Қоғам

Сенбілікке блогерлер де қатысты

Сенбілікке блогерлер де қатысты

Жер-жерлердегі дәстүрлі сенбілік жалғасын табуда. Өскемендіктер де құрал-саймандарын алып, тазалық жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті. Сенбі күні блогерлер, мешіт жамағаттары, білім саласының мамандары өздеріне белгіленген жерлерді қоқыстан тазартты.
Қар кетіп, жер кепкеннен кейін-ақ, сенбіліктер ұйымдастырыла бастады. Нәтижесінде аулалар, көшелер, қоғамдық орындар мұнтаздай тазартылды. Ерікті түрде фейсбугтағы достар, блогерлер бірлесіп, екі-үш сағаттың ішінде Комсомол аралындағы футбол алаңының маңын сыпырып, тап-тұйнақтай етті.
– Фейсбугтағы топтармен бірге сенбілікке бірінші рет шығып тұрмын. Блогер Ринат Халиковтың ұсынысымен бәріміз бірге игі іс тындырайық деген оймен өзіміз белгіленген жерді қоқыстан тазарттық. Уақытымызды бөліп, қаланың тазалығына, гүлденуіне аз да болса өз үлесімізді қосып жатырмыз. Оның үстіне өзіміздің балаларымызбен серуендейтін жер, – дейді «Үркер Восток» ЖШС-нің директоры Сәния Әбдікәрімова.
Сенбілікте жүргендердің кейбіреуі халықтың тазалыққа бейжай қарайтындықтарын айтып қалды. Олардың сөзінше, ішіндегісін ішіп, бөтелкесін бұта-қарағанның арасына лақтырады. Ал көктемгі сенбілікте бұрыш-бұрыштағы қоқыстарды, бөтелкелерді теріп алу үлкен әуре екен. Сенбілікте жүргендерге күрек-тырмаларды «Өскемен тәртіп» КМК қызметкерлері алып келді. Жиналған қоқысты трактордың тіркемесіне тиеді.
Дәл осындай сенбілік Орталық үлкен мешіттің маңында да қызу жүріп жатты. Намазхан ағайындар мешіттің айналасын сыпырып, айнадай етіп қойды. Атшаптырым болмаса да, аумағы едәуір аумақты алып жатқан жердегі сенбілік таңертеңнен түс ауғанша жүрді. Сонымен қатар, №45 мектептің айналасында ұстаздар мен оқушылар өз территорияларын сыпырды. Мұғалімдердің айтуынша, мұндай сенбілік жылда өтеді.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button