ТОП

Үш күнде бес мыңнан астам нысанды тексерді

Облыстағы арнайы мониторинг тобы үш күн ішінде бес мыңнан астам нысанды аралап, карантин ережелерін бұзғандарға хаттама толтырды. Сонымен бірге Өскемендегі автобустарға да тосыннан рейд жүргізді.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің түсіндіруінше, жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктерге бірнеше талап қойылған. Көлік салоны дезинфекцияланып, әрбір айналымнан соң іші желдетілуі керек. Есік, терезе мен олардың тұтқалары түгелдей сүртіліп, таза тұруға тиіс. Ал жүргізуші мен кондукторлар бетперде тағып, резеңке қолғап киіп жүруге міндетті.

– Көпшілік қатынайтын көліктерді аралап, маска тақпаған жолаушыларға ескерту, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Барлық адам жеке қорғаныш заттарын пайдаланғанда індеттің ауылы алыстайды, – дейді департаменттің баспасөз хатшысы Бағлан Тауанова.

Бұл мониторинг топтың құрылғанына екі ай болды. Осы уақыт аралығында олар аймақтағы барлық дерлік нысанға бақылау жасаған. Түрлі мекеме басшылары мен қызметшілерінің және жеке азаматтардың санитария талаптарын сақтап-сақтамағанын тексеріп, түсіндіру жүргізген.

Ресми мәліметке сүйенсек, арнайы топ 18-21 шілде аралығында, яғни үш күн ішінде 5 017 нысанға рейд жасап, мыңнан астам ереже бұзылғанын анықтаған. Мәселен, 363 нысанда дезинфекция заттары мен кілемшелері болмай шыққан. 417 нысанда келушілерге маска тағу ескертілмеген. 109 нысанда адамдардың арақашықтығы сақталмаған. 47 нысанда тағамдардың беті ашық күйі саудаланған. 71 нысанда ыстық өлшейтін аспап жоқ болып шыққан. Бұл бұзушылықтардың ішінде 16-сы сот қарауына берілген. Нәтижесінде сот алтауына, яғни Семей, Риддер қалалары мен Үржар, Зайсан аудандарындағы ереже бұзушыларға айыппұл салған.

Әкішілік кодекстің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзуы) бойынша, жеке тұлғаға 30 айлық есептік көрсеткіш (83 340 теңге), шағын бизнеске 230 айлық есептік көрсеткіш (638 940 теңге), орта бизнеске – 310 айлық есептік көрсеткіш (861 180 теңге), ірі бизнеске – 1 600 айлық есептік көрсеткіш (4 444 800 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Алайда бұл айыппұл сомасын екі есе азайтуға мүмкіндік бар. Ол үшін құқық бұзған адам айыбын толық мойындап, жеті күн ішінде тиісті қаражатты төлесе болғаны.

Гүлжан Естаева

 

Осы айдарда

Back to top button