Қоғам

Серікжанов – үздік ондықта

Ерлан Серікжанов Израильдің Тель-Авив қаласында аяқталған дзюдодан әлемдік Гран при турнирінің күміс жүлдегері атанды.

Республикалық дзюдо федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен үржарлық балуан байрақты бәсекенің финалына дейін жетіп, ақтық белдесуде Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, оңтүстіккореялық Ан Баулға есе жіберді. Еске салайық, жарыс барысында Серікжанов алдымен Ярин Менегедті (Израиль) тізе бүктірсе, артынша Мурад Шопанов (Ресей) пен Орхан Сафаровтан (Әзірбайжан) басым түскен болатын. Ал жартылай финалда жерлесіміз татами иесі Барух Шмаиловті вазари ұпайымен жеңді. Айта кетерлік жайт, осы салмақта күрескен тағы бір қазақстандық дзюдошы Елдос Жұмақанов қорытынды есепте бесінші орыннан көрінді.

Бұл жолғы Гран при турниріне Әлемнің 83 елінен 547 спортшы қатысқан-ды. Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережесі бойынша лицензиялық жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне әлемдік рейтингте ұпай қосылады. Дәлірек айтсақ, жеңімпаз 700 ұпайға ие болса, екінші орын алған спортшыға – 490, ал үшінші орын иегеріне 350 ұпай берілмек.

Қазақстан дзюдо федерациясы таратқан ақпаратқа сәйкес, Тель-Авивте өткен Гран при турнирінің күміс жүлдегері Ерлан Серікжанов қосымша 490 ұпайға ие болып, соның арқасында рейтингтегі 11-ші орыннан тоғызыншы сатыға көтерілді.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button