Қоғам

Сенім мен қуаныш сыйлады

Үмітхан Нұрғалиев, зейнеткер, Өскемен:

– Жылдағы дәстүрге сай ел Президентінің Жолдауын асыға күтетініміз рас. Биылғы Жолдау да өзіндік ерекшелігімен көңіл қуантты.

Қоғамның сан саласын қамтыған Жолдауда елдің экономикалық дамуынан қазақтың аман-саулығының басы болған төрттүлік азығына дейін егжей-тегжейлі жүйелі жұмыс жүргізілуіне нұсқаулық ұсынылды. Денсаулық сақтау саласының заманауи бетбұрысқа ұмтылуы дені сау ұлтты қалыптастырады. Қазақстанның әлемдегі ковидке қарсы вакцина шығарған санаулы мемлекеттің бірі екені бұл салада да қордаланған мәселелер шешіліп жатқанын білдірді. Міне, осындай игілікті шешімдері – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел ертеңі үшін жасаған реформаларының нәтижесі.

Әркімнің өзіне жақын саласында көтерілетін оң өзгерістер, әрине, қуантары хақ. Мені де елдегі білім саласындағы оң өзгерістер қуантты. Үш ауысымды мектептер тапшылығын жою алдағы жылдардың еншісіне жүктелсе, ұстаздар мәртебесі мен әлеуметтік әл-ауқатының артуы білімді ұрпақтың кепілі екенін білдіреді.

Біз сияқты мемлекет ертеңіне елеңдеп отырған ақсақалдар үшін деннің саулығы, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылық, ұрпағымызға ұсынылып жатқан сапалы білім көңілдегі көп күмәнді сейілтеді. Олай болса, сенім мен қуаныш сыйлаған осы Жолдауды қолдай отырып, мемлекетіміз мәңгілік болсын дегім келеді.

Облыстық көпбейінді онкология және хирургия  орталығының  директоры Анна Кухарева:

-Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің  кез келген тұрғыны үшін маңызды оқиға. Әркім өзі үшін басты бағытты табады. Жолдауда медицина саласына қатысты нақты практикалық істердің бағдарламасы, алдағы уақытқа тапсырмалар көрініс тапқан. Медициналық инфрақұрылымды кешенді жақсартуға, ауыл тұрғындарына сапалы қызметтің қолжетімді болуына  ерекше көңіл бөлгені қуантады. Бүгінде медициналық мекемелері жоқ ауылдарда медициналық, фельдшерлік-акушерлік пункттер салу мен жарақтандыруды жүзеге асыру нәтижесінде  екі жылдан кейін ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен толық қамтамасыз етеміз сенеміз. Білікті кадрлардың жетіспеушілігі де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Үш жыл ішінде резидентурада даярлауға арналған гранттардың жыл сайынғы саны 70% – ға артатыны сөзсіз, кадр мәселелерін шешудің бастамасы болады. Бұл өз кезегінде ұлтымыздың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді.

Түсіпхан ТҮСІПБЕКОВ, «Мәденииет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіп одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы:

– Жалпы халық, ел Президентінің әр жылғы Жолдауынан жақсы өзгерістер, жағымды жаңалықтар күтетіні белгілі. Биылғы Жолдаудағы мына бір мәселені атап айтқым келеді.  Биылғы Балалар жылында «Балалар қорын» құрып, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қордың» инвестициялық кірісінің 50 пайызы мөлшерінде әр баланың есеп шотына 18 жасқа толғанға дейін ақша аударылатыны – ел күтпеген керемет жаңалық деп қабылдадым. Балаға салынған қаржы – болашаққа салынған инвестиция. Мұны сезінген әр баланың Отанына, еліне, жеріне, ұлтына адал қызмет ететініне еш күмән болмауы тиіс. «Ұлым дейтін елің болмаса, елім дейтін ұл қайдан тусын?». Халық үшін мемлекеттің тапқан табысынан пайда көретін сәттің туғаны көңілге қуаныш ұялатады. Тек, арты сиырқұймышақтанып кетпесе жарады.

Жолдаудағы айтылған көптеген реформалар ел көңілінен шықты деп ойлаймын. Айталық, жер туралы, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі, автокөліктерге жиналатын утильсбор, ең төменгі жалақы туралы, ауылды жерлерге салынуы тиіс медпункттер, біраз жыл бұрын басталып, осы күнге дейін аяқсыз қалған жол мәселесі – мұның барлығы сіз бен біздің, яғни, көпшіліктің көңілінде жүрген, жүргенде, шешімін таппай жүрген күн тәртібіндегі мәселелер. Осының барлығына ел Президенті назар аударып, тиісті министрліктерге тапсырма беріп жатса, халыққа бұдан артық не керек?

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button