Қоғам

Сен неткен бақытты едің, Үржар елі!

Сен неткен бақытты едің, Үржар елі!


Ұшы-қиырсыз ұлы даламыздың оңтүстік – шығысын ала орналасқан аса ірі елді мекендердің бірі – Үржар ауданы. Бүгінгі таңда сексен мыңға жуық халқы бар, қазақы қаймағы бұзылмаған бұл өңірді осыдан екі мың жыл бұрын Ұлы Жібек жолы басып өткен көрінеді. Содан болса керек, қыс барсаң да, жаз барсаң да, Үржардың базары қазандай қайнап жатады.

Әсіресе орталық көшелерінің бойындағы сапырылысқан халықтың санында есеп жоқ. Үржар өңірінің өзге дүниелерін айтпағанда, дәмі татқан адамның тілін үйіретін алқызыл алмалары қандай! Жұрттың «Алматының апорты» деп тамсана айтып жүретін алма сортының түп тамыры осы бір қасиетті де құнарлы Үржар топырағынан екендігін біреу білсе, енді біреулер білмейтін де болар.

Ер Қабанбай ауылы – Алакөлдің айнасы

Ақжал толқынды дарияның жағасын жайлаған ел биылғы ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығын ерекше қарсы алған жайы бар. Ауданның аудан боп іргетасын қалағанына 90 жыл толыпты. Үржарлық атқамінер азаматтар осынау айтулы мерекені Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қараша айында жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты тағылымдық туындысымен ұштастыра отырып, дүбірлі тойларын «Ұлы даланың үкілі Үржары» деп атаған екен.
Бізді таңғалдырғаны – Ұлы той аудан орталығы Үржарда емес, сонау көл жағасындағы (арасы шамамен 130 шақырым) бұрынғы Жарбұлақ, бүгінгі Қабанбай баһадүрдің атындағы ауылда өтті. Кейін естіп-білгеніміздей, оның да өзіндік сыры бар екен. Сол күнгі өткізілген салтанатты да ауқымды шараның ең бастысы әрі маңыздысы бүткіл саналы ғұмырын ат үстінде өткізіп, «Ұлы даламыздың ұлтарақтай жерін қас дұшпандарға бермеймін!» деп қасық қаны қалғанша анталаған жаумен арпалысып өткен Қабанбай бабамыздың рухына арнап берілген асы болды.

Сен неткен бақытты едің, Үржар елі!

Белгіленген уақыттан бір сағат бұрын жиналып алып, мәдениет үйін аузы-мұрнынан шығара толтырған халықтың дәл сол күні қабағы жадырап, еңсесі тіктеліп қалғандай көрінді. Бір-бірімен төс қағыстыра сәлемдесіп, дауыстары жарқын-жарқын естіліп жатты. Өмірдің ыстығы мен суығына төзе жүріп, осы елдің жан-жақты дамуына өлшеусіз үлес қосқан, омыраулары орден-медальдарға толы аға буын ақсақалдардың құрметке бөленіп, төрден орын алғандарының өзі қандай жарасымды! Көрген көздің жауын аларлықтай түрлі-түсті ұлттық киім киген жергілікті қыз-жігіттердің мерекеге келген меймандарды күмбірлеген күй мен асқақтаған әннің аясында иіліп қарсы алып жатқанының өзі досыңды сүйіндіріп, қасыңды күйіндіретіндей-ақ көрініс еді.
Мәдениет үйі демекші, Қабанбай ауылының қақ ортасына орналасқан көзтартарлық бұл ғимарат жергілікті азаматтардың айтуына қарағанда, бір кездері итке керексіз болып, қараусыз қалған көрінеді. «Есік-терезелері үңірейіп, төбесінен су сорғалап, айналасы малдың жапасы мен күл-қоқыстан көз ашпай қаңырап тұратын», дейді.

Сен неткен бақытты едің, Үржар елі!

Іссапармен арлы-берлі өтіп жүріп, осы бір кетеуі кеткен ғимаратқа көзі түскен аудан әкімі Серік Зайнулдин бір күні орынбасарларын жиып: – Жігіттер, Қабанбай ауылы Алакөлдің айнасы іспетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті алыс-жақын шет елдерден демалуға келетіндердің көз алдында тұрған бірден-бір елді мекен. Мына ғимараттың көзге шыққан сүйелдей болып бұлай тұра беруіне жол бермеуіміз керек! – депті де, сол жерде тиісті адамдарға нақты тапсырма беріп, осы жылдың көктемінде шұғыл іске кіріскен көрінеді. Біз ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарын кімдердің жүргізгендігін және оған қанша қаражат жұмсалғандығын жіпке тізгендей етіп тәптіштеуді артық санадық. Ең бастысы, іші-сырты көрген адамның көзін арбайтындай замана талабына сай екі қабатты әсем ғимарат осы мерейлі той күні ел игілігіне ұсынылды. Ал мМдениет үйінің салтанатты ашылуы облыс басшыларының қатысуымен алдағы уақытқа белгіленіпті.

Ғимараттың кіреберісінде, сондай-ақ ішіндегі әжетханасына да мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолайлы жағдайлар қарастырылған. Астыңғы қабатындағы ауқымды дәліз мұражайға арналған екен. Онда Алакөлге келген туристерге Үржар өңірінің этнографиясын, географиясы мен биографиясынан, тарихы мен табиғатындағы аң-құстарына дейін нақты мәлімет беретін экспонаттар қойылған.

«Осынау су жаңа Мәдениет үйінің басшысы кім болды екен?» дейсіздер ғой. Аудан басшысы оны да әріден ойластырып барып шешім қабылдапты. Мәдениет үйінің басшылығына бір ғана Үржар емес, облыс, тіпті республика жұртшылығына кеңінен танымал, арқалы ақын, білікті ұстаз, әнші-термеші, сегіз қырлы өнерпаз азамат Айжарық Абылқасымовтың кандидатурасы таңдалыпты.

Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер…

Сонымен жиналған жұрт тағатсыздана күткен мерекенің шымылдығы да ашылды. «Ел ағасыз, тон жағасыз болмас» дегендей, мінберге көтерілген аудан әкімі Серік Зинабекұлы Үржар ауданының арғы-бергі тарихынан бастап сөз қозғап, аудан экономикасы мен мәдениетінің, спортшыларының тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктеріне, өзінің осы ауданға басшы болып келген алты жылда нендей істердің атқарылып, болашаққа қандай жоспарларының бар екендігіне дейін жіліктеп тұрып баяндама жасады.

Кезек мерекелік марапатқа да келіп жеткен. Бұл жерде Серік Зинабекұлы өзге әріптестерінен тағы да ерекшеленді десек болады. Жасырып-жабары жоқ, талай елдің дүбірлі тойларына куә боп жүрміз ғой. Ондағы ел ағалары марапаттауды сол елден шыққан, бұл күндері Алматыда, Астанада тұрып жатқан мүйізі қарағайдай ақын-жазушылардан, Парламент төрінде отырған жерлес депутаттар мен атағынан онсыз да ат үркетін спортшы, жұлдызға айналған әншілерден бастайтын. Соларға ат мінгізіп, шапан кигізіп, қайта-қайта солармен суретке түсіп, кете-кеткенше солардың қас-қабағын бағып, қажет жерінде солардың алдарына түсіп алып құрдай жорғалап кететін. Оны былайғы жұрт та байқайтын, байқайтын да, амал жоқ, бастарын шайқайтын…

Сен неткен бақытты едің, Үржар елі!

Осыған дейін қытымыр қысы алты айға созылып жатып алатын, табиғаты тым қатал Катонқарағай ауданы мен өзінің туып-өскен ауданы Зайсанды абыроймен басқарып келген Секең ондай жасанды әртістікке де, пендешілікке де бармады. Тіпті сырттан арнайы шақырылған, атақ-даңқы жер жарған қайраткерлерді де көрмедік. Күллі марапат, «Үржар ауданының құрметті азаматынан» бастап, «Ауданның 90 жылдығы» мерейтой төсбелгісін де, облыс басшысы Даниал Ахметов пен аудан әкімінің «Алғыс хаттарын» да сол елде туып, сол жерде тұрып, таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек етіп, ауданның экономикалық дамуына, мәдени-әдеби өркендеуіне, спортының жылдан-жылға табысты болуына жатпай-тұрмай еңбек сіңіріп жүрген ел адамдарына таратты. Олардың қатарында ауданның абыройлы ақсақал, қарасақалдары, әйгілі атбегі, құсбегілер, боз кілемнің шаңын қаққан палуандар мен озат сауыншы, механизаторлар, мәдениет пен медицина, білім саласының білікті мамандары, жергілікті өнерпаздар мен қарапайым еңбек адамдары бар. Мұндайда біздің қазақ «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» демейтін бе еді…

Сен неткен бақытты едің, Үржар елі!

Дәл сол сахна төрінде Қабанбай ауылының әкімі Тимур Бозекеновке қызметтік «Нива» автокөлігінің және аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері Айгүл Шүкеноваға пәтердің кілті табыс етілді. Бұл соңғы алты жылда мәдениет саласының қызметкерлеріне табысталып тұрған 17-ші пәтердің кілті екен.
Есесіне, сахнада өнер көрсеткен үржарлық өнерпаздар да аянып қалған жоқ. Жас ерекшеліктеріне қарамастан, мерекеге келген халыққа күні бойы өз өнерлерін тарту етті. Мерекелік гала-концерттерін де берді, жерлес қаламгер Қажығалым Мұқановтың «Қаракерей Қабанбай» пьесасын да қойды. Назар аударған адамға сахнаның әсем безендірілуі, өнерпаздардың киген сахналық киімдері, пайдаланған музыкалық аспаптары мен заманауи дыбыс ұлғайтқыш аппаратураның барлығы да иненің көзінен өткендей жап-жаңа.

Бұл – өнерге көңіл бөлетін, өнер адамдарын бағалай білетін, ұлтымыздың құндылықтарын, мәдениеті мен әдебиетін қастерлей білетін білікті басшының ғана қолынан келетін шаруа. Өкінішке қарай, ондай басшылар өңірімізде тым аз. Өнер адамын бағалай білу дегеннен шығады. Аудан әкімі С.Зайнулдин осыдан бір апта бұрын ғана Айжарық Абылқасымовты жаңадан ашылған Қабанбай ауылдық мәдениет үйінің директоры етіп тағайындап қана қоймай, оған дейін тағдыры талайлы ақынға қамқорлық қолын созып, жергілікті кәсіпкер азаматтардың қолдауымен бағасы төрт млн. теңге тұратын үй салғызып берген көрінеді. Оны әңгіме арасында ақын досымның өзі айтып қалды.

Вырезка:

Сен неткен бақытты едің, Үржар елі!

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының ел назарына ұсынған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – зерделей білген адамға үлкен ой саларлық дүние. Онда қазақ халқының ықылым замандардан бері бабадан балаға мұра боп келе жатқан ұлттық құндылықтарын өз дәрежесінде бағалау, бүгінгі жетістіктермен салыстыра отырып, сол баға жетпес жауһарларымыз арқылы болашақ ұрпақты ұлтжандылыққа, намысты, білімді болып өсіп-жетілуге тәрбиелеу бағдарламасы көрсетілген. Ал енді атақ-даңқы мұқым шет елдерге жетіп жатқан суы шипалы Алакөлдің айналасын абаттандырып, ажарландыру, бүгінгі заман талабына сай етіп көріктендіру мәселесінде облыс басшысы Даниал Кенжетайұлына деген ел алғысы шексіз. Әрине, мұның барлығы қыруар қаражаттың күшімен шешілетіндігін білеміз. Десек дағы қажетті қаражатты дер кезінде бөлдіріп, атқарылып жатқан жұмыстарды жіті назарына алуының өзі елге, жерге деген құрметі деп білеміз. Ол кісінің жүктеген тапсырмаларын аудан әкімі Серік Зинабекұлы және оның қарамағындағы атқамінер азаматтар асыра орындады десем, артық айтқандық бола қоймас, – дейді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айжарық Абылқасымов (суретте).

Сен неткен бақытты едің, Үржар елі!

Ырысы байтақ елдің төгілмесін…

Ауданның 90 жылдық мерекесі құрметіне арнап «Туған жер» тақырыбына жергілікті ақындар мен композиторлар арасында бәйге де жарияланған екен. Сайыс болғасын жеңімпазсыз болмасы да белгілі. Ұзын саны 16 ақын қатысқан жыр мүшәйрасында Айжарық Әбілқасымов пен Ерболат Күнболатұлы бірінші орынға ие болса, астаналық Дәулеткерей Кәпұлы, Амантай Оспанов, Бекенбай Аққалақов, Аманғали Жетпісов екінші, үшінші орындарды бөлісті. Ал «Үржарым – үкілі ән-жырым» атты ән бәйгесінде Қанат Сәтмұхамбетов пен Бекенбай Аққалақовтың «Үржарым – Аманат» әні бас жүлдеге ие болды.
Қазақтың қас батыры Қабанбай бабамызға арналған асқа жиналған жұрттың есебінде де шек болмады. Шамамен, бес жүз орындық дастарқанға сыймағандар көрші ғимараттан барып дәм ауыз тиді.

Заманында осы ауданның гүлденуіне, өркендеп-өсуіне аянбай еңбек еткен, бұл күндері ауылдың абыройлы ақсақалдары асқа қатысқан жұртшылыққа аталы сөздерін жолдап, ақ баталарын беріп жатты. Аудан тойына арнайы шақырылған меймандар арасынан сөз алған арқалы ақын, қара сөздің ділмары Әлібек Қаңтарбаев пен ардагер журналист Оңдасын Елубай да мерейтойдың жоғары деңгейде өткендігіне, елдің жеткен жетістігі мен бірлігіне өз ризашылықтарын білдірді.

Әсілі, «Сырт көз – сыншы» дегенді атам қазақ біліп айтқан. Үржарда болған екі күнде жергілікті халықтың аудан басшысы Серік Зинабекұлының атына айтқан алғыс-тілектерінің шексіз әрі шынайы екендігіне көзіміз жетті.

Сен неткен бақытты едің, Үржар елі!

Той басталардан бұрын сол елдегі жырқұмар қауым тарапынан: «Елімізге келіп қалған мейман ақын тойымызға бірер шумақ арнау айтпас па екен?» деген өтініш айтқан көрінеді. Содан көптің тілеген қабыл алып, сахнадан үржарлықтарды дүбірлі мерекелерімен құттықтай келе, сөзімді:

– Шалқардай шалып түсер палуаның бар,
Топ жарған Тәттімбеттей тарланың бар.
Ақын да, әнші-жыршы – бәрі өзіңде,
Үржарым, айтшы қандай арманың бар?!

Іргеде дертке дауа айдын көлі,
Ұлдары шеттерінен сал мен сері.
Серіктей семсер мінез әкімің бар.
Сен неткен бақытты едің, Үржар елі!

Секеңнің көңілі бар аңқылдаған,
Мінезі жай отындай жарқылдаған.
Сауырдың сақиналы ақ сұңқары,
Қарғамен қатар қонбас қарқылдаған…

Үржарым, көңілімнің төріндесің,
Бірлігің балталаса сөгілмесін.
Қылышың қас дұшпанға қайраулы боп,
Ырысың, байтақ елім, төгілмесін! – деп түйіндеген едім.

Шыны керек, осыған дейін Үржар жерінде ары-бері өткенде болмаса, көп аялдайтын мүмкіндік болмаған екен. Бұл жолы бірқатар азаматтармен жақынырақ танысып, халқымен де біраз тілдесудің сәті түскен. Сонда байқағаным, Үржар – бірлігі мен берекесі, ырысы мен ынтымағы жарасқан, қазақы қалыбын сақтап қалған жер екен. Ылайым, солай бола берсін.

Сен неткен бақытты едің, Үржар елі!

Иә, Жабайыл Бейсенов, Дәулеткерей Кәпұлы, Айжарық Абылқасымов сынды ай маңдайлы ақындары бар, боз кілемнің шаңын қаққан Шалқар Жоламанов, Әсет Иманбаев, Дархан Баяхметов, Алмат Кебісбаев сынды біртуар палуандары бар, Тәттімбеттей топ жарған атбегі, құсбегі азаматы, сондай-ақ жүрген жерін іскерлігімен көркейте, гүлдендіре білетін Серік Зайнулдиндей әкімі бар Үржары елі, шынымен де, бақытты…
Бірлігің сөгілмесін, ырысың төгілмесін, Үржар елі!

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button