Қоғам

Сенсорлық бөлмесі бар балабақша құрмақ

Риддер қаласындағы корреляциялық орталықтың жұмысы көпке үлгі. Қыркүйек айында қала әкімдігі бұл орталықты жаңа мекенжайға көшіріпті. Ал бұған дейін «Светтің» жетекшілері бірнеше мемлекеттік грантқа қол жеткізіп үлгерген.

– Бұл орталықты мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары құрды. Бұған дейін ата-аналар балаларымен бірге Өскемен мен Семейдегі оңалту орталықтарына сабылатын. Бір күні әйелдер жағы бастама көтеріп, осындай орталықты құрып жібердік. Бастапқыда екі бөлмелі шағын нысанға орналасқан едік. Биыл қала әкімінің қолдауымен кең ғимаратқа көштік. Әуелі әлеуметтік қамсыздандыру органдарынан әлеуметтік жоба грантын жеңіп алдық. Тамыз айында тағы бес миллион теңгенің грантын ұтып алғанбыз, – дейді «Свет» корреляциялық орталығының әкімшісі Анна Щебет.

Бұл қаражатқа орталыққа қажетті жабдықтар, жиһаздар және спорттық жарақтар сатып алынған. Бейімделген денешынықтыру залы, сенсорлық кабинет пен ойын бөлмелері толық жабдықталыпты.

Қазір орталықта аутизм, церебральды сал ауруы сынды түрлі диагнозды 20-ға жуық бала бар. Олармен логопед, жаттықтырушы және нейропсихолог жұмыс істейді.

Орталық өкілдері алдағы уақытта үлкен спортзалы және кең сенсорлық бөлмесі бар толыққанды балабақша құруды жоспарлап отырғанын айтады.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button