Қоғам

Әсеттің тіккен етіктеріне сұраныс көп

Әсеттің тіккен  етіктеріне сұраныс көп

Ақжар ауылының орталығында орналасқан дүңгіршектің алдынан қашан да кезекте тұрған ауыл тұрғындарын көресің. Алақандай ғана дүңгіршекте көздің жауын алатын аяқ киімнің түр-түрі бар.
Олардың бәрін тігіп жатқан Ақжар өңіріне аты шыққан етікші Әсет Омаров. Әсет бала жасынан қолынан бізі мен тебені түспеген ісмер жан, өйткені, оның әкесі Ясын Омаров 25 жылдан астам өңірге аты шыққан етікші болған. Әкеден қалған сол мұраны ұстап отырған Әсет мектеп бітірген соң, бірден осы кәсіпті дөңгелеткен. Оның үстіне тоқсаныншы жылдың тоқырауы енді ғана басталғанда, қолдағы барды ұқсатып, ауылдастарының ескі-құсқы етік, пималарын жамап-жасқаудан бастаған болатын. Әсет қазір өзі отырған алақандай ғана дүңгіршекті сатып алып, кәсіпке кіріскенде, жалғыз ғана қалып пен кішкене темір төстен басқа ештеме болмаған.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей әкеден көргенді көңілге түйіп, осы өнерімен халықтың алғысына бөлене бастады. Қандай жұмыс істесең де сапалы орындағанға не жетсін, бір шеге қақса да немқұрайлылықтан гөрі ұқыптылықты қашан да өзінен жоғары қоятын Әсет өмірдің ағымынан қалыспай, әкеден қалған бұл өнерді жаңа қырынан танытуды қолға алды. Бір жылдары ауылдағы жайма базардан Монғолияның Баян-өлгей өлкесінде жасалып, осында шарықтаған бағамен сатылып жатқан кәдімгі заманауи саптаманы көріп, неге оны ауылда жасамасқа деп ой түйеді. Өткен жылы Әсет «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына орай несие алуға ниет білдірген еді. Оның үстіне үшінші топтағы мүгедектігі тағы бар ол осы бағдарлама аясында несие алып, етік тігетін арнайы тігін машинасын алып, қазір саптама етігі мен спортқа арналған аяқ киім тігуді қолға алған болатын.
Әсет дүңгіршегі кішкентай болғандықтан, тігін машиналарын үйіне қойып, аталған жаңа кәсіпті дөңгелетіп әкетті. Қазір айына он етік, он спорттық аяқ киім тігеді Әсеттің айтысына қарағанда, күзден бастап қыс біткенше тапсырысқа кезек көп болатын көрінеді. Тіпті, оның таза былғарыдан тігілген саптамасына Астана мен Қарағанды қаласының аңшылары келіп құда түсіп жүрген көрінеді. Ал спорттық киімдері ауылдың тұтынушыларынан аспайды, ендігі жерде тіршілігін кеңейтуді жоспарлап отыр. Келер жылы тағы аталған жобаға тапсырыс бермек. Қазір тапсырыс түсіп жатыр, кейде түн ортасына дейін тапсырысты орындау үшін үш баласы мен жұбайы да жұмылатын көрінеді. «Әсеттің болашақта жеке ғимарат салып, ірі іс бастасам деген ойы бар. Қазір аудан көлемінде осындай шағын өндірісті дамытуға ниет білдіріп отырған жұмысқа жарамды мүмкіндігі шектеулі жандар қатары көбейген», – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Т.Жақыпбаев.

Қадірбек Кәкімұлы

Осы айдарда

Back to top button