Экономика

Үш аудан өнімін ұсынды

Үш аудан өнімін ұсынды
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша енді Семейде әр сенбі күндері маңайдағы аудан қожалықтары ауылшаруашылық өнімдерін жеткізіп, арзан бағаға саудалайтын болады. Наурыз мейрамында Абай ауданы жылқы, қой, сиыр етін молынан әкелді.
-Біздің шаруа қожалықтарының барлығы Семейге келіп, базарларға ет өткізеді,-дейді Қасқабұлақ ауылының әкімі Асхат Мұқатай,-сондықтан да өніміміздің сапасымен қала тұрғындары жақсы таныс. Облыс әкімінің ұсынысын қолдаймыз. Ауыл малының еті дәмді , әрі қала халқына тиімді бағада саудалануда. Арада делдалдар болмайды. Сондықтан да шаруа иелері де өз өнімдерін жылдам өткізіп жатыр.
Айта кету керек, Семейде жәрмеңке маусымын Бесқарағай өңірі ашты. Одан соң олардың орнын Бородулиха ауданы басты. Бесқарағай ауданы жәрмеңкеде 10 мың тонна ет өткізді. Көкөніс, картоп деген көл-көсір болды. Бородулихалықтар пісірген нан да лезде өтіп кетті. Нан деп осыны айт. Дәмі тіл үйіреді. Исі де мұрын жарады. Бородулиха ауданының Дмитриевка ауылы қой етін әкеліп, бір қуантса, Андреевка ауылдық округі сүтті бұлақтай ағызып, қала тұрғындарын аққа жарытып тастады. Құс еті де молынан жеткізілді. Бородулиханың өзіне өсімдік майы мен бал әкелініпті. Белағаштықтар болса сүт және ірі қара етін саудалады. Новошульбалықтар айран, қаймақ, ірімшік, қолдың майы, брынза және саңырауқұлақтарын саудаға шығарды. Новопокровкалықтар балдың түр-түрін сатып алушылар талғамына ұсынды.
-Семейге біз үш тонна сиыр етінің келісін 1300 теңгеден, 200 келі жылқы етін 1400 теңгеден, 275 келі қой етін 1000-1100 теңгеден әкеліп, саудаладық,-деді Бородулиха аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Бахтияр Құдайбергенов, 300 кг құс етін, 450 литр дәмді сүт, 155 кг ірімшік, 205 литр қаймақ, 145 кг сарымай, 1500 литр өсімдік майы, үш жүз жұмыртқа, 350 кг бал жеткізіп отырмыз. Салмағы 1 кг тартатын қолдың нанын жұрт бірден сатып алды.
Жәрмеңке қызу жүріп жатыр. Ел облыс әкіміне дән риза. Сонымен, 1 сәуірде Семейдің өз шаруашылықтары жәрмеңкеге шықса, 8 сәуірде Аягөз, 15 сәуірде Бородулиха ауданы қайтадан келмек. 22 сәуірде Семей шаруашылықтары, 29 сәуірде Абай ауданы, 6 мамырда Аягөз, одан кейін Бесқарағай, Бороудлиха, Абай аудандары да кезегімен өнімдерін әкеліп, саудаға шығаратын болды.

Раушан Нұғманбекова
Семей

Осы айдарда

Back to top button