Сәулетші болуды армандайды
Өскемендік өнерпаз Әл-Фараб Досанұлы жуықта балалар мен жастар шығармашылығына арналған «Фейерверк талантов» республикалық байқауында «Кавказ» би ансамблімен бірге «Тау биін» билеп, 1-орынды қанжығасына байлады.
Тәйке Әл-Фараб Досанұлы Өскемендегі Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 мектеп – лицейінің 4 а сынып оқушысы. Ол оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады.
Әл-Фараб «Кавказ» лезгинка би мектебіне бес жасынан бастап қатысады. Өзі айтып өткендей, би билеу – спорттың бір түрі және би үйірмесінде нағыз ер жігітке тән қасиеттер қалыптасады. Ол лезгинка билегенде өзін көкте қалықтаған бүркітке ұқсатады, ал қолдары биікке самғаған бүркіттің қанаттарын бейнелейді.
Биден түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Көркемдік жетекшісі – Аскеров Джамаладдин Худаверди Оглы.
Бұдан бөлек Әл-Фараб ағылшын тілі үйірмесі мен айкидоға қатысады. Сабақтан бос уақытында, ата-әжесіне, ата-анасына көмектесіп, олардың ақыл-кеңестеріне құлақ асып отырады. Болашақта оқуын жақсы бітіріп, елімізге белгілі сәулетші болуды армандайды.
-Мен архитектор болсам, ауылдарда әсем, зәулім үйлер мен ғимараттар салып, ауылды көркейтуге өз үлесімді қосар едім,- дейді.
Әл-Фараб оқуда да осал емес. Күні кеше ғана «Зерде» ғылыми-практикалық конференциясында «Құпиялы құлпынай» жобасын сәтті қорғап, жүлделі орын иеленді.
Өнерпаз бала Әл-Фарабқа «Талабыңа нұр жаусын», армандарың орындалсын демекпіз!