СЕРГЕК ТЕ СЕЗІМТАЛ СУРЕТКЕР

…1973 жылдың күз айы. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, облыстық «Коммунизм туы» газетінің секретариатында екі-үш ай қызмет істеп жүрген жерімнен сол кездегі облыстық радионың қазақ бөлімінің бас редакторы Қамза Қасымов деген ағамыз тілшілік қызметіне шақырып алды. Арада бірер күн өткен соң Ұлы Отан соғысының ардагері, басшымыз Қамза ағамыз алғашқы тапсырмасын берді.
– «Лениншіл жас» газетін оқитын шығарсың? – деп бетіме сынай қарады. Ішім қылп ете қалды. Журналистік жолды енді бастаған, үй-күйі, нақты адресі жоқ мен газетке қалай жазыламын? Бірақ сол кездері жастар газетінің атағынан ат үркетін, жастардың проблемалары мен елде болып жатқан жаңалықтар мен кемшіліктерді батыл көрсететін басылымды оқитыным рас, «аға, оқимын» деп жауап бердім.
– Онда жақсы. Жаңа ғана облыстық комсомол комитетінің жастар бөлімінен телефон шалып, «Лениншіл жас» газетінің журналисі Жанат Елшібеков басқарған экспедицияның Зайсан ауданына барып, жаңадан құрылған комсомол-жастар бригадасы, ауыл спортының қал-ахуалы жайлы арнаулы бет беретіні жайлы хабарлады. Мұндай жаңалықтан қалай тыс қаламыз, сен Жанатпен жолығып, радиоға сұхбат ұйымдастырып кел, – деді.
Жанат ағамен таныстым, аузын ашса көмейі көрінетін, аңқылдаған, менен үш жас үлкен азамат екен. Жас болса да ол кісінің терең біліміне, көп білетініне таңғалдым. Әсіресе спорт тақырыбын жетік білетініне риза болдым. Жәкең – Талдықорғанның азаматы, өз жерлестері атақты балуандар Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев туралы әңгіме айтқанда, майын тамызып, қызықтыра түсті. Суыртпақтап өзі туралы сұрағанымда, білгенім, ҚазПИ-дің соңғы курсында оқып жүргенінде Шерағаң «Лениншіл жас» газетіне қызметке шақырыпты. Артынша газетке қазақ спортының көшбасшысы Сейдахмет Бердіқұлов бас редактор болып келген көрінеді. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезде «Қазақстан пионері» газетіне мақалалары мен сөзжұмбақтары, ребустары шығып, жұрт көзіне іліне бастаған. Сейдағаң Жанаттың спорт тақырыбына қанық екенін білсе де, ең алдымен секретариаттың көрігінде қыздырып алады. Ол жайлы Жәкең былай деп еске алады.
– Газеттің әр басшысының өз жұмыс стилі, басқару әдісі болады, – дейді сол кезді еске алған Жанат ағамыз. – Сейдағаңның ерекше бір қасиеті ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп келген түбіт иек журналисті алдымен секретариатқа жіберіп, макет жасау, мақаланы маңызы мен сапасына қарай қай бетке орналастыру керек екеніне үйретеді. Біраз уақыт өткен соң газеттің комсомол-жастар, ауыл шаруашылығы, спорт, басқа бөлімдеріне жіберіп, бесаспап маман болып шығуына көңіл бөледі. Себебі кез келген журналист, мейлі, экономика, мейлі, ауыл шаруашылығы, мейлі, спорт тақырыбына болсын еркін көсілуі тиіс. Секретариатта тәжірибе жинаған соң басшымыз мені жауапты хатшының орынбасары, сосын спорт, патриоттық тәрбие беру бөліміне меңгеруші етіп тағайындады. Сейдағаң мақаланы өзі оқып шығатын, сапалы болса қуанып, кемшілігі болса шақырып алып, ақыл-кеңесін беретін. Ол кезде мемлекет спорттан қаржыны аямайтын, ел саңлақтары Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарында, халықаралық жарыстарда топ жаратын.
Жаңа бөлімге басшы болған Жәкең іске білек сыбана кіріседі. Мектепте оқып жүрген кезде дойбы, шахмат ойнап, үстел теннисі, шаңғымен айналысқан, жеті шақырым жердегі мектепке кейде жаяу, кейде шайтан арбамен қатынап, өзін сергек те сезімтал сезінетін, өзінің ойлау қабілетін шыңдаған ағамыз ауыл спортының мүшкіл жағдайы туралы мақалалар ұйымдастыруды қолға алады. Тиражы 300 мың дана жастар газетінде жаңадан «Топ жарған», «Спорт қаҺармандары», «Қазақ спорты қайда барасың?» атты рубрика ашылып, саңлақтар жайлы көлемді очерктер оқырмандардың қызығушылығын тудырады. Әлемдегі ең биік Эверест шыңын бағындырған атақты алпинист Қазбек Уәлиев, атақты балуандар Ә.Айханов, Ә.Ғабсаттаров, А.Бұғыбаев, басқа да топ жарған саңлақтар жайлы танымдық мақалалар жастар газетінде апта сайын беріліп, оқырмандардың ілтипатына бөлене бастады. Жанат Елшібектің Қарлығаш Қалиева, Н.Ильенко, Грузияның атақты шахматшысы, Әлем чемпионы Майя Чебурданидзе жайлы жазған очерктері мен сұхбаттары «Социалистік Қазақстан» газеті мен «Жалын» журналында жарық көреді. Жәкең Кенді Алтайға да сан рет іссапармен келіп, шырайлы Шығыстың еңбек ерлері, әр салада жемісті қызмет атқарған абыройлы азаматтары туралы көлемді де тартымды очерктерін бірінен соң бірін жариялай бастады. Тіпті Майқапшағай кеденіне арнайы барып жазған проблемалық мақаласы оқырмандар тарапынан лайықты баға алды.
– Қанатымды қатайтқан, журналистік шеберлігімді шыңдаған қазақ спорты журналистикасының көшбасшысы Сейдағаңның келбеті көз алдымда, – дейді Жанат аға өткенге көз жүгіртіп. – «Лениншіл жас» газетінде тоғыз жыл қызмет істеппін. Бірге қызмет еткен әріптестерім ол кезде шаршап-шалдығуды білмейтін, қай жерде жаңалық бар екенін білсе, жедел репортаждар ұйымдастыратын. Ал жастар газетінде тізе қосып бірге қызмет еткен әріптестерім, қаламы ұшқыр қаламгерлер Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев, Ырым Кененбаев, Әшірбек Көпішев, Жұмагүл Солтиева, Мағира Қожахметова, Жарылғап Бейсенбайұлы, Жақау Дәуренбеков кейіннен еліне елеулі, халқына қалаулы азамат атанды. Жерлестеріңіз, есімі елге кеңінен таныс Оралхан Бөкей, Марат Қабанбаев шырайлы Шығыс жайлы айтқан кезде елеңдеп, Алтайға барғымыз келетін. Бардық та, көрдік те, табиғаты көркем өңірден шыққан жазушыларға шабыт берген қасиетті өңір екеніне көз жеткізетінбіз. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, талантты жазушы Әлібек Асқаровты шәкіртім деп айта аламын. Ұстазым Сейдағаң өз тәжірибесін үйретуден жалықпайтын, бізді қамшылап отыратын. Осыдан бірер жыл бұрын «Жұлдыз» журналында өзімнің ұстазым, жастар газетінде бірге қызмет еткен әріптестерім жайлы «Найзағай жаралаған егіз қайың» атты хикаятым жарық көрді. Сейдағаңның көзін көрген, ондаған шәкірттері телефон шалып, ыстық ықыластарын білдіріп жатыр. Шынында да, қазақ спорты журналистикасының көшбасшысы Сейдахмет Бердіқұлов туралы бұрындары қаламгерлер түрлі жанрда қалам сілтеп келсе, әдеби-көркем шығармалар жазылмаған екен. Сейдағаңнын шығармашылығы, спорт тақырыбына жазған әдеби-көркем публицистикалары, жастар газетінің қалыптасуы, ізденісі мен қол жеткен табыстары, жас журналистердің шеберлігін арттырудағы тәжірибесі жайлы хикаятта толық қамтылған.
…1979 жылы Жанат Елшібековті қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Социалистік Қазақстан» газетінің көркемдеу-безендіру бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырады. «СҚ»-ның бет-бедері тіпті айшықтана түсті. Соңынан оперативті жаңалықтар, туризм, спорт бөлімі басшылығы қызметіне ауысады. Бұл кезде Мәскеудегі Жазғы Олимпиада ойындарының ашылуына екі жылдан сәл астам уақыт қалған. «Лениншіл жас» газетінің бірнеше бөлімінде жемісті қызмет етіп, спорт тақырыбын дендетіп жазып, көзге түскен журналисті сол кездегі бас газеттің басшысы, қайраткер Сапар Байжанов ерекше құрметтейді, қиын да күрделі мақалалар жазуға тапсырма беріп тұрады. Бөлім меңгерушісі қазақ елі саңлақтарының Олимпиада ойындарына дайындығы, кейін дүбірлі додада топ жарған Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, боксшы Серік Қонақбаев, басқа да саңлақтар туралы очерктер бере бастады. Жәкеңнің атақты алпинист Қазбек Уәлиев туралы жазған «Мұзбалақ» атты очеркі газет оқырмандарын елең еткізді. Редакция поштасына Қазбек туралы білгілері келетін, адресін беруді өтінген хаттар топырлап түсе бастайды. «СҚ»-да апта сайын спорт беті тұрақты шығып, оқырмандар ықыласына бөленеді. Мұның алдында сөзжұмбақ, ребус, чайнборд құрастырумен айналыса бастаған Жәкең артынша спорт, табиғаттың адам таңғаларлық оқиғалары, хайуанаттар мен жануарлар дүниесінің ғажайыптары, танымдық жұмбақтар құрастырып, шаң басып, құмға сіңген тарих беттеріне жан бітіріп, бірнеше кітап шығарды.
Жәкең екеуіміз «Егемен Қазақстан» газетінде ширек ғасыр бірге қызмет еттік. Ал Жанат аға 37 жыл бойы аталмыш басылымда жемісті қызмет етіпті. Жарты ғасырлық еңбегі лайықты бағаланды. Алматы облысының Құрметті азаматы, өзі туып-өскен Қаратал ауданының Құрметті азаматы, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, «Қазақстанның құрметті журналисі» атақтары, «Құрмет» орденінің иегері, бірнеше мерекелік медальдарға ие болуы ұзақ жылғы еңбектің өтеуі болса керек. Оның сыртында 20-ға тарта әдеби-көркем, публицистикалық кітаптар, мыңнан астам мақалалардың түрлі басылымдарда жариялануы жайлы айта кеткен орынды болар.
Жанат ағамыз зейнет демалысында болса да тынымсыз ізденіс үстінде. Ол Халық жазушысы, классик қаламгер, жерлесіміз Мұхтар Мағауиннің шығармашылығын арқау еткен «Сұңғыла» атты роман-эссесін жазып бітірді. Бұл туындының үзінділері республикалық басылымдарда жарық көрсе, толық нұсқасын «Мағжан» журналы жариялай бастады. Міне, қаламгер бақыты деген осы емес пе. 75 деген мерейлі жасқа толып отырған Жанат Елшібеков қазір де шығармашылық ізденісте. Жарты ғасыр қолынан қаламы түспеген, сергек те сезімтал суреткер, оқырмандарын сүбелі шығармаларымен қуантып келе жатқан шабытты қаламгердің бергенінен берері көп.
Оңдасын Елубай, «Құрмет» орденінің иегері,
Қазақстанның құрметті спорт қайраткері
Өскемен.