Серебрянкалықтар сенімі ақтала ма?
Кезінде өз өнімдерімен танылған Серебрянкадағы «СЗНП» ЖШС үш мыңға дейін жұмысшысы бар ірі кәсіпорын болатын.
Қазір Серебрянка органикалық емес өнімдер зауытында 35-40 адам ғана жұмыс істеп жүр. Аталған өндіріс орны «БТА банкте» кепілдікте тұр. Тоқтап қалуға айналған кәсіпорынға сауықтыру шараларын жүргізу үшін зауыт «Ертіс» ӘКК-не берілген болатын.
Қазір аталған кәсіпорында бұрыннан қызмет еткен өз істерінің майталмандары қайтадан жұмысқа алынып, еңбек жолдарын әрі қарай жалғастыруда. Зауыт өнімді негізінен «Ертіс» ӘКК-нің тапсырыстары бойынша шығарып жатыр. Еліміздегі бірегей өндірісті қайтадан қатарға қосып, өз қуатында жұмыс істеуге көшірудің жолдары қарастырылып, тығырықтан шығудың тәсілдері іздестірілуде.
Алдағы уақытта «СЗНП» ЖШС-нің жағдайы одан әрі жанданып, тұрғындарға жұмыс орындары ашылар, өндіріске сұраныс көбейер деген үміт бар.