Қоғам

Серiктеспен босану сәнге айналып бара жатқан жоқ па?

Серiктеспен босану сәнге айналып бара жатқан жоқ па?
Соңғы кездері «серіктеспен босану» дейтін бір «сән» шықты. Дұрыс қой, дүниеге адам әкелу әсте оңай шаруа емес. Қиналған сәттеріңде жақын адамның жаныңда болғанына не жетсін. Қалай десек те, бұл – босанатын ананың өз таңдауы. Біреулер босанар кезде анасының қасында болғанын қалайды. Ал енді біреулер қасынан әпкесін немесе құрбысын, тағы біреулер күйеуін көргісі келеді. Біздің бүгінгі әңгімеміз де дәл осы күйеуге қатысты.

Қазіргі күні бұл көрініске көпшілігіміз таңғалмайтын болып алдық. Әсіресе, қалалы жерде тұратындар үшін бұл қалыпты тірлікке де айналып кетті. Тіпті, еркектерді әйелімен бірге «роддомға» өзіміз аттандырып салатын болдық. Десек те, қазақ қоғамы үшін бұл қаншалықты жарасымды? Жалпы, ер-азаматтың толғақ қысқан әйелінің жанында болуы құптарлық іс пе өзі? Жанын қоярға жер таппай, бебеу қаққан әйелдің толғағын қасындағы күйеуі қаншалықты жеңілдете алады?

Дәрігерлер қауымы бізге мұны медицинаның жетістігі ретінде қанша жарнамаласа да, ұлттық болмысымызға жараспайтынын іштей әрқайсысымыз сеземіз-ақ. Бірақ амал не, ата дәстүрімізге жат батыстық тәжірибе өмірімізге дендеп енген сайын, оны теріске шығаратын қауқарымыз да қалмай бара жатыр. Күйеуімен бірге босануды қалайтын қаракөз қыздарымыздың қатары да уақыт озған сайын артып келе жатыр.

Әрине, дүниеге ұрпақтың келуі – кез келген жанұя өміріндегі маңызды сәт. Кейбір мамандар серіктеспен босану ерлі-зайыптылардың арасын одан сайын жақындатып, отбасының берік болуына ықпал етеді деген пікірді алға тартса, кейбір психологтар бұл оқиғаның ер адамның мінезіне қатты әсер ететінін ескертеді. Өйткені, мұндай сынақты көтере алатын да, көтере алмайтын да күйеулер бар екен. Бір күйеулер «босанғаннан» кейін жан күйзелісіне ұшырайтын көрінеді. Сондықтан да әйелімен бірге «босанғысы» келетін күйеулердің бұған психологиялық тұрғыдан дайын болғаны абзал.

Кейбір қыздарымыздың өз күйеуін «босанғанда қасымда бол» деп қинайтынын да жақсы білеміз. Күйеуі келіспесе, «сен мені сүймейсің» деп әлек салатын әйелдердің қылығы қаншалықты ақылға сыйымды? Егер күйеуіңнің алдында «әдемі» босана алатын болса, әңгіме басқа. Бірақ қай келіншек «мен әдемі босана аламын» деп сеніммен айта алады? Бәрі де бір ғана Алла тағаланың қолындағы шаруа емес пе? Толғақ жеңіл болса жақсы, ал ауыр болса, қайтесіз! Ал ана байғұстың дүниеге адам әкелердегі азапты сәтіне куә болған күйеу қандай күйді басынан кешеді? Осындай оқиғаны бірге бастан кешкеннен кейін күйеуіңіздің сізге деген махаббаты одан сайын арта түсетініне көзіңіз жете ме? Құдай бетін әрі қылсын, кейде өздігінен босана алмай, о дүниеге аттанып жататын аналар да кездесіп жатады ғой.

Тіпті, бірде әйелінің босанған сәтін отбасылық тарих бетінде қалдыру үшін фотоаппарат, видик секілді құрал-сайманын асынып барған күйеу туралы да естігеніміз бар. Тегі әлгі күйеу өмірге адам келетін сәтті дәл бір мерекедегідей деп ойласа керек. Бірақ қайдан, олай бола қойсын. Толғағы ауыр болып, шыбын жаны көзіне көрініп, қиналған әйел серіктесінің қылығына әбден ашуланыпты. Құрал-сайманын қолынан жұлып алып, лақтырып, әлгі байғұстың әбден есін шығарғанға ұқсайды.

Керісінше кейбір күйеулер әйелінің өтінішіне қызық үшін, нақты айтқанда жәй ғана өмірге адам қалай келетінін көру үшін ғана келіседі екен.

Осы арада айта кетейік, қазақ қоғамында көп әкелер әйелінің өзіне ұл сыйлағанын қалайды. Әсіресе, алғашқы перзенті ұл болған әкенің шын бақытты болатыны сөзсіз. Ал дүниеге ұл емес, қыз келгенін көрген әкенің көңіл-күйін көзіңізге елестетіп көріңізші. Сол жерде әйелін боқтап жібермесіне кім кепіл?

Әрине, әйелдің босанып, қиын сәтті басынан өткеретініне күйеуі әсте кінәлі болмаса керек. Бұл – табиғаттың заңы. Олай болса, «босану кезінде неге ғана мен қиналуым керек, баланың қалай өмірге келетінін еркектер де көрсін» дейтін әйелдердің әбден ойланғаны жөн секілді. Ер-азаматтың ең негізгі міндеті – отбасын асырап, тамақ табу емес пе? Осыған да риза болмаймыз ба? Әйелдің өзіне ғана тән азабымызға азаматымызды ортақтастырып, не опа табамыз! Ойланайықшы, замандас!

Осы айдарда

Back to top button