Северный жұрты суға кенелетін болды

Өскеменге қарасты Северный ауылының тұрғындары ауызсуға жарымай жүрген. Бұған дейін талай табалдырықты тоздырған олар орталықтандырылған су жүйесінен күдер үзе бастаған еді.
Уәде етілген су құбырын тарту жұмыстары басталып та кетті. Кеше ауыл тұрғындарымен кездесіп, құрылыс қарқынымен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов жұмыстарды қыркүйектің біріне дейін аяқтауды тапсырды.
Қазіргі күні Северныйда 125 отбасы тұрады. Олардың көбі ауылдағы екі құдықтан су тасуға мәжбүр.
– Мұндағы жер тастақ болғандықтан, суды жалдап қаздыру қиынға соғады. Қалтаға біраз салмақ түсіреді. Сондықтан суды көшенің арғы басындағы құдықтан тасып ішеміз. Үйімнің жанында жер учаскесі бар. Бірақ судың тапшылығанан оған жеміс-жидек еге алмай жүрмін,-дейді осы ауылдың тұрғыны Ботагөз Алдажарова.
Қаланың ортасындағы ауылдың тағы бір мәселесі – жылу. Тұрғындар облыс басшысына бұл өтініштерін де жеткізді.
– Бұл да орынды көтеріліп отырған мәселе. Өткен жылы Аблакетка кентінде осыған ұқсас мәселені шешкен болатынбыз. Дегенмен ең алдымен бұл аумақтың жылу орталығына қосылуға қуаты жеткілікті ме, соны анықтап алуымыз керек,-деп облыс әкімі жылуға қатысты жауапты бір айдан кейін беруге уәде етті.
Сондай-ақ аймақ басшысы облыс орталығындағы Самал саябағын абаттандыру жұмыстарын да пысықтап қайтты. Отбасылық жайлы демалысқа лайықталып жасалған саябақ ресми ашылса да, кейбір нысан құрылыстары әлі бітпеген. Олардың қатарында баскетбол алаңы да бар. Облыс басшысы бұл жұмыстарды маусымның онына дейін аяқтауды тапсырды.
Жуықта мұнда жағалауының ұзындығы 370 метр болатын табиғи бассейн пайда болмақ. Қазіргі күні тоғандарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бассейн құрылысы бір жарым айдан кейін аяқталады деп болжануда.
– Осы саябақта барлығы табиғи болуы керек. Тұрғындар мұнда тек демалуға ғана емес, табиғатқа бір табан болсын жақындауүшін келулері тиіс. Сондықтан газондарды қырқып, қара жерді тегістеудің де қажеті жоқ,-деп атап өтті аймақ басшысы.
Лаура Тілеубайқызы