Қоғам

«Серпіндік» жастар болашағына сенімді

 «Серпіндік» жастар болашағына сенімді

Келгені күні кеше ғана еді, «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан студенттердің алды диплом алып, жұмысқа орналасатындай уақыт болыпты. «Біздегі бос орындар Риддер аграрлық техникалық колледжін тəмамдаған жас металлургтермен толығып жатыр», – дейді «Қазцинк» ЖШС Риддер металлургиялық кешенінің персоналдармен жұмыс бөлімінің басшысы Ольга Дроздова.

Түсті металл өңдеп жүр

Жол бастаушымыз кəсіпорынның бір топ жұмыскері ішінен Арап есімді жас жігітті нұсқады. Қаңылтырдай жұқа затты қырнап жатып, онсыз да атүсті жауап қатқан оның: «Қызметке тұрғаныма айға жуықтады. Екінші дəрежелі катод өндірушімін», – деген сөзінен кейінгісін қосылған матор үні жұтып қойды. Арғысы шала-шұнақ қана естілді. Астау толы «қаңылтыр» катод екен. Мырышты содан айырып алатын көрінеді. Сұрастыра келе Араптың Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданынан келгенін білдік. Осылайша сапар барысында басқа да цехтардағы «серпіндіктердің» жұмысымен таныстық. Бəрі де екпінді. Мұнымызды Александр Зайцев те қуаттады.

– Кəсіби білімді жастардың келгеніне қуаныштымыз. Олардың жұмысқа деген құлшынысы керемет. Жасасқан келісімшарт өз жемісін беретініне сенемін, – дейді ол.

Биыл Риддер аграрлы-техникалық колледжінен серпіндік 22 ұл мен қыз техник-металлург мамандығын алып шықты. Олардың жетеуі атаулы кəсіпорында түсті металл өңдеп жүрсе, тағы жетеуімен келісімшарт жасалып жатыр. Əскерге кететін жəне жоғары оқу орнына түсетін екі баланы қоспағанда, қалған бітірушілердің, яғни, алты қыздың жаз соңына дейін жұмыспен қамтылатынына Риддер қаласының басшылығы сендіріп отыр.

«Қыз бала техник-металлург мамандығымен не істейді?», «Əлде мырыш қорыта ма?» Бұл сауалдарды бикештерге қойдық.
– Кез келген кəсіпорынның зертханасы бар ғой. Ондағы сараптаманы кім жасайды? Журналдарды кім толтырады? Жұмыс үрдісін бақылап, жоғарғы жаққа кім мәлімет береді? «Kaзцинк» дегенде кетпен күрек пен добалдай қара темір ғана көз алдыңызға келе ме әлде? – деп Алмагүл есімді қарындасымыз қайыра сауал тастап, «сексеуілді сексеуілмен ұрып» дегендей шығарып салды. Жөн-ақ… Қыздар əлі жұмысқа тұрмағандықтан, жол басшымыз бізді зертханаға апармаған екен ғой…

Қаракөздердің қатары көбейді

– Əуелде оңтүстік аймақтардан көшіп келген шаңырақ пен оқуға түсіп жатқан жастарға бағдарлама мазмұнын түсінбеген жергілікті халықтың, бері айтқанда тосырқап, ары айтқанда танау тыжырып қарағаны шындық. Бірақ олар келгелі бұрын еңбек күші жетіспейтін жұмыс орындардың ісі ілгерілеп, өңірдегі бала туу көрсеткіші өсіп, қаракөздеріміздің саны арта түскенін көргенде сəби көңіл ел шын қуанған. Əрі бұл бағдарлама ірі орталықтарға көш түзеп, халқы азайған шекаралы аудандардың да күй-жайын оңалтқандай болды, – дейді Риддер әкімінің орынбасары Данияр Дүйсембаев.

Жоспарға сай, еліміздегі жұмыс күші тапшы тоғыз аймаққа Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау сынды облыстардан жастар шақыртылып оларға қажет мамандықтар оқытылып жатыр.

Əлбетте, алғашында үгіт-насихат жасап, кеше ғана мектеп бітірген жаутаңкөздерді шалғай жерге жіберу оңайға соқпаған. «Серпін» серпін болған үш жыл ішінде ауа райының жақпауы себепті жəне отбасылық жағдайлармен еліне қайтқандар да кездесіпті. Сыр берген денсаулығын осында жүріп емдеткен де студенттер болған. Мысалы, Ұлан ауданындағы ауылшаруашылық колледжінің студенті Айдана Иманғалидың басынан сондай бір оқиға өткен. «Жүрегімнің науқасын Қызылордада жүргенде білгенмін», – деп əңгімесін бастаған тағдырлы қыз мектеп бітірген соң жұмыс істеп, жыл шамасында ота жасату үшін қаржы да жинаған. Ал 2015 жылы «Серпін» атты бағдарламаны естіп, оқуға келген соң əлгі арманының өзі Айданаға қолын созыпты. Олай дейтініміз, сырқат студенттің жайына қаныққан колледж директоры мен «Серпін» басшылығы оған Астана қаласында тегін ота жасатып берген. Қазір белгілі дəрігерлік орталыққа қаралып тұрады екен. Міне, «Өмір есігін қайтара аштым», – деп əңгімесін жалғап отыр ол.

Немере сүйіп отыр

Қайтудың сағаты соғып, көлік иесінің тағаты таусылса да, күлім қақтырған көркем суретті көріп тұрып, елең еткізген бірауыз сөзді естіп тұрып, қайрылмай кете алмадық. \”Серпін\” жобасы басқармасының басшысы Күлзия Тобатаеваның аналық махаббаты баршамызды елжіреткен ерекше жағдай орын алды. Ол жасқа толмаған сəбиді əубəйлап тұрып: «Серпіндегі он жетінші немерем», – деді. Демек, он жеті жас шаңырақ көтерілген екен.
Біз долбар-жобалаумен әлек болып жатқанда сәбидің әкесі де келіп қалды.

– Жұбайым Кристина Риддердің тумасы.. Онымен 2014 жылы Алматы облысынан келіп, оқуға түскенімде танысқанмын. Екеуіміз 2016 жылы некемізді қиып, той жасадық, – дейді Елтан Болатұлы.

– Бас құраған «Серпін» студенттері кері қайтып жатқан жоқ. Маусымның 24-і күні өтетін бос лауазымды орындар жəрмеңкесіне алты ірі кəсіпорын қатысады. Сол жəрмеңкеде жұмыс табуға зор мүмкіндік бар, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.
Ұйымдастырылған шағын ғана мерекелік кеш Риддерде өткен бір күніміздің түйіні болды. Колледж түлектерінің сегізіне қызыл диплом табысталып, алған білімдерін ісімен дәлелдейтін шақ туды.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button