабатты үй пайдалануға беріліп, балабақша ашылды

Қала күні құрметіне орай ашылған кезекті нысан – облыс орталығындағы су жаңа офтальмология орталығы. Аталмыш орталық жекеменшік мемлекеттік серіктестік бағдарламасы аясындла республикалық «Көз микрохирургия орталығы» клиникалар жүйесінің жетекшісі Владимир Кимнің атсалысуымен іске қосылды. Аталған клиника Өскеменнен бөлек Астана, Қарағанды және Шымкент қалаларында бар.
Көз орталығының ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі мемлекеттік жекеменшік серіктестік бағдарламалары арқасында елімізде көптеген медициналық мекемелердің ашылып жатқанын айтты.
– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ең алдымен Қазақстан халқының денсаулығына баса назар аударылу керектігін үнемі айтып келеді. Жүзеге асырылып жатқан «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы осынау ауқымды істердің нәтижесі. Біздің облыс аталған бағдарламалардың барлық талаптарына сай жұмыс істеуде. Владимир Ким бұл құрылысты екі жыл бұрын бастаған болатын, міне, өздеріңіз көргендей, зәулім орталық сіздердің игіліктеріңізге салынды. Бұған жарты миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бұл жерде заман талабына сай ең соңғы үлгідегі медициналық құрылғылар орнатылған, ең білікті мамандар да – осы жерде. Бұл нысан қала тұрғындары үшін үлкен сыйлық деп ойлаймын. Мекемеде ардагерлер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар үшін жеңілдіктер қарастырылған, – деді аймақ басшысы.
Орталықта енді көзге ең күрделі операциялар жасалынып, көзді лазермен емдеудің ең тиімді әдістері қолданылмақ. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, мұнда көздің көру қабілетін тексерту – 1000 теңге, заманауи аппараттармен көзге толық диагностика жасату – 8000 теңгенің айналасында екен.
Қала күні ашылған тағы бір әлеуметтік насандардың бірі – «Шуақ» балабақшасы. Төрт жүз отыз орынға арналған балабақша Дзержинский көшесінің бойында орналасқан. Мектепті оңтайландыру арқылы іске қосылған нысанға биылдан бастап бүлдіршіндерді қабылдап жатыр.

Үш көпқабатты үй пайдалануға беріліп, балабақша ашылды

Облыс әкімі балабақшаның ашылу салтанатында жаңа ғимараттың ең бастысы, балалар үшін жайлы болу керектігін атап өтті. Ата-аналар жақын жердегі мұндай үлкен балабақшаның балалары үшін өте ыңғайлы болғандығын айтады. «Шуақ» балабақшасы балаларды 2 жастан бастап қабылдайды екен. Бүлдіршіндер үшін мұнда жарық та жайлы бөлмелер мен спорттық ойын залдары, асхана мен ұйқы бөлмесі жабдықталған.
Ал бұл күні Өскемендегі орталық алаңда дәстүрлі «Күз тартуы» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Курчатовтан келген көш-керуен қала тұрғындарына қажетінше ауылшаруашылық өнімдерін әкеліпті. Сондай-ақ, Ұлан, Катонқарағай, Үржар, Зырян, Шемонайха аудандарынан әкелінген өнімдер де өскемендіктерге ұсынылды. Жәрмеңкені аралап көрген аймақ басшысы әрбір сауда сөресінің жанына келіп, күзгі өнімнің бағаларын сұрап білді. Өскемен қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Заманбек Серікбаевтың айтуынша, орталық алаңға арзан бағамен 20 тонна ет, 40 тонна жеміс пен көкөніс әкелініпті.
Қала сыртындағы атшабарда көкпардың көрігі қызып жатты. Жорға жарысқа Қазақстанның әр жерінен тұмарлап әкелген тұлпарлар қосылды. Көкпардан бас жүлдені көкпектіліктер алса, жорға жарыстың жүлдесі Алматыдан келген арғымақтың қанжығасында кетті.

«Алтын Алтайға» Еуропадан да әншілер келді

Үш көпқабатты үй пайдалануға беріліп, балабақша ашылды

Қала күні ашық аспан астындағы амфитеатрда, кешкі Ертістің жағасындағы дүбірлі концертке ұласты. «Туған жерге – тағзым» акциясының аясында ұйымдастырылған «Алтын Алтай» фестиваліне Астана мен Алматыны айтпағанда, Еуропадан да әншілер келді. Бибігүл Төлегенова апамыз бастаған шығыстың күміс көмей әншілері Майра Ілиясова, Клара Төленбаева мен жас тыңдармандардың көзайымына айналған Ерболат Құдайбергенов, «Аламан» тобы, Мирас пен Құралай сынды әншілер фестивальде өнерлерін көрсетті.
Ең алдымен сахна төріне көтерілген Бибігүл апамыз өзінің ретро-репертуарынан бірнеше әндер орындап, өскемендіктерді қала күні мерекесімен құттықтады.
– Менің байқағаным, Өскемен қаласы күннен-күнге көркейіп келеді. Бұл – облыс басшысының ерен еңбегінің жемісі. Бүгін, яғни, бір күннің ішінде қаншама әлеуметтік нысанның тұсауы кесілді. Салынып жатқан театр, еңселі мешіт, басқа да зәулім ғимараттар – осы сөзімізге дәлел. Қалалрыңыз көркейе берсін, баршаңызға бақыт тілеймін, – деді Бибігүл Төлегенова.
Кештің көркін Франциядан келген әнші In-Grid және «Ottowan» тобы қыздырды. Фонограмманы жақтырмайтын француз әншісі жанды дауыста халықпен бірге ән салып, сахнада халықпен бірге би биледі. Думанды концерт соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button