Съезд алдындағы серпіліс

«Nur Otan» партиясының елордада өтетін кезекті съезіне Шығыс Қазақстаннан делегаттар сайланды. Жиын филиал төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өтті.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының конференциясы өтті. Партия өкілдері астанада өтетін кезектен тыс съезге қатысатын делегаттарды сайлады. Жиында «Nur Otan» қолға алған «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Халыққа көмек», «Ауыл – ел бесігі» атты жобалардың қалай жүзеге асып жатқаны талқыланды. Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтархановтың айтуынша, «Халыққа көмек» жобасы бойынша 3000 адам партияға жүгініп, 314 адамның мәселесі шешімін тапқан. Ал «Бақытты отбасы» жобасы арқылы 38 мың тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін 1,4 млрд. теңге бөлінген.
– «Құтты мекен» жобасы да ілкімді істерге мұрындық болуда. Облыстық және аудандық маңыздағы 300 шақырым жолды жөндеу үшін 1,5-2 млрд. теңге қарастырылды. Халықты сапалы ауызсумен қамту үшін 60 жоба қолға алынбақ. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында 82 мың га суармалы жерді игеру көзделіп отыр. 2022 жылға дейін сырттан 36 мың бас ірі қара сатып әкелінеді. Осылайша, ауыл келешегі кемелдене түседі, – деді Әнуарбек Мұхтарханов.
Семейлік көпбалалы ана Шолпан Чегелекованың сөзі партия өкілі айтқан мәліметтерді растағандай болды.
– Көпбалалы ана ретінде облысымызда аналар мен аз қамтылған отбасыларды қолдауға зор көңіл бөлініп жатқанын айтқым келеді. Біз, көп балалы аналар бұл бағыттағы қабылданып жатқан барлық шешімдер мен өзгерістерді, атқарылып жатқан жұмыстарды ерекше көңілмен қабыл аламыз. Көпбалалы отбасылар мен арнайы күтімді қажет ететін балалар тегін балабақшамен, тегін мектеп формаларымен қамтамасыз етіліп жатыр. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында мектеп түлектері колледждерде ақысыз негізде алғашқы техникалық білім алу мүмкіндігіне ие болғанын ерекше атап өткім келеді. Бұндай іспен санаулы мемлекеттер ғана мақтана алады. Мен Семей қаласындағы медициналық университетте мемлекеттік грант арқылы білім алып, МВА ғылыми дәрежесіне ие болдым. Қазіргі таңда Phd докторлық жұмысымды дайындап жатырмын. Өз балаларыма тәрбие бере отырып, кәсіби бағытта толық даму мүмкіндігім бар, – деді көпбалалы жас ана.
Жиын соңы жарыссөзге ұласты. Сөз алған партия өкілдерінің барлығы алдағы съезден үлкен үміт күтетіндерін атап, ел-жұртты алдағы Президент сайлауына бір кісідей атсалысуға шақырды. Ал елордада өтетін кезектен тыс съезге біздің өңірден 49 делегет сайланды.
Есжан Ботақара