Әсет салған үйлердің сәні бөлек
«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп Жиренше шешен айтпақшы, құрқылтайдың ұясындай болса да, өз баспанаң болғанына не жетеді. Бүгінде тарбағатайлықтарға өздері қалағандай үлкен немесе шағын үй сатып алуға үлкен мүмкіндік туды. Жап-жаңа есік, терезелері жалтыраған, жылу жүйелері тартылып, санитарлық тораптарға шейін салынған әдемі баспаналар, Ақсуат көшелерінің көркін кіргізіп тұр.
Бұл сәулетті баспаналардың бәрін салып жатқан ақсуаттық кәсіпкер Әсет Мүфтиев.
Ағаштан түрлі бұйымдар жасап, ұсталықпен айналысып келген ол екі жыл бұрын «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен несие алып, қамыс үй салуға кіріседі. Мемлекеттік бағдарламамен 2,5 млн. теңге несие алып, ағаш кесіп, жонатын құрал жабдықтарды, біраз ағаш сатып алады. Жаңадан ашылған шағын кәсіпке қолының шеберлігі бар, осы істің қыр-сырын жетік білетін ауыл тұрғындары келіп жұмысқа тұрды. Әсеттің әкесі Сайранбек, атасы Мүфти де заманында ұсталығымен аты шыққан, темір мен ағаштан сан алуан дүние жасап шығарған, өңірге белгілі ісмер адамдар болған екен.
– Жұмыс ауқымы көбейетін жаз кезінде он шақты адам жұмыс істесе, қыс кезінде екі үш адам еңбек етеді, – дейді Әсет. – Қамыс үйдің бір шаршы метрі үш мың теңгеден. Үй құрылысына қажетті ағаштарды Семейден сатып алып отырмыз.
Ағаш кесуші Манақ Танашев үй құрылысына қажетті ұзын тақтайлар мен сырғауылдарды өлшеп, кесіп, ертеңгі күннің материалдарын молынан әзірлеп жатыр. Тапсырыс түсіп жатса, қара күзге дейін тағы бір-екі үйді салып бітіретін уақыт бар.
Баспана салуға кіріскеннен бері Ақсуатта Әсет бастаған құрылысшы, шеберлердің қолымен бірнеше тұрғын үй бой көтеріп үлгерді. Әзірге тапсырыс беріп жатқандар – тек аудан орталығының тұрғындары.
Қазір тұрғын үймен қамту еліміздің қалаларында ғана емес, ауылдарда да бірінші кезектегі мәселеге айналған. Жеке тұрғын үй құрылыстарының аумағы артып келеді. Әсіресе, ауылдық жерлерде салынып жатқан тұрғын үйлер саны күрт көбейді. Ескі үйден жаңа, жайлы қонысқа көшіп жатқандар да жетеді. Ақсуат ауылында да жаңадан салынып жатқан жекеменшік тұрғын үйлер қатары жыл сайын көбейе түсуде. Кәсіпкер баспана салу бизнесіне осы сұранысты ескере отырып кіріскен. Сәні мен сәулеті, бағасы мен сапасы ауыл жұртының көңіліне қонып, көптің талғамынан шыққан Әсеттің үйлері қарапайым халық үшін нағыз «қолжетімді баспана» болып отыр.
– Ауылда үй салуға деген сұраныс бар, тапсырыстар көп. Сан қуаламай, сапаға көңіл бөліп отырмыз. Негізі бір үйді салуға 20 күннен бастап, 1,5 айдай уақыт кетеді. Әрлеу жұмыстары жүргізілген төрт –бес бөлмелі үлкен үй шамамен 5 млн. теңгеге шығады. Қамыс үйдің жылы болатыны елдің бәріне белгілі. Кеңестер одағы кезінде совхоздарда салынған мұндай қамыс үйлер ауылда әлі сол қалпында тұр. Үйдің іргетасын құюдан бастап, ішкі әрлеу жұмыстарына дейін өзіміз жүргіземіз, – деген Әсет болашақта кәсібін кеңейтіп, өз үйлерінің тұтыну нарығын кеңейте бермек ойда екендігін айтты.
Ақсуаттық кәсіпкер салып берген баспанаға кіріп, қоныс тойын жасап жатқандар қолда бар қаржыларына өздері ұсынған жобамен жылы да жайлы үй тұрғызып жатқан Әсетке ризашылықтарын білдіріп жүр.
Жанаргүл Мұқатай
Тарбағатай ауданы.