Сейсенғазы Чукаев, басқарма басшысы: – Жер учаскесі мәжбүрлеп алынған меншік иесіне үш жыл ішінде жер берілмейді

Жер заңнамасы бұзылса не істеу керек? Демалыс орындары орналасқан өзен-көлдердің жағалауында шлагбаум немесе басқа да қоршаулар орнату қаншалықты заңды? Жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу тәртібі қалай жүзеге асырылады? Осы және жерді пайдалануға қатысты өзге де сұрақтардың жауабын облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Сейсенғазы Чукаев тарқатып айтып береді.
– Жер заңнамасы бұзылған жағдайда басқармаға қалай өтініш беруге болады?
Кәсіпкерлік кодекстің (ары қарай – КК) 144-бабының 1-тармағына сәйкес адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында бақылау және қадағалау органы нақты бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.
Сол себепті басқармаға өтініш жазған кезде өтініш берушілер келесіні көрсетуі қажет:
Тексеру нысанының толық және дұрыс атауы (АЖТ);
Тексерілетін субъектінің тұратын жері немесе заңды мекенжайы;
Анықталған бұзушылықтарды растайтын мәліметтер (жеке тұлғалар үшін – фото немесе видео түсірілім, мемлекеттік органдар үшін – кадастрлық номері және учаскенің орналасқан жері көрсетілген жер учаскелерін тексеру актісі).
– Жер заңнамасын бұзушыларға қандай шаралар қолданылады?
– Тексеру қорытындысы бойынша инспектор бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартады және нұсқама береді. Нұсқаманың мерзімі бұзушылықтың түріне байланысты болады. Заңнаманы бұза отырып жер учаскесін пайдаланғаны үшін нұсқаманың мерзімі үш ай, ал жерді ұзақ уақыт пайдаланбағаны үшін бір жылды құрайды.
Жеке және заңды тұлғалармен қатар, жер қатынастарын реттейтін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары жағынан да бұзушылықтар жіберіледі, оларға да қатысты әкімшілік және тәртіптік жазалар түрінде шаралар қолданылады. Сондай-ақ бұзушылықтарды жою және оларды ары қарай жұмыс барысында болдырмау туралы нұсқаулар беріледі.
– Салынатын айыппұлдың көлемі қандай және оны азайтуға бола ма?
– Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің (ары қарай – ӘҚК) 136, 137, 138 (бірінші бөлімімен), 340 және 462-баптары бойынша инспекторлардың хаттама толтыруға құқығы бар. Айыппұлдың мөлшері жер заңнамасын бұзушылық түріне, сонымен бірге субъектінің санатына байланысты болады және 5-тен 700-ге дейін айлық есептік көрсеткішті (ары қарай – АЕК) құрайды.
Мысалға, ӘҚК-нің 136-бабы бойынша мемлекеттік жерлерді өз еркімен басып алғаны үшін айыппұл жеке тұлғаларға 75 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 700 АЕК болады. ӘҚК-нің 811 және 819-баптарына сай инспектор жеңілдететін мән-жайларды, мысалға, кінәлінің өкінуі, сонымен қатар бұзушының әлеуметтік дәрежесін (зейнеткер, жұмыссыз, мүгедек, жүкті әйел немесе он төрт жасқа дейінгі баласы бар әйел және т.б.) ескере отырып, айыппұл мөлшерін қысқартуға, оның ішінде айыппұлдың жалпы сомасының 30%-дан аспайтындай көлемінде қысқартуға құқылы. Бұдан басқа, бұзушы кінәсін мойындағанда, сонымен қатар айыппұлды жеті күн ішінде төлеуге мүмкіндігі болған жағдайда оның сомасы 50%-ға қысқарады.
– Басқарманың нұсқамалары орындалмаған жағдайда қандай шаралар қолданылады?
КК 152-бабының 9, 10-тармақтарына сай бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін тексерілетін субъектілер анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты басқармаға беруге міндетті. Ақпаратты дер кезінде бермеген жағдайда басқарма екі жұмыс күні ішінде тексеру субъектісіне нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты беру қажеттігі туралы сұрау жібереді.
Сұрауды алғаннан кейін тексерілетін субъект үш жұмыс күні ішінде тиісті ақпаратты Басқармаға беруге міндетті, ақпарат берілмеген жағдайда КК 144-бабы 3-тармағының 1-1-тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындалады.
Жер кодексінің 92-бабының 2-тармағына сай жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз ӘҚК-мен көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейін және нұсқаманың мерзімі өткеннен кейін беріледі. Яғни, нұсқамаларды орындамаған жағдайда инспектор ӘҚК 462-бабының 3-тармағына сай – мемлекеттік инспектормен берілген нұсқаманы орындамау немесе тиiсiнше орындамау үшін хаттама толтыра алады. Бұл 5 АЕК-тен 500 АЕК-ке дейінгі мөлшерде субъектінің санатына байланысты айыппұлды көздейді (әкімшілік істер мамандандырылған аудандық және оларға теңестiрiлген әкiмшiлiк соттардың судьяларымен қаралады). Бұдан кейін басқармамен жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыздар сотқа беріледі.
– Айыппұл мен нұсқамалардан басқа заңнамамен белгіленген басқа да шаралар бар ма?
Жер кодексінің 94-бабына сай бұзушылықты жою қажеттілігі туралы нұсқама жер учаскесіне құқық ауыртпалығы ретінде «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік тіркелуге жатады. Яғни бұзушылықтар жойылғанша жер учаскесіне қатысты азаматтық-құқықтық келісімдерді жасауға тыйым салынады.
Бұдан басқа, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекстің 509-бабының 4-тармағына сай нысандар салуға арналған және тиісті мақсатта пайдаланылмайтын немесе еліміздің заңнамалары бұзыла отырып пайдаланылатын жер учаскелері бойынша базалық салық мөлшермелері жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалану және заңнаманың бұзылуын жою туралы жазбаша ескертуді табыс еткен күннен бастап 10 есеге ұлғайтылады.
Сонымен бірге Жер кодексінің 164-1-бабының талаптарына сай тексеру мәліметтері жер учаскелерін бөгденің заңсыз иеленуінен қайтаруды талап ету үшін оның орналасқан жері бойынша аудандық және қалалық әкімдіктерге бағытталады.
Мемлекеттік лауазымды тұлғалармен жіберілген жер заңнамасының бұзушылықтары анықталғанда, нұсқаулардан бөлек біз Жер кодексінің 148-бабына сай кінәлілерді жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін бұзушылықтар туралы мәліметтерді сәйкес органдарға жолдаймыз.
– Қазіргі уақытта Алакөл көлі, Бұқтырма су қоймасының және өзге өзен-көлдердің жағалауындағы жерлерді пайдаланылу мәселесі өзекті болып тұр. Бұл бағытта Сіздер қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
– Облыста 2016 жылдың 30 желтоқсанында облыс әкімі Даниал Ахметовпен бекітілген пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын жерлерді алып қоюды қамтамасыз ету бойынша Жол картасы қолданыста екенін атап айтқан жөн. 2018 жылы осыған ұқсас облыс әкімінің орынбасары Ш.Байбековпен және облыс прокурорының орынбасары В.Шабермен 2018 жылдың 28 мамырында бекітілген ауылшаруашылық мақсатындағы, сонымен бірге құрылыспен байланысты жерлерді алып қою бойынша алгоритм әзірленген.
Аталған құжаттар рекреациялық аймақтардың аумағындағы пайдаланылмайтын жерлерді анықтау және оларға қатысты мемлекеттік органдардың нақты іс-әрекеттерін белгілейді. Осылайша басқармамен келіп түскен мәліметтердің негізінде Сібе, Алакөл көлдерінің және Бұқтырма суқоймасының жағалауындағы мыңнан аса пайдаланылмайтын жер учаскелері анықталды. Барлық субъектілерге бір жыл ішінде жерлерді пайдалану қажеттігі туралы нұсқамалар берілді. 2018 жылы нұсқамалардың орындалмауына байланысты жалпы ауданы 41,6 га 83 учаске алынып қойылды, мысалға: Сібе көлдері (Төртқара, Шалқар) – ауданы 2,063 га 30 учаске; Алакөл – ауданы 2,5 га 3 учаске; Бұқтырма су қоймасы – ауданы 5,32 га 36 учаске.
Қалған алаңы 20,3 га болатын 33 учаске бойынша шаралар қолдану нәтижесінде жер пайдаланушылар жер телімдерін игеруге кірісті, алаңы 50 га болатын 46 учаскесі бойынша талап-арыздар сотта қаралу үстінде.
– Өзен-көлдердің жағалауында шлагбаумдарды немесе басқа да қоршауларды орнату заңды ма?
Су кодексінің 65-бабының 2-тармағына сай жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану нысандарына халықтың кіруіне қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне тыйым салынады.
ӘҚК-нің 364-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сай жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруіне қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеу жасаған жеке және заңды тұлғаларға ескерту жасалады (ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу). Әкімшілік жаза қолданғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер үшін 2-42 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
ӘҚК-нің 685-бабына сай аталған фактілер бойынша әкімшілік істерді қарау ішкі істер органдарының құзыретіне жатады.
– Мемлекет меншігіне алынған жерлердің болашақ тағдыры не болмақ?
2017 жылдың орындалмаған нұсқамалары бойынша былтыр жалпы алаңы 111,9 га 162 жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы сотқа талап арыздар берілді. Оның ішінде ауданы 41,6 га 83 учаскесі мәжбүрлі түрде алынды. Соның ішінде алаңы 11,62 га болатын 11 учаске Өскеменде, рекреациялық аймақтарда алаңы 9,9 га болатын 69 жер учаскесі (Сібе көлдерінің жағалауында – 30 уч. 2,063 га, Алакөл көлі – 3 уч. 2,5 га, Бұқтырма су қоймасы – 36 уч. 5,32 га). Аумағы 20,3 га болатын қалған 33 учаске бойынша шаралар қолдану нәтижесінде жер пайдаланушылар жер телімдерін игеруге кірісті. Алаңы 50 га болатын 46 учаскесі бойынша талап арыздар сотта қаралуда.
Жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы шешімдер негізінде басқармамен жалпы ауданы 33,96 га болатын 56 учаске бойынша мәліметтер Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне міндетін орындамайтын жер пайдаланушыларды жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың және үш жыл ішінде оларға берілмейтін тізіліміне енгізу үшін жіберілген (ЖК 96-1-бабы, 94-баптың 6-тармағы). Қалған 27 учаске бойынша соттың шешімдері заңды күшіне енбеді.
Өтеусіз негізде берілген жер учаскелер қайта бөлу үшін арнайы жер қорына алынады.
Мәжбүрлеп алынған жер учаскесі мемлекеттен сатып алынған жағдайда, мұндай жер учаске Жер кодексінің 94-бабының 3-тармағына сай, Азаматтық іс жүргізу заңнамасында және Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сауда-саттықта (конкурстарда, бәссаудаларда) сатылады. Жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою шығыстары шегерiлгеннен кейін және орындалуы жер учаскесінің және жер пайдалану құқығының кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша талаптар мөлшерінде кепіл ұстаушыға төленгеннен кейін түскен сома жер учаскесінің бұрынғы меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға төленедi. Бiр жыл iшiнде кемiнде үш сауда-саттық (конкурстар, бәссаудалар) өткізілгеннен кейiн мұндай жер учаскесiн немесе оған жер пайдалану құқығын өткізу мүмкiн болмаған кезде жер учаскесi сот шешiмiмен арнайы жер қорына (мемлекетке) алынады.
Ауылшаруашылық жерлері бойынша Мемлекет басшысының 2017 жылдың 18 тамызындағы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын немесе заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын барлық ауыл шаруашылығы жерлерін алып қоюды қамтамасыз ету және оларды 2019 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы айналымына тарту бойынша тапсырмасын орындау мақсатында басқармамен аудан және қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен тұрақты бірлескен жұмыстар атқарылуда.
Осылайша 2012-2018 жылдар аралығында пайдаланылмайтын, сонымен қатар заңнамананы бұза отырып пайдаланылатын 2 млн. 608,7 мың га жер анықталды, олардың ішінен 1 млн. 302,5 мың га мемлекеттік меншікке қайтарылды (олардың ішінен: 1117,8 мың. га ауылшаруашылық айналымына тартылды (тартылған жерлердің үлесі – 86 %), 184,7 мың га тартылмаған болып қалды), 657,2 мың га учаске бойынша жер пайдаланушылар жерді игеруге кірісті, 649 мың га учаске бойынша мәліметтер мемлекеттік органдардың қарауында (қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде, немесе мем. бақылаудың қорытындысы бойынша нұсқамалардың мерзімдері аяқталмаған, иесіз мүлік ретінде сепке алынған).
Соның ішінде 2018 жылы 804,5 мың га пайдаланылмайтын, сонымен қатар заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын жерлер анықталды, оның ішінде 105,5 га мемлекеттік меншікке қайтарылды, 95,1 мың га жерді пайдаланушылар игеруге кірісті, 603,9 мың га жердің мәліметтері мемлекеттік органдардың қарауында.
– Жер учаскелері мәжбүрленіп алынған жерге меншік иелері мен жер пайдаланушылар жер учаскелерді қайтадан ала ала ма?
– Жер учаскелері мәжбүрлеп алынған меншік иелері мен жер пайдаланушылар жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізіміне енгізіледі және олар үш жылдың ішінде жер учаскелерін ала алмайды.
Аталған тізімді қалыптастыру және жүргізу жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі уәкілетті орган, аудандық атқарушы орган, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы ұсынатын ақпараттың негізінде Ауылшаруашылық министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетімен жүзеге асырылады.
– Былтырғы мамыр айында Жер кодексіне өзгерістер енгізілгені белгілі. Бұл өзгерістер туралы не айтасыз?
– Иә, өткен жылы Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған орай басқарманың ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерде мемлекеттік бақылауды жүргізу функциясы аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне берілген. Осыған байланысты қазіргі уақытта әкімдіктер жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін сәйкес кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде.
Осылайша, әкімдіктер жергілікті жерде жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға қатысты топырақтың құнарлығын қалпына келтiру және сақтау, жердi жақсарту, жердiң тозуын туғызатын процестердi болғызбау жөніндегі iс-шаралар кешенiн уақтылы және дұрыс жүргiзуiне, жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi жерге орналастыру жобаларының іске асырылуына бақылау жүргізеді. Басқармамен аталған жұмыстарды жүргізу бойынша мониторинг жасалады.
Сонымен қатар аудандардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына бақылауды жүргізу функциясы басқармаға берілген. Ал облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдардың қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына бақылау жүргізу орталық атқарушы органның, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің құзыретінде қалдырылды.
– Көбінесе жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бергенде заңнаманың нормаларын және оларды рәсімдеу мерзімін сақтамайды, оларды беруден бас тарту туралы шешімдерді ешбір себепсіз шығарады. Мұндай мәселелер бойынша шешімдердің заңдылығын кім бақылайды?
– Аудандардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына (жер учаскелерін сауда-саттықсыз беру (конкурс, бәссауда), сәйкес қаулы шығармай жер учаскелерін беруден бас тарту, жер учаскелерін беру мерзімдерін сақтамау) бақылауды жүргізу функциясы басқармаға берілген. Ал облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдардың қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына бақылауды жүргізу орталық атқарушы органның, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің құзыретінде қалдырылды.

Осылайша, 2018 жылы басқармаға жер заңдылығы саласында жергілікті атқарушы органдардың қабылдаған шешімдерінің заңдылығына бақылау жасау міндеті берілді. 18 жергілікті атқарушы органға қатысты тексеру жүргізудің нәтижесінде 11 шешім бойынша жер заңдылығының бұзылуы анықталды – көбінесе бұл Жер кодексінің 48-бабын бұзу бойынша жер учаскелерін конкурссыз, сауда-саттықсыз табыстау, сонымен қатар жер учаскелерін табыстау туралы шағымдарды қарау мерзімдерін бұзу. Әкімшіліктерге анықталған жер заңнамасының бұзушылықтарын жою мәселелері бойынша нұсқамалар берілді. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру нәтижесінде әкімшіліктің төрт лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды және сегіз лауазымды тұлғасы берілген нұсқауларды қарау нәтижесінде сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
– Облыс аумағында өз еркімен салынған құрылыстарға қатысты жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай түсініктеме бере кетсеңіз.
– Иә, осындай жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен бірігіп жүргізілуде. Бүгінгі күні жіберілген мәліметтер бойынша басқармамен дүңгіршектерді, автотұрақтар мен автоорындарға арналған жер учаскелерінде мемлекеттік меншіктегі жерлерді өз еркімен басып алу фактілері анықталған. Мысалға, Өскемен қаласында – ауданы 0,54 га жерде 30 жағдай тіркелсе, Семей қаласында – ауданы 73,02 га жерде 38 жағдай тіркелген. Бұл субъектілер жалпы сомасы 11,2 млн. теңгеге айыппұлмен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жер кодексінің 164-1-бабының тәртібіне сай тексеру мәліметтері жер учаскелерін бөгденің заңсыз иеленуінен қайтаруды талап ету үшін оның орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы органдарына бағытталған.
Заңсыз орнатылған дүңгіршектерді жою бойынша әкімдіктермен жұмыс биыл да жалғасады.
– Егер көрші тұрған екі үйдің бірі арасындағы қоршауды жылжытса не істеу керек?
– Жер кодексінің 65-бабына сай жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар басқа меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқығын бұзбауы тиіс. Жер кодексінің 164, 164-1-баптарына сай меншiк құқығы мен жер пайдалану құқығын қорғау, шығындарды өтеу, жер учаскесін бөгденің заңсыз иеленуінен қайтаруды талап ету, сонымен қатар жердің құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар Азаматтық кодексте және еліміздің басқа да заң актiлерiнде көзделген талаптарға сай сот тәртiбімен қаралады.
– Жер пайдаланушыға жер учаскесін пайдалану мерзімі қанша уақытқа беріледі?
– Жер кодексінің 92-бабына, Ұлттық экономика министрінің 27.03.2015 жылғы №225 бұйрығымен бекітілген жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерiне құқық беру қағидаларына сай жер учаскесін игерудің мерзімі мен шарттары жергілікті атқарушы органдармен жер учаскесінің нысаналы мақсаты мен жердің құқықтық режиміне қарай айқындалады және ол сатып алу-сату немесе жер пайдалану шарттарында көрсетіледі.
Объектілер құрылыс үшін берілген жер учаскесін оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл (егер жобалау-сметалық құжаттамада анағұрлым ұзақ мерзім көзделмесе) ішінде пайдалану тиіс. Оны игермеген жағдайда, Қазақстан азаматтарының жеке тұрғын үй құрылысына арналған жеке меншігіндегі жер учаскесін қоспағанда, мұндай жер учаскесi осы кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Егер жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесі дайын емес алаңдарда жер пайдалану құқығында берілген жағдайларда, мұндай жер учаскесін игеру мерзімі оны тиісті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз еткен кезден бастап есептеледі.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесін оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап екі жыл ішінде пайдалану тиіс. Егер жер учаскесінің пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап қатарынан екі жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайда, мұндай жер учаскесi Жер кодексінің 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Жер учаскесін еңсерілмейтін күш салдарынан мақсаты бойынша пайдалану мүмкiн болмаған уақыт бұл кезеңдерге кiрмейдi.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен – Мақсат Жарасбекұлы