Серікбай балуанның хикметті хикаялары
Хәсен Зәкәрия
Кешегі қилы заманды бастан кешкен немесе сондай шежіре аталарымыздың әңгімесін тыңдаған зейінді адамдардың шерткен сырларын сергек көңілмен сараптайтын болсақ, халқымыздың басынан небір қиын кезеңдердің өткенін шын ұғынып, ұғынған сай ын терең толғанып, тебіреністі күй кешетініміз рас. Дегенмен, сондай кезеңдерде ел-жұртына сүйеніш болып, халықтың жоғын жоқтаған арқалы азаматтардың аз болмағанын сезінеміз. Сезінеміз де марқаямыз. Көп жерде осындай жандардың ерлігі «сотқарлық», «бұзақылық» деп бағаланып, есімдері жақсы адам ретінде аталмай да жатады. Қалай болғанда да солардың жасаған ерліктері, біреуге жанашыр болып, өз қолдарымен от көсегендері – еске алып, айтып жүруге тұрарлық естелік. Міне, сондай арқалы азаматтардың бірі – Ақнайманның Көбес руынан шыққан, аты өңірімізге жақсы мәлім Ноқаның Серікбайы деген атамыз.
Ноқаұлы Серікбай – Қалғұты өңіріндегі Ақши қыстағының тумасы. Ол 1882 жылы дүниеге келіп, 1974 жылы қазіргі Сарыөлең ауылында қайтыс болған. Серікбай өте ірі денелі, аса қарулы, ержүрек адам болыпты. Он төрт жасынан ат жалын тартып мініп, жортуылға шыққан осы айбарлы да арқалы азамат туралы әңгімелер көп. Серікбай Темірхан деген бай ағайынының атқосшысы, туралап айтар болсақ, «барып кел», «шауып кел» деп жұмсап отыратын қолшоқпары болған екен. Ол кезде қазақ арасының тыншу таппай, жер дауы мен жесір дауының ұшынып тұрған кезі емес пе, бұл жанжалдардың соңы қашанда барымта-сырымтамен аяқталып, ел арасының дүрлігіп жататыны түсінікті. Ал барымтаға қарулы да қайсар, жүректі де епті жігіттердің аттанатыны белгілі. Серікбай осындай жортуылдарда әрдайым жол бастап, топ жарып жүретін тақымы мықты, қолы қатты адам болыпты. Ол «өлтіріп аламын» деп қақтығысқан адамын ешуақытта бастан ұрмайды екен, сойылдасуды жетік меңгерген, аттың құлағында ойнайтын сайыскер қарсыласын тобықтан қағып немесе қызыласықтан ұрып, түсіріп кететін көрінеді. Ол осындай өнерімен қоса өте төзімді, әдісқой да айлакер адам болған. Соның бір мысалы ретінде төмендегі қызықты оқиғаны баяндап өтейін.
Дәлелденбеген барымта
Ел арасындағы дау-шарды реттеп қайту үшін арнайы келген ояздың (уезд бастығы) өкілдері Темірхан байдың үйіне әдейілеп түсіп, қонақ болып жатса керек. Қызмет қылған жігіттердің арасында мал сойып, табақ тартып, Серікбай да жүреді. Ақыры, түн болып, жұрт ұйқыға жатуға қам қыла бастайды. Сол уақытта Темірхан Серікбайды оңаша шақырып алып, бір маңызды сапарға жол түсіп тұрғанын тұспалдайды. Оған көптен бері Бүйректаудың арғы бетін, Қара Ертіс пен Зайсан көлінің оң жағалауын емін-еркін жайлаған бір бақталас байдың ызасы өтіп жүреді екен. Соның есесін қайтару үшін осы сәттің ерекше бір қолайлы мезет болып тұрғанын қапысыз ұғынған Темірхан:
– Серікбай, шабар болсаң, шабатын кезің – осы! – деп аталған байдың жылқысын барымталап қайтуға жұмсайды.
Серікбайдың өзі ғана мінетін түс-тұлғалары бірдей екі көк аты бар екен. Соның ең қиын сапарға ғана мінетін Бөрте атты біреуін ерттеп мініп, қақ сойылын тақымға қысқан ол ел жата жолға шығып кетеді. Сол бетімен көш жердегі жылқыға тиген барымташы күзетте жүрген жігіттерді тегіс жамсатып салып, жылқының бір бөлігін айдап жөнеледі. Тоқтаусыз айдап келген әлгі жылқыны Жылытаудың арғы жағындағы бір қолатқа апарып тастап, елең-алаңда үйіне жетіп, төсегіне жатып қалады. Сүмек болып терлеген көк атты ел көзіне түспейтін жерге жасырып, оның орнына екінші тың атты байлап қойған Серікбайдан ешкім күдіктене алмаса керек. Көппен бірге тұрып, мал жайғап жүргенін бүкіл ауыл жұрты, қонаққа келген ояздың адамдары да көреді.
Көп ұзамай қуғыншылар да келіп жетеді. Олар келген бойда:
– Жылқымызды Серікбайдан басқа ешкім алған жоқ, дереу шақырыңдар ұрыларыңды, малымызды қайтарыңдар! – деп отырып алады. Темірхан болса, қатты таңырқаған адамның кейпіне еніп:
– Ойпыр-ау, жарқындарым, не айтып тұрсыңдар? Серікбай ауылдан аттап шыққан жоқ, түнімен қонақ күтісіп, жанымызда жүрді. Аты – әне, өзі – міне! – деген екен. Бірақ, түнгі қақтығыста Серікбайды анық таныған бір жігіт бой бермей:
– Өтірік айтпаңдар, Серікбай түнде біздің жылқыға шауып, жігіттерімізді тегіс аттан түсіріп кетті. Арамызда қатты мертіккендер де бар. Жылқымызды айдап әкеткені үшін айып, мертіккен азаматтар үшін құн аламыз! – деп қояр болмайды. Ақырында әңгімеге Серікбайды кешеден бері осы үйден көріп жүрген ояздың қызметкерлері араласады. Олар бұл жігіттің кеше өздерімен бірге ұйқыға жатып, таңертең бірге тұрғанын көлденең тартып, қуғыншылардың сөздерін жоққа шығарады. Шынында да асықпаған адам кешке дейін жүріп баратын жерге түнде жетіп, одан жылқы айдап әкеліп, оны адам таппас тасаға тығып үлгерді дегенге осынша жолды бір күнде жүріп көрмеген орыс шенеуніктері өлсе де сенбес еді. Мұндай жүріске аттың аты, жігіттің жігіті ғана шыдаса керек. Ал бұл Серікбайдың үйреншікті жорықтарының бірі ғана болатын.
Айтып-айтпай не керек, ақырында ояз адамдарының алдында жоқ іздеген пақырлардың өздері кінәлі болып шығады. Темірхандай өнегелі де адал байға «жазықсыз» жала жапқандары үшін олар бір үйір жылқы, ат-шапан айып төлеп, әрең құтылыпты.
Құтырынған бурамен айқас
Серікбайдың тағы бір ерлігі туралы мынадай әңгіме айтылады.
Сол өңірдегі бір байдың атақты бурасы болыпты. Ол күйлеп, құтырынған кезде төңіректен жаяуды қойып, атты адамды жүргізбейді екен. Адам болсын, мал болсын, қуып жүріп шайнап немесе таптап тастайтын көрінеді. Бұл бетімен кеткен хайуанның тіпті адам өлтірген кезі де болыпты. Соны білетін жұрт осы аймақты сыртынан айналып, аулақ жүруге тырысады екен.
Өзіне-өзі нық сенетін Серікбай бірде әдейі келіп, сол маңды шиырлап жүреді. Ондағы ойы ел-жұртты әбден зәрезап қылған әлгі бураның жазасын беру болса керек. Сөйтіп жүргенде қалың шидің арасынан шыға келген бура бейсауат жүрген атты кісіні тұра қуады. Серікбай алдын ала болжап қойған шағын бұлақты бетке алып, шаба жөнеледі. Қақаған аязда бұлақтың суы жайылып, жалтыр мұз болып қатқан екен. Мұзға Серікбай мен бура қатар жетеді. Сол кезде жаңадан тағаланған атпен өте шыққан Серікбай тайып барып, тізесімен сырғанап келе жатқан бура қатарласа бергенде сойылмен қақ маңдайдан ұрып кеп жібереді. Орасан күшпен сілтенген сойыл қойсын ба, төбесі ойылып кеткен бура төңкеріле құлайды да, жантәсілім етеді.
Ертеңінде бай малының құтындай болған бурасының әлдекімнің қолынан арам өлгенін естіп, бұл кесапаттың Серікбайдан келгенін сезеді. Бірақ, оны көрген ешкім болмағасын амалы құрып, іштен тынады. Дәлелінің жоқтығынан ештеңе істей алмай, мысы құриды.
Тар жолдағы текетірес
Серікбай өз елінде жүргенде бір тентектік істеп қойып, Ертістің арғы жағындағы нағашылары – Қараужасықтарға қашып кетіпті. Ол сонымен нағашы жұртында біраз жыл тұрып қалса керек. Арғы жақ дегеніміз – қазіргі Самар ауданы ғой, онда ол кезде де қар қалың, бір күні жалғыз ат қана сыятын тар жолда шанамен келе жатқан Серікбайға қарсы жолыққан патшаның үш полицейі жол беруді талап етеді. Жолдан сәл шықса, кісі бойы қарға күмп ете қалары сөзсіз, сол себепті Серікбай аналардың сөзін түсінбеген болып, аңырайып тұра береді. Енді ана үшеуі шанадан түсіп, жаяу жақындайды. Ондағы ойлары – жапан түзде жолыққан жалғыз қазақты ұрып-соғып, жәбірлеу болса керек. Мұның орнында оңай-оспақ біреу болса, аналардың өлтіріп кетуі де әбден мүмкін еді. Серікбайдың көлігінде шана жасаған кезде екі табанның ортасын тартып тұратын қарама жасаймын деп алып шыққан талдары бар екен, самогонға тойып алған мас полицейлер жақындай бергенде солардың бір жуандауын қолына алған балуан жігіт әлгілерді төбеден бір-бір ұрып сілейтіп салады да, ат-шаналарын жолдан шығарып тастап, тайып тұрады.
Ертеңінде бұл сұмдық оқиғадан хабардар болған нағашылары оның енді қолға түссе, оңбайтынын жақсы сезініп, аманында маңайдан кетуін талап етіпті. Өйткені, жиендеріне жандары ашуымен қатар бұл жайдың өздеріне де қатер төндіруі әбден мүмкін екенін олар жақсы түсінген болатын. Осыдан кейін Серікбай «Есің барда – елің тап!» демекші, шұғыл аттанып, өз еліне қайтып оралыпты.
Баскесерлерді жазалау
Ол уақыт Қазан төңкерісінен кейінгі аласапыраннан елдің есі шығып, соңынан Ресейдегі Азамат соғысы бел алып, ақ пен қызылдың соғысы жүріп жатқан кез болса керек. Қызылдардан жеңілген ақ бандылар (тура мағынасында) бұл жақтан тиянақ таба алмай, бас сауғалап, Қытай асып жатқан болатын. Олар у жеген қасқыр тәрізді ешкімге аяушылық білдірместен жолда кездескеннің бәрін тонап, зорлық-зомбылық жасап, аяусыз қан төгуде еді. Қарусыз адамдар оларға кәдімгідей ойыншық болатын, келешектен үміттері үзіліп, көздері қарайған қанішерлер ойларына келгенін істеп, ен далада сойқан салып жүрді.
Бір күні бір момын бақташы Серікбайға өзінің әйелі мен баласын әлгіндей аузы түкті жендеттердің өлтіріп кеткенін айтып, кек алып беруін өтінеді. «Сенен басқа ешкім менің есемді алып бере алмайды, Секе, бір ерлік істе!», – деп жылап-еңіреп келген соң, намысқой жігіт бір тәуекелге бел байлайды. Жанына сенімді бір азаматты ертіп, әлгілердің ізіне түскен ол көп ұзамай баскесерлердің аттарын тұсап жіберіп, ас-су әзірлеп жатқандарын көреді. Еңгезердей үш жендет мылтықтарын бір-біріне сүйеп қойып, өздері тау бетіне өрлеп, қу отын жинастырып жүр екен. Баспалап таяп келген Серікбай аналар ес жиып үлгергенше жүгірген күйі келіп, мылтықтарды іргедегі терең сайға лақтырып-лақтырып жібереді. Өкіріп-бақырып алдымен жеткен біреуін Серікбай дырау қамшымен бастан тартып жібергенде, анау етпетінен түсіп, қайтып тұра алмай қалады. Қалған екеуін бұлар қолдарына түскен затпен бас-көзге ұрғылап, естен тандырады да, кісі бойы қар басқан терең сайға домалатып жібереді. Осыдан кейін олар жайлы ешқандай сыбыс естілмепті.
Өзіңнен зор шықса…
Осындай алып күштің арқасында қаншама қатерден аман құтылып жүріп, Серікбай өзінің небір қиын жағдайларға жолығып, тіпті өмірінің қыл үстінде тұрған кездері де болғанын жасырмай айтып отырады екен. Соның бірі төмендегі үрейлі оқиға болса керек.
Бірде Серікбай Марқа өңірін аралап жүріп, жолда кездескен бір қорадан ұрлап қой алып кетпекші болады. Өзінше ешкімге көрінбей қораға түскен уақытында оны байқап қалған мал иесі алдынан шығады да, шап беріп ұстап алады. Бұрын ешкімнен жеңіліп көрмеген Серікбай ананың қайратына таң болған екен. Екі-үш жігіт жабылып жыға алмайтын Серікбайды әлгі жігіт бұрап тұрып алып ұрады да, қыл арқанмен матап, қол-аяғына аттың кісенін салып тастайды. Өмірі мұндай қорлықты көрмеген Серікбай тыпырлап, амалы құрып жатса керек.Үй иесі «дұшпанын» қолға түсірген соң:
– Ұрыны өлтіру керек, мен мұны үйдегі қонағыма бауыздатайын, – деп шығып кетеді. Ал осының бәрін көріп тұрған оның әйелі жас жігітке жаны ашып:
– Ана жерде кісеннің кілті тұр, шамаң келсе соған жет те, қашып құтыл,- деп кілт тұрған жерді нұсқайды. Домалап, сырғанап, әупірімдеп кілтке қол жеткізген Серікбай қол-аяғы босанған соң әлгі жерден сытылып шығып, алды-артына қарамай қашқан екен.
Атамыз кейіннен осы жайды еске алып:
-«Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» деген нақылдың растығына көзім сонда бір жетіп еді, – деп айтып отырады екен.
Қария өмірінің соңғы кезеңдері
– Мен Серікбай атамызды жақсы білемін, тіпті талай рет жанында отырып әңгімесін де тыңдағанмын, – дейді Бесжылдық ауылының байырғы тұрғыны, 68 жасар зейнеткер Жүнісов Сейітжан (Қоңқыш). – Олар біздің ауылға 1964 жылы көшіп келді. Ол кездегі балалар үлкендердің әңгімесін тыңдауға құмар еді, олар да «бірдеңені ұғып, түйе берсін» дейтін болар, бізді маңдарынан қумайтын.
Серікбай қарттың айтуынша, олар бір кезде Күршім өңірінен көп қуғын-сүргін көріп, Марқа жаққа ойысыпты. Марқакөлдің төңірегіндегі құнарлы, сулы-нулы жерлерге ертеректе келіп, қоныстанып алғанкержақтар бай тұрады екен. Олар көбінесе арзан жұмыс қолы ретінде жер ауып, көшіп келген қазақтарды жалдайтын көрінеді. Ал әлгіндей арзанқол жұмысшылардың дауласып, соттасып жататын жағдайлары жоқ, жан сақтаудың қамымен нетүрлі ауыр жұмыстарды бас тартпастан атқарады, ақысына не берсе соған разы күн кешеді.Осылайша көлемді алқаптарға егін егетін, табын-табын мал, қажетінше омарта ашып, ара ұстайтын кержақтың байлары қазақтардың ақысын аяусыз жеп, қанап отырады. Серікбай да өзін барынша тежеп ұстап, амалдың жоқтығынан іштен тынып жүреді.
Күзге таяу кержақтар елу-алпыс арбамен кіре тартып, астықтарын, ет пен балық, балдарын Ертістің жағалауындағы айлақ – Камышинкаға жеткізіп, одан әрі пароходпен жөнелтеді екен. Сондай кіренің бірін қарсыласқанын ұрып жығып, тал түсте тонап алған Серікбай мен оның үзеңгілес серіктері осы азықтың барлығын жағалаудағы аш-жалаңаш кедейлерге таратып беріпті. Бұдан соң қолға түссе, басы кететінін қапысыз ұғынған жүректі жігіт енді албаты көзге шалынбастай болып, бой тасалағанды жөн көреді.
– Содан соғыс басталғанша бас сауғалап жүрдім, – деген екен Серікбай бір әңгімесінде. – Соғыстың дүрбелеңімен заң орындары, милиция атаулының барлығы «байтал түгіл бас қайғы» болып, шырғалаңға түсіп жатқанда мен де жасырынған жерімнен шығып, ел ішіне оралдым. Кейіннен бәрі тынышталып, қудалау тыйылғаннан кейін Бесжылдыққа көшіп келдік.
Бертін совхоз құрылып, елдің басы бір жерге қоғамдалған тұста Серікбайдың ұлы Құдыкен бір отар қой алып, мал бағуға шығады. Бұрынғы жортуыл, барымта-сырымтадан тыйылған Серікбай қарт баласына сүйеніш болып, қысы-жазы жалықпастан қой жайған екен. Тиянақты «көмекшісінің» арқасында алды жүрген Құдыкен озат шопан атанып, тіпті Мәскеуге, Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне дейін барады.
– Біз әскерге аттанарда Серікбай атамыздың үйіне барып, қош айтысқан едік, – деп еске алады Сейітжан ағамыз. – Ол кезде қария тың, сергек-ширақ күйде болатын. Маңдайымыздан сүйіп, батасын бергені әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кісіні қайта көруді Тәңір жазбаған екен, мен әскерден оралғанша қайсар қарт мынау пәни дүниеден өтіп кетіпті.
Жастайынан тар заманның талқысына түсіп, алысқанды астына басып, жағаласқанды тақымға салып, небір қатерлі сапарларға тайынбай тәуекел еткен, қандай адуын, ақкөз болса да ешуақытта адамшылықтан шықпаған, қашанда елі мен жұртына қорғаныш, жанашыр бола білген даңқты атамыздың өмір жолы осылай тұжырылған екен. Дегенмен, қайсар қарттың артында ол жайлы телегей тарих пен ізін жалғайтын ошарлы ұрпағы қалды. Бір ұл, бір қыз өсірген атамыздың ізбасары Құдыкеннен төрт ұл, екі қыз өрбісе, бүгінде олардан 20 шөбере тарап, тамырларын кең жайып жатыр. Олардың барлығы балуан бабаларының аңызға айналған атағын орынды мақтан етеді.
Бұл естелікті жұрт назарына ұсынбақ болып қалам ұстағанда алты аласы, бес бересі жоқ адамды орынсыз мадақтайын деген жоқпын, текжақсы біліп, қатар жүрген ауылдас, замандастарының естелігі, көзкөргендердің шерткен шынайы сыры негізінде өз заманының нағыз батыры, тұстастарының ту ұстары болған арқалы азаматтың есімін бір жаңғыртып өтуді мақсат тұттым. Тарихтың өзі осыдан басталып, осылайша құралмай ма, мен де соған бір тамшы үлес қосып, ұмытылуға айналған ұлағатты оқиғалардан естігенді елең еткізердей бір естелік тірілттім. «Өткенін білмегеннің болашағы да жоқ» дейді халық нақылы, ендеше өткенімізді өшірмеуге тырысайық, ағайын!
Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы