Қоғам

Семинар-кеңес өтті

Өскеменде республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу мәселелері жөнінде семинар-кеңес өтті.

Аталған іс-шараға учаскелік референдум комиссияларының төрағалары мен хатшылары, аумақтық референдум комиссияларының мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың, саяси партиялардың, әділет органдарының, прокуратураның, құқық қорғау органдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Семинар-кеңесте Орталық референдум комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова республикалық референдумның  өзектілігіне, ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Сонымен қатар бүгінгі таңда ел өміріндегі ауқымды іс-шараға барлық жағдай жасалынып жатқанын жеткізіп, конституциялық өзгерістерге арналған республикалық референдумға 12 миллионға жуық адам қатыса алады деп атап өтті.

– Референдумды ұйымдастыру мен өткізу науқаны жаңа кезеңге аяқ басты. Учаскелік референдум комиссиялары жұмысқа толығымен кірісті. Барлығы 10 013 референдум учаскесі іске қосылады. Сондай-ақ орталық сайлау комиссиясы республикалық референдумда дауыс беруге арналған бюллетеньдердің санын бекітті. 20 мамырдан бастап кез келген адам тұрғылықты жері бойынша тізімде өз атын тексеруге мүмкіндік алды. Ал қандай да бір өзгеріс енгіземін десе, учаскелік референдум комиссиясына өтініш жазуға мүмкіндік бар. Ондай өтініштер сол күні бірден қаралады, – деді Орталық референдум комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова.

Облыс бойынша 1027 референдум учаскесі іске қосылатын болады. Оның 68-і әскери бөлімдерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерінде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында орналасқан. Ал жекелеген азаматтар денсаулық жағдайына, отбасының науқас мүшесіне күтім жасауына байланысты дауыс беру үшін келе алмаған жағдайда, осыған дейінгі сайлау тәжірибесін ескере отырып, жылжымалы сайлау учаскесі енгізілетін болады. Сондай-ақ бүгінде өңірдегі референдум учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандардың келіп қатысуына барлық жағдай жасалып, 5 маусым күні инватакси қызметіне жүгіне алады. Референдумға қатысты ақпараттық жұмыстар кең көлемде жүргізіліп, 374 мың дана облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттері шығарылып, халыққа таратылғанын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев атап көрсетті.

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

Осы айдарда

Back to top button