Қоғам

«Сенім телефондары» тәулік қызмет атқарады

«Сенім телефондары» тәулік қызмет атқарады


Бүгінгі таңда еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінде сыбайлас жемқорлық проблемасы күн тәртібінен түспейтіні анық. Қылмыстың бұл түрі қоғам өмірінің әртүрлі саласында кездесуде. Елбасының биылғы Жолдауында жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес басты назарда екендігі тоғызыншы міндетте нақты көрсетілген.

– Сыбайлас жемқорлық демократиялық қоғамды құлдыратады, мемлекетіміздегі кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіреді, – деді Семей қаласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың бас маманы Саида Торайғырова. – Сыбайлас жемқорлық билікті бүкіл қоғамның қажетіне емес, жекелеген тұлғалалар мен топтардың қажетіне жұмсауға ықпал етеді. Олар лауазымдарын пайдаланып, сый-сияпатқа, атаққа, жеңілдіктерге және тағы басқаларға ие болады. Сыбайлас жемқорлықтың пайда болуының бірнеше себептері болуы мүмкін, олар: бюрократия, қағазбастылық, формализмге негізделген басқару жүйесі. Сондай-ақ азаматтардың өз құқықтарын мүлдем білмеуі немесе нашар білуі де сыбайлас жемқорлықтың өрістеуіне әкеліп соғары анық.

Саида Торайғырованың айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Семей қалалық төтенше жағдайлар басқармасында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, бөлім қызметкерлері арасында сабақтар жүргізіліп, олар сынақтардан өтеді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында күнделікті нұсқамалық сабақтар жүргізіледі. Кәсіпкерлердің қатысуымен әртүрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Семей қалалық ТЖБ «сенім телефондары» тәулік бойына қызмет атқарады. Басқарманың ғимараттарында азаматтарға арналған «пошта жәшіктері» орналастырылған, оған кез келген азамат арыз-шағымдарын салып, хабарласуларына болады.

– Жемқорлыққа қарсы іс-шаралар ұйымдастыру қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері үшін негізгі міндеттердің бірі. Осыған орай ел аумағында абоненттік нөмірі «1402» – «Ішкі істер министрлігінің бірыңғай сенім телефоны» қолданысқа енгізілгендігін тағы да қосымша хабарлаймыз, – деді Семей қалалық ТЖБ бас маманы Айгүл Мирсаитова.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Семей қалалық төтенше жағдайлар басқармасы қоғамдағы түрлі заңбұзушылық әрекеттерді, оның ішінде қылмыстарды есептен жасыру туралы ақпараттарды «сенім телефонына» хабарлауға болатындығын ескертеді. Азаматтардан келіп түскен хабарламаларды қабылдаудың, тіркеудің, есепке алудың және қараудың бірыңғай тәртібі бар.

Сондай-ақ қазіргі уақытта стационарлық телефон арқылы тегін қоңырау жасауға болады. «1402» сенім телефонына әрбір кәсіпкер немесе азамат ТЖ қызметкерлері тарапынан заңды құқығы бұзылған жағдайда да жүгіне алады.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button