Қоғам

Северныйда ауызсу жоқ

Северныйда ауызсу жоқ


Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар халық алдында есеп берді. Онда шаһар басшысы өткен жылды қорытындылап, биыл межеге алынған міндеттерге тоқталды. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Жиын барысында Жақсылық Омар шаһардағы атқарылып жатқан жұмыстың бәрі Елбасы Жолдауының негізінде іске асырылғанын атап өтті. Бұдан соң қала әкімі Октябрь, Аблакетка аудандары мен Северный кенті тұрғындарының көкейінде жүрген сауалдарға жауап беріп, әрқайсысын мұқият тыңдады.

Ольга Перегудова:

– Северный кентіндегі ауызсу мәселесін шешіп беруіңізді сұраймын. Бірақ бізге құрғақ уәде берудің қажеті жоқ. Шыны керек, 2010 жылдан бері талай басшының алдына барып, осы мәселені қозғап келеміз. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін одан еш нәтиже шыққан жоқ.

– Мен бұл мәселенің мән-жайымен толық таныспын. Алдағы уақытта аталмыш кент тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін жіті қарастырамыз. Айтарым, жоба қолға алынады. Қажетті қаржы бөлінеді.

Галина Викторовна:

– Қала сыртындағы қоқыс төгу алаңына қашан рекультивация жұмыстары жүргізіледі? Неге Орман шаруашылығы кентінің тұрғындары тұрмыстық қалдықтардан шығатын жағымсыз иісті жұтып өмір сүруі керек?

– Бүгінде бұл мәселені шешу мақсатында Еуропалық қайта құру және даму банкімен келіссөздер жүргізілуде. Егер аталмыш банк басшылығы бізге қаржылай қолдау көрсететін болса, онда проблема түбегейлі шешіледі.

Әсет Дауытбаев:

– Облыс орталығында суда жүзу спорты түрлері жақсы дамыған. Бірақ спортшылар үшін арнайы жаттығу нысандары жеткіліксіз. Сол себептен Өскеменде тағы бір жүзу бассейнін ашуға ықпал етсеңіз.

– Сіздің бұл ұсынысыңызды қарастырамыз.

Юлия Лоскутова:

– Биыл қаланы абаттандыру жұмыстары жалғаса ма?

– Әрине, жалғасады. Мақсат – Өскемендегі 100 ауланы бастан-аяқ абаттандыру, ол көлік жолын кеңейту, автотұрақ пен балалар ойын алаңын салу, қоқыс жинау контейнерлері тұратын орынды қалпына келтіру, жарықтандыру сынды бірқатар шаралардан тұрады. Алдағы жылдары жұмыстардың бәрі толық атқарылып бітеді. Тиісті құзырлы орган өкілдеріне тапсырма берілді, бұл істе ең алдымен сапаға мән беру керек деп санаймын.

Шаһар басшысына өскемендіктер тарапынан қойылған өзге сұрақтардың тақырыбы да сан-салалы болды. Жақсылық Омар есеп кезінде ешбір сауалдың назардан тыс қалмайтынын, барлығы бақылауға алынатынын атап көрсетті.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button