Қоғам

«Сергектердің» саны артады

Ержан Әбіш

«Сергек» камералары Риддер мен Алтай қалаларында да орнатылады. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңесте айтылды, жиында өзге де бірқатар маңызды мәселе талқыланды.

Көлік саласын цифрландыру бағытын айтар болсақ, қазір бейнетіркеу жүйесі оң нәтиже көрсетуде. Мәселен, Өскеменде жол-көлік оқиғалары 17%-ға азайды. Жыл басынан 6 мыңнан астам әкімшілік, 88 қылмыстық іс жедел ашылды. Енді «Сергек» жүйесі Риддер (335 бейнекамера) мен Алтай (224 бейнекамера) қалаларында орнатылады, жобалар әзір.

– Соңғы екі айдағы мобильді қосымша және карталар арқылы автобус-трамвайларда төленген жолақы мөлшері – 72%. Осылайша, біз тасымалдаушылар қызметінің ашықтығын, саланы субсидиялаудың нақты деңгейін көріп отырмыз, – деді облыс әкімі.

Қаралған тағы бір мәселе – егін жинау науқаны. Егіс алқаптарының 80%-ы жиналды, қарқын жаман емес. Шаруаларда техника бар. 18 мың тонна дизель отыны бар, бұл жиын-терінді аяқтауға жетеді.

Майлы дақылдарды өңдейтін зауыттардың іске қосылуына орай, аймақ басшысы егіс алқаптарында осы дақылдарды көбейту бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ медицина кадрлары бойынша мәселе өзекті болып қалуда. Өскемен, Риддер, Алтай қалаларында, Глубокое ауданында дәрігерлер жетіспейді. Биыл медициналық оқу орындарының 91 түлегі облыс ауруханаларына тартылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

– Өскеменде дәрігерлерге арналған үйдің құрылысын бастауды тапсырдым. Сондай-ақ қала-аудан әкімдері медицина қызметкерлеріне арналған үйлердің жобаларын ұсынады, – деді осы ретте Даниал Ахметов.

Осы айдарда

Back to top button