Қоғам

Үш ғасырлық жұмыс өтілі бар әулет

Үш ғасырлық жұмыс өтілі бар әулет

Өскемен қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік қорытындысы шығарылды. Аймақтағы он тоғыз ауданнан қатысқан өнегелі де үлгілі отбасылардың ең үздіктері марапатталған мерекелік гала-концертке облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.
Қазақстанда биыл екінші рет тойланатын жарқын мерекелердің бірі – Отбасы күні қарсаңында өткізілген ұлттық байқау отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, жанұяда бірлік пен берекенің орнауын насихаттауға бағытталған. Облыс басшысы өз сөзінде мемлекеттің негізгі тірегі айрандай ұйыған, бірлігі жарасқан отбасы екенін атап өтті.
– Жарастық пен тыныштық орнаған отбасылары бар мемлекет өркендей береді. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күннен бастап отбасылық институттың дамуына, ана мен баланың денсаулығына ерекше назар аударып келеді, – деді Бердібек САПАРБАЕВ. – Біздің облыста 17 мың көпбалалы отбасы бар екен. Он жылда өңірдегі бала туу деңгейі 17 пайызға өсіпті, ана мен бала өлімі көрсеткішінің азайғаны қуантады. Бұның барлығы – Елбасының жоспарлы түрде жүргізіп келе жатқан сындарлы саясаты мен осы бағытта күнделікті атқарылып жатқан қыруар шаруалардың жемісі. Жас аналар сәбилерін балабақшаларға орналастыру үшін бастарын қатырмайтындай жағдай жасауымыз керек. Еліміз бойынша ең алғаш біздің облыста төртінші бала дүниеге келген отбасыларына 50 мың теңге бөлу туралы бастама көтерілді. Ең алғашқы отбасы мен балаларды қолдау орталығының да Шығыс Қазақстанда ашылғанын мақтанышпен айта аламыз. Жанұяларға моральдік қолдау көрсетететін осындай байқаулардың дәстүрге айналғаны өте құптарлық жайт.
Мерейлі отбасын анықтауға арналған ұлттық байқау өңіріміздің әр ауданында өткізіліп, жеңімпаздары облыстық деңгейде бақ сынасты. Байқаудың жүлдегерлері үйдегі кинотеатр, 3D Smart TV сияқты бағалы сыйлықтармен марапатталса, қатысушылардың барлықтары байқаудың лауреаты атанды.
Байқаудың бас жүлдесін Курчатовтан келген Паницкийлердің интернационалды отбасы еншіледі. Халықаралық тапсырыстарды орындаумен айналысатын ғалым-экологтар төрт бала тәрбиелеп отыр. Жеңімпаздарға облысымыздың ең көрнекті демалыс орындарының бірі – Алакөлге бір апталық жолдама берілді. Сонымен қатар, Паницкийлер қыркүйек айында өтетін республикалық байқауда Шығыс Қазақстанның намысын қорғау мәртебесіне ие болды.
Екінші орында – жалпы жұмыс өтілдері 133 жылды құрайтын Қуанышевтар отбасы. Зырян ауданына бала кезінде көшіп келген отағасы Майданбек Қуанышев пен зайыбы Жамиға екеуі де кеніште еңбек еткен.
Жалпы алғанда зауыттағы жұмыс өтілдері 294 жылды құраған, он бала тәрбиелеп өсірген риддерлік Деминдер әулеті жүлделі үшінші орынға көтерілді. Отбасындағы тоғыз бала да әке жолын қуып, әр жылдарда зауытта еңбек еткен.
Мерейлі отбасыларын марапаттаған кеште Президент жанындағы Әйелдер ісі мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Ирина Унжакова облыстық комиссияның атынан тағы екі отбасыға сый-сияпат көрсетті.
Олардың бірі – таяуда ғана гауһар тойларын атап өткен, алпыс жыл жұптарын жазбаған Ұрановтар отбасы. Мұтан ақсақал мен Қайныкеш әже екеуі де бір күні, 1934 жылдың 9-мамырында дүниеге келіпті. Сексеннің сеңгіріне шыққан қазыналы қариялар төрт баладан өрбіген тоғыз немере мен бір шөбересінің қуаныштарын көріп келеді.
Бородулиха ауданынан келген Мамырбековтар отбасында алты бала тәрбиеленуде. Ұлт мерейін тасытуға өз үлесін қосып жүрген жанұяның балғындары шетінен өнерлі. Олардың бірі Ербол Мамырбеков салтанатты кеште аймақ басшысына арнаған өлеңін оқыған кезде жиналғандар ду қол шапалақтады. Бердібек САПАРБАЕВ жас талапкерге ақ жол тіледі.
Кешке жиналғандарды құттықтаған Ирина Сунжакова үлгі тұтарлық осындай өнегелі отбасылардың қатары көбейе берсе деген ақжарма тілегін білдірді.
Салтанатты кеште облыстың әр түкпірінен келген отбасылық ансамбльдер өнерлерін көрсетті. Әсіресе, Семейден келген әскери музыканттар – Сағындықовтар отбасының лирикалық әні жан тебірентті. Бес қыз тәрбиелеп отырған Марат Сағындықов «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери оркестрінің бастығы болса, жары Ольга оркестрдің әншісі, күйшісі. Сахнада қазақша ән салып, домбыра шерткен Ольга Ресейдегі Иваново қаласының тумасы екен. Бір жарым жастағы Зарина, Дарина атты егіз қыздарын ата мен әжесінің қолына тастап, байқауға арнайы келген Ольга тәрбиенің негізі ақжаулықты әжелеріміз бен қазыналы қарттарымызда екеніне сенімді.
– Біз балаларымызды балабақшаға бермейміз. Алтын әжеміз бен атамыздың өнегесінен, ұлттық тәрбиесінен артық ештеңе жоқ. Олардың бізге осындайда қолғабыс тигізгеніне алғысымыз шексіз. Ал күнделікті тұрмыста үлкен қыздарымыз қолғанат. Тамақ та пісіреді, үйді де жинайды, кішкентайларына да қарайды, – дейді Ольга.
Гала-концертте жиналғандар сондай-ақ, Ғибрат Асубаев пен «Еураз-шоу» ән-би театрының, «Экстази» шоу балетінің өнерлерін тамашалады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button