Қоғам

Үш бірдей ауданды ұнмен қамтамасыз етіп отыр

Үш бірдей ауданды ұнмен қамтамасыз етіп отыр

Ас атасы – нансыз дастарқанның сәні кіруші ме еді? Өзге халықты қайдам, менің білетінім, қазақтың көңілі дастарқанында наны болса ғана тоқ. Қазақ үшін нан – береке мен байлықтың белгісі. Зайсан ауданына барған сапарымызда бүкіл өңірді ұнмен қамтамасыз етіп отырған зауыттың жұмысымен танысқан болатынбыз.
Аудандағы жалғыз ұн өндіретін зауытқа етегімізге сүрініп, асығып жеткенімізді қайтейік, мұнда құлаққа ұрған танадай тыныштық екен. Өзімізше қызған тірліктің үстінен түсеміз деген көл-көсір көңіліміз кәдімгідей басылып қалды. «Мұнысы қалай?» деп қоямыз ішімізден. Сөйтсек, мұның мәнісі мынада екен: түнде электр қуатының құны 4 теңге болса, күндіз 12 теңге көрінеді. Сондықтан да бұл кәсіпорынның жұмысшылары негізінен түнде жұмыс істегенді жөн көреді екен. Мұны бізге артымыздан іле-шала жеткен «Икеп» шаруа қожалығының директоры Өмірбек Нұрасылов түсіндіріп берді. Осынау ұн өндіретін зауыт та осы «Икеп» шаруа қожалығының құрамына кіреді.
– Зауыт бір ауысымда 40 тонна ұн өндіреді. Ал сұраныс болса, үш ауысымда 120 тоннаға дейін өнім шығарамыз, – дейді Өмірбек Нұрасылов.
Жалпы, 2011 жылы ғана ашылған кәсіпорын күннен- күнге қанат жайып, құлашын кеңге сермеп келеді десек, қателеспейміз. Қазіргі күні зауыт ұнмен бірге, макарон өнімдерін шығаратын цехты ашуды жоспарлап отыр. Бір атап айтарлығы, зауыт ұн өніміне өздерінің астықтарын пайдаланады.
– Ұның жақсы болуы үшін бидай өте таза болуы керек. Зауыт алғаш ашылған кезде біз бидайды өзге шаруашылықтардан сатып алып отырдық. Сол кезде ұнымыздың сапасы онша болмады. Сөйтсек, елден сатып алған астығымыз талапқа сай емес екен. Қазіргі күні ұнға тек өз өнімімізді ғана, оның ішінде жоғары сортты астықты ғана пайдаланамыз. Сарытерек дейтін ауылдық округінің территориясында 3 мың гектар аумақты алып жатқан егіндік жеріміз бар. Соның жартысына астық егеміз. Былтыр гектарынан 18 центнерден өнім алғанбыз, биыл да егін бітік болып шығады деген үміттеміз. Элеваторымыз да, астық сақтайтын қоймаларымыз да сол Сарытеректе. Біле білсеңіз, кластер деген осы. Егінді өзіміз егеміз, бидайды өзіміз шауып алып, механикалық қырманда тазалаймыз. Содан кейін ол бункерге салынып, жуылып, кептіріледі. Өзіміздің лабораториямыз да бар. Технолог тартуға болады деп рұқсат берсе ғана, тартылады. Тіпті, қазіргі күні аудандағы астық өндірушілерге де тұқым сатып отырмыз. Көрші Тарбағатай ауданынан да келіп алушылар көп, – дейді Өмірбек Нұрасылов әңгімесін жалғастырып.
Ұн зауытында 15 кісі жұмыс істейді екен. Зауыттың өзінің шағын наубайханасы да бар. Онда күніне 500 бөлке нан пісіріледі. Мұндағы ақ нанның бағасы 40 теңге болса, диеталық қара нан 30 теңгеден сатылады. Зауыттың өз жұмысшыларына нан арзан бағамен беріледі. Мысалы, жұмысшылар батонды 35 теңгеден сатып алады.
Қоймадағы тау-тау болып үйілген дайын өнімді де көрдік. Жоғары және бірінші, екінші сұрыпты 25 килолық, 5 килолық қапталған ұндар толып тұр. 25, 5 килолық қаптарды Өскеменнен алғызады екен. Зауыт қазіргі таңда тек Зайсан ауданын ғана емес, көрші Тарбағатай, Күршім аудандарын да ұнмен қамтамасыз етіп отырған көрінеді. Өмірбек Нұрасылов күніне 5-6 тонна ұнның сатылып кететінін айтады.
– Десе де, соңғы кездері ұнға деген сұраныстың сәл төмендегенін байқаймыз. Бұрын қаладағы нан-тоқаш өнімдерін даярлайтын кондитерлік фабрикалар ұнға жиі тапсырыс беретін. Соңғы уақытта сәл саябырсыды. Соған қарағанда, тұрғындар торт секілді ұннан жасалатын тәтті тағамдарды тұтынуды азайтқан секілді. Қанша дегенмен де, әлемдік қаржы дағдарысы халықтың қалтасына да әсер етпей қоймайды ғой, ¬ – дейді ол.
Десе де, ұн өндіретін кәсіпорын үшін ең алдымен нарық керек екенін, егер нарық болатын болса, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіншіліктерінің жететінін айтқан кәсіпкер әлеуметтік ұн мәселесіне де тоқталды.
Оның айтуынша, әлеуметтің әлсіз топтарына арналған әлеуметтік ұн Зайсан ауданына сонау Өскеменнен тасымалданады. Өскеменнен Зайсанға жеткенше ұн бағасына көлік шығынының қосылатыны түсінікті. Сөйтіп, әлеуметтік ұнның бағасы шарықтап шыға келеді. Қазір осынау зауыттың шығарған өніміне қарағанда, әлеуметтік ұнның бағасы әлдеқайда қымбат. Сонда дейміз-ау, Зайсанның өзінде ұн зауыты тұрғанда әлеуметтік ұнды Өскеменнен тасып, қара терге түсіп жүргеніміздің себебі неде? Мұны Өмірбек Нұрасыловтың өзі де түсінбейді.
– Әлеуметтік ұнды біз де шығара аламыз. Бірақ бізге рұқсат бермей отыр. Және бұл біздің шешетін мәселе де емес. Егер әлеуметтік ұнды шығаратын болсақ, бізге де, тұтынушыға да қолайлы болатын еді, – дейді ол.
Жоғарыда айтқанымыздай, зауыт жақын арада макарон өнімдерін шығаратын цехты да іске қосуды жоспарлап отыр. Цехты қажетті құралдармен жабдықтауға 3 миллион теңгедей қаражат жұмсалыпты. Ойға алған іс жүзеге асса, зайсандықтардың дастарқаны тағы бір отандық азық-түлікпен толықпақ.
Жалпы, «Икеп» шаруа қожалығы егін шаруашылығын ғана емес, мал шаруашылығын да өркендетіп отыр. Қазіргі таңда шаруа қожалығында 500 бас ірі қара, 250 бас жылқы бар. Өмірбек Нұрасылов алдағы уақытта жылыжай ашып, көкөніс өсірумен де айналысу ойда бар екенін айтады.

Мейрамтай Иманғали
Зайсан ауданы

Осы айдарда

Back to top button