Серілікті серік еткендер

Берікхан Тайжігіт, Аягөз
Жуырда Аягөз ауданының Ақшатау ауылдық округінде «Салбурын-2022» атты тазылар жарысы өтті. Бұл айтулы дода 25 қазанда тойланатын Республика күні ұлттық мерекесіне орай ұйымдастырылды.
Оған аудан көлемінде құмай тазы жүгіртіп, аңға салып жүрген аңшылар мен серілікті серік еткен жігіттер қатысып, тазыларының шама-шарқын сынап көрді. Саятшыл қауыммен бірге аудан әкімі Сейілбек Ысқақов та болып, қатысушылар мен қонақтарды құттықтады:
– Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған сайыстың жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол. Ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртуға атсалысып жатқан барша азаматқа айтар алғысымыз шексіз. Мұндай игілікті істер жалғасын таба берсін. Бұл іс-шара тарихи және мәдени мұраны сақтауға, ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталғаны белгілі. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді ол.
Аягөздің батыс беткейіндегі Ақшатау тауларының етегінде өткен сайысқа тек аудан төңірегіндегі итбегілер ғана емес, Астана, Семей, Өскемен қалаларынан, сонымен қатар Абай және Шығыс Қазақстан облысының аудандарынан тазы ертіп келген қатысушылар да молынан жиналды.
– Бұл күнгі сайысқа халқымыздың жеті қазынасының біріне баланған 66 құмай тазы қатыстырылды. Құмай тазысы мен қыран бүркітін баптап алып келген барлық қатысушыға ұлттық спортымызды насихаттап, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп жүрген еңбектері үшін алғыс айтамын, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Абай.