Үш батыр шыққан ауылда мемориалдық кешен ашылды

Көкпекті ауданының Подгорное ауылында осы елді мекенде туып-өскен Кеңес Одағының үш батырына және барлық майдангерлерге арналған мемориалдық кешен ашылды.
Оған еліміздің бірқатар өңірінен және Ресейден қонақтар келіп қатысты.
Көкпекті ауданынан тоғыз Кеңес Одағының батыры шыққан-ды. Олар – Қойгелді Аухадиев, Иван Саполев, Лаврентий Константинов, Федор Полынин, Николай Авдеев, Николай Шарабарин және кішкентай ғана Подгорное ауылынан шыққан Николай Фонов, Сергей Седнев және Иван Яроцкий. Жалпы, бір ғана ауылдан үш батырдың шығуы еліміздің басқа ешбір жерінде кездеспейді.
Мейрам қарсаңында ауылда монумент бой көтеріп, жолдар, клуб үйі және мектеп ғимараты жөндеуден өтті, сондай-ақ, аулалар абаттандырылды.
Салтанатты шара «Мәңгілік полк» шеруінен басталды. Жүзден астам адам өз аталары мен әкелерінің, соғыс ардагерлерінің суреттерін ұстап шықты. Атап өтерлік жайт, соғыс жылдарында Көкпекті ауданынан майданға 18 528 адам аттанған. Оның 11 мыңдайы ғана елге аман оралды.
Салтанатты шеруді «Жас Отан» жастар қанатының, «Көкпекті жастары» қоғамдық бірлестігінің, «Жасыл ел» жасағының белсенділері жалғады. Бұдан соң аудандағы мектептер ұжымдарынан 500 шақты адам қатысқан театрландырылған үлкен қойылым көрсетілді.
Митингте облыс әкімі атынан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Атымбай Әбенов, тыл еңбеккерлері Сәбен Мәкеленова мен Зинаида Сидорова, Петербордан келген Иван Яроцкийдің қызы Тамара Федорова сөз алды.
– Жерлестеріме, кешенді салған барша азаматтарға, облыс және аудан басшылығына, демеушілерге шексіз алғысымды айтамын. Мен Петербордан әкемнің кейбір жеке заттарын алып келдім, оларды осындағы жергілікті мектептің мұражайына тапсырамын, – деді Тамара Федорова.
Бұдан соң салтанатты жағдайда мемориалдық кешеннің ашылуы өтіп, мәңгілік алау алдына гүл шоқтары қойылды, жиналғандар майданда қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Осыдан кейін қонақтар жаңартылған клуб үйіне барып, жергілікті ұстаздардың күшімен құрылған «Жауынгерлік даңқ» мұражайын тамашалады. Мерекелік кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Шығыс-Ақпарат